ЕЛБАСЫ ҰШАҒЫНДАҒЫ БІР СӘТ...

Сол азғантай уақытта ұшақ төменге 300 метрдей құлапты...

NN ushagy Бүгін тұңғыш Президент күні ғой. Содан Елбасыға қатысты мына бір оқиға есіме түсіп отыр. 1998 жылғы 14-маусым. Президентпен бірге Анкараға ұшатын болдық. Осының алдында төрт күн бұрын 10-маусымда Астананың алғашқы тұсаукесері өткен. Мерекелік көңіл күйдеміз. Тұсаукесер салтанатқа Сүлеймен Демирел де келген. Бекітілген кестеге сәйкес іле-шала біздің Президентіміздің Түркияға ресми сапары жоспарланыпты. «Боинг-747» әуеге көтерілді. Елбасы өз блогынан шығып әдетінше салондағы делегация мүшелерімен қол беріп амандасты. Ол кезде «Қазақстан-1» телеарнасының «Ақшам» ақпарат бағдарламасын басқарамын. «Сапар сәтті болсын!» деді. Бірге шыққан Мейрамбек Төлепберген, Бибігүл Жексембай, Енес Жансевер, т.б. журналист әріптестер ілтипат көрсетіп жатырмыз. Ұшақ Солтүстік Кавказды айналып Қара теңіздің үстімен ұшып келеді. Қонуға 30-40 минуттай қалған. Ойда-жоқта турбулентті зонаға тап келдік. Ұшақ қалшылдап кетті де кенет біреу тастап жібергендей көлбеу қалпы құлдырай жөнелді. Сол жақ қатарда отыр едім, көзім иллюминатордан құс қанаты тәрізді сермелген ұшақ қанатына түсті. Тура қазір опырылып түсетіндей. Ұшақ төмен құлдырағанда алдыңдағы заттар жоғары ұшады екен. Бейғам отырған жұрттың есі кетті. «Аллалап» жатырмыз. Біткен жеріміз осы шығар деп ойлап та үлгермедік. Құлдырау 15-20 секундтай болған шығар. Бізге таусылмайтын ғасырдай көрінді. Сол азғантай уақытта ұшақ төменге 300 метрдей құлапты. «Боингтің» командирі ағылшын тілді ұшқыш болатын. Мықты екен. Ұшақты штопорға түсірмей, әупірімдеп жатып өз қалпына келтірді. «Аллаға шүкір! Құдай бір сақтады!» деп жатырмыз. Бізден сәл ілгері оң жақта отырған Қасым-жомарт Тоқаев талып қалыпты. Қасына екі-үш адам үймелесе қалды. Жақын отырғандардың айтуынша Президенттің жеке дәрігері дипломаттың жүрегіне жейдесінің сыртынан укол салып аман алып қалды. Іле-шала өз бөлігінен Нұрсұлтан Әбішұлы шықты. Өңі сұп-сұр. Тек ол емес бәріміздің бойымызда стресс. Бірақ өзін соншалықты сабырлы ұстағанына таң қалдым. Қолымен белгі беріп іс басқарушы Ни деген кәріс болатын, соны өзіне шақырып әкетті. Көп ұзамай қондық! Анкара әуежайында керемет салтанат ұйымдастырылыпты. Түркияда әскери институтта оқитын формалы қазақ жастары сап түзеп тұр. Үрлемелі аспаптар оркестрі жер жаңғырықтырады. Сүлейман Демирел құттықтап сөйлеп жатыр. Нұрекең де өте қысқа жауап лебізін білдірді. Демирельдің құлағына бірдеме деп сыбырлап еді, салтанаттың бәрі дереу тоқтатылды. Екі президент тікұшақпен резиденцияға кетті де, біз күтіп тұрған көліктермен «Шератон» отеліне тарттық. Кейінгі кездесулер, келіссөздер кезінде Президент ешқандай сыр білдірмеді. «Елбасы болу да оңай емес екен-ау» деп ойладым. Үнемі әуеде, үнемі қауіп. Өз басыма турбулентті аймақтағы стресс қатты әсер етті, шынын айтсам үш күн бойы ас батпай жүрді. Ал бүгінгі мерекелеріңізбен! Марат Тоқашбай, Фейсбук парақшасынан.