АСТАНАҢ ОҢЫП ТҰРҒАН ЖОҚ

«Әр жердің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші (қазақ мақалын аздап өзгерткенім үшін ағайындар айып етпес деп үміттенемін), қызмет жайымен Алматыдан Астанаға ауысқаныма биыл үшінші жыл болса да, өз басым әлі үйрене алмай жүрмін. Кім біледі, «Кәрі орыс мұсылман болмайды» дегендей, әлде шынымен қартая бастадық па?!

«Біреу тойып, біреу тоңып секіреді», жұрт жете алмай жүр, ал сіз болсаңыз... дерсіз!.. 

Иә, неге? Ендеше тыңдаңыз!..  

Біріншіден – бұл жердің халқы бір түрлі, ал Астанаңыз үлкен «базар-вокзал» сияқты. Егер барар жеріңізге қалай жетеріңізді білмей, көшеде біреуден жөн сұрай қалсаңыз (Жиі жол сұрауға тура келеді, себебін сосын айтамын),он адамның тоғызы не білмеймін дейді, не меңіреу адамдай мелшиіп тұра береді. Сосын амал жоқ, «Бұл да өзімдей жаңадан келген біреу шығар» деп ойлайсың... «Не адами мейір-шапағат пен мінез-құлықтан мақұрым қалған біреу!..».  

Бұны бір деңіз!.. Ал енді неге жол таппай, жиі адасатыныңызды айтайын. Мұндағы бағдарлық көліктер (автобусты айтамын) көрініп тұрған жерге меңдуана жеген малдай, жүз айналып зорға жеткізеді. Ал аялдамалар атауын қалай белгілеп, қалай жүйелегеніне тіпті таңым бар. Айталық, сіз Қабанбай көшесімен келе жатырсыз және оған біраз уақыт болған, алдыңыздағы аялдама «Қабанбай көшесі» деп аталады.  

Тағы бір таң қалатыным – аялдамалардың көбі ғимараттың, сауда үйінің, банктің, дүкеннің, базардың т.б. атымен аталады. Және осындай атаулар жиі кездеседі, қайталау көп. Жаңа келген сіз түгіл, осы қалада туып-өскен байырғы тұрғындардың өзі барар бағытын зорға ажыратады. Түсінемін, қала күн санап өсіп келе жатыр... Дегенмен, тәртіп болу керек қой?! Дүкендер мен банктердің, ғимараттар мен сауда үйлерінің атауы сан рет өзгеруі мүмкін, сондықтан ең дұрысы – көше атымен атау (қиылысқан).  

Көше атына байланысты тағы бір түсініксіз жайт – жүріп келе жатқан көшеңіз келесі бұр бұрылыстан кейін, күтпеген жерден басқаша аталады. Бір көше – екі түрлі ат. Бұл не, көше санын қолдан көбейту ме? Әлде ешкімнің көңілі қалмасын деген ниет пе?! Қызық!.. 

Екінші бір ерекше тоқталатын мәселе – жол азабы. «Жол азабы – көр азабы» дейді. Оның үстіне дәл қазіргідей қалт-құлт етіп, шықпа жаным шықпа деп зорға күн көріп жүрген дағдарыс кезеңінде.

Жасыратын не бар, жоғарыдағыларды білмеймін, қарапайым халықтың жәй-күйі – тап осындай! Тым болмаса істеп жүрген жұмысымнан айырылып қалмайын деп, таң атпай жын қуған адамдай жаныға бастайсың. Себебі, жету қиын. Әдейі ме, әлде басқа шаруасы жоқ па тура сол әр минут алтыннан қымбат қарбалас шақта ала таяқ ұстаған МАИ қызметкерлері құмырсқадай қаптайды. Бағдаршам жайына қалады. Бар билік солардың қолында.

Жаныққан көлік, жұқарған жүйке, тосылған жол, қосылған дабыл – азан-қазан айқай-шу құлақ тұндырады. Жұма күні Қонаев көшесіндегі «Қазақстан темір жолы» аялдамасынан 12-ші автобусқа отырып, Тұран даңғылымен Кенесары көшесіне жеткенше қанша уақыт кетер екен деп есептеп отырдым. Жүргенімізден тұрғанымыз көп болды. Ал бағдаршам іске қосылған кезде, қозғалыс қайтадан жандана бастады.

Рас, мұндай жағдай Алматыда да болатын... Бірақ дәл осындай тұрақты емес және ылғи жұмыс күндері.

Көңілге кірбің ұялатып, көндіге алмай жүрген тағы бір жәйт – жастар мәселесі. Әсіресе, жастар мәдениеті. Өз басым қазірге дейін қасымда үлкен адам түрегеп тұрса, байыз тауып отыра алмаймын. Тұрып, орын бергім келіп тұрады. Ал біздің бүгінгі жастар – міз бақпайды. Тәуелсіздікке ие болған 25 жылда жеткен жетістігіміз – осы!..

Келесі әңгіме – қара қазақтың қол жетпес арманына айналған баспана жайы. Несін жасырайын, жер ортасынан асқанда «желігіп» астаналық болайын деген ештеңем жоқ еді. Өзімнің де, балаларымның да жұмысы осында ауысып, көшу қажет болған соң «Ақыры, Алматыда да үй жалдап жүрмін ғой, «Үмітсіз – сайтан», көшірген өздері, көмектесер... Тым болмаса, ертелі-кеш арендалық баспана болса да бірдеңеге қолымыз жетер» деген үмітпен келіп ем!.. Одан бері қанша су ақты! Қаншама дүние өзгерді. Көшіп келген журналистер жайы бір-екі рет сөз болды да, сол күйі аяқсыз қалды.

Бұның бәрін не үшін жазып отыр дерсіз? Қызығы алда...

Астанаға келген үш жылда үш пәтер ауыстырдым. Қожайындардың еркімен. Пәтерақы бағасы 130 мыңнан басталып, соңы 170-ке жетті. Оған тағы коммуналдық қызметті қосыңыз. Айтпағым ол емес, қазіргідей қымбатшылық кезеңде бұл тіпті сөз етуге тұрмайды.

Үш пәтердің үшеуі де сол жағалаудағы Сауран көшесінде орналасқан, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып, мемлекеттік қызметкерлерге берілген үйлер. Бірақ бәрі жалға өткізеді.

Қайран қалатыным – баспанаға зәру болса, неге өздері тұрмайды?! Және бір ғажабы – байқағаным, мұндай пәтерлер өте көп.

Қайбір жылы үлескерлер үйіне қатысты айқай-шу шыққанда ашаршылық жариялап, өлмей үйімді ешкімге бермеймін деп есік алдына көлденең жатып алған құндыз ішікті қазақ кемпірдің кейін бір үйден он екі пәтер алмақшы болғанын естіп, жағамды ұстап ем!.. Қасындағы серігі үсікке шалынса, қасқыр ішікті жолаушы күнәсін көтереді деуші еді. Сондай-ақ, мұсылмандық дәстүрде де, өсімқорлық үлкен күнә саналады.

Ал бізде бәрі – керісінше!..

Енді, соңғы себеп!.. Өкінішке қарай, бір қарағанда Астана қазақи қала сияқты көрінгенмен, шын мәнінде бәрі – мүлде басқаша. Әуелде айттық, онның тоғызы тіл қатпайды деп. Соның дені – үміті үзіліп, жігері жасыған, сенімі сөніп, тауы шағылған «жолаушы» қазақтар. Өз елінде өзі қонақ. Үйсіз-күйсіз жүргендер де, айлықтан-айлыққа әзер жетіп тырысып жүргендер де, қара суықта құрылыста бүрісіп жүргендер де, базар жағалап босып жүргендер де, қар күреп, қоқыс тасып жосып жүргендер де – түгел қазақтар. Тойыс, өзіміз! Еңсесі – төмен, рухы – пәс. Жанында жалын, көзінде от жоқ. Бар мен жоқтың, аш пен тоқтың, бай мен көптің арасы – жер мен көктей. Жоғының ойлайтыны – амандық, тоғының ойлайтыны – жамандық. Сосын қайдан сенім болсын? Бұдан өткен қорлық бола ма?!

Айтпақшы, ұмытып барады екем!.. Еске түскенде айта кетейін. Тағы бір қызықты ерекшелік құрылыс саласына қатысты. Қалада дренаж жүйесі, су ағар арықтар мен жиектер жоққа тән. Ал жауын-шашын Алматыдағыдан артық болмаса, кем емес. Сәл жаңбыр тамса – көше біткен топан-су. Аяқ басар жер таппай ақсақ тауықтай секеңдеп жүресің. Жаяу жүретін жұрт бар деп ойламаған секілді, не оларды мүлде санатқа қоспаған!..

Жарайды, жіпті қылға тізіп, жоқты-барды термелеп езе берген ешкімге абырой әпермейді. «Кең болсаң – кем болмайсың»...

Бәлкім, «Зорлап ұстап отырған ешкім жоқ қой, ұнамаса неге кетпейсің?» дерсіз?..

Кете алмаймын. Енді кеш!.. Иә, сосын қайда барамын?! Жер – менікі, ел – менікі. «Тал да бір жерде көгереді». Не болса да көппен бірге көремін. Тойыс, елмен!..

Ана жағы – Ақ Орда, мына жағы – Хан шатыр,

Ортасында созылып Нұрлы сара жол жатыр!..

Білгің келсе еліңнің бар тірлігін шешетін –

Бас қалаңыз сол, батыр!..

Оң жағында – Үкімет, сол жағында «Қазмұнай»,

Осында кеп жайғасқан ел ұстаған бәр құдай!..

...Сені көріп таң қалдым, жел айдаған қаңбақтай –

Қайдан келдің, сорлым-ай?!

Қоқыс теріп, қар күреп қор болдың-ау есіл ер!..

Бір пенде жоқ бүгінде «Құдай-ау, бұл несі?» дер...

Тәңірі өзі жар болсын, жетімек те жетілер –

Арман еткен қазақтың Астанасы осы жер!..

Бар мен жоқтың бұл жерде бәсекесі, бәсі бір!..

Шындықты ашып айтпаса құр мақтанның несі жыр?!

Зорлық пенен қорлықты бір қауызға сыйғызған –

Елордаңыз осы дүр!..

Ащы айтсақ айып етпессіз!.. «Дос жылатып айтады...» Мақтағыштар менсіз де аз емес, біздікі тек – дұрыс болса деген тілек!..

Тұрмағанбет Кенжебаев – ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі.

Аbai.kz