Генарал Карбышев қазақстандық па?

Карбышев-1 Павлодар қаласының әкімі Болат Бақауов мырзаның назарына Керекудің зиялы қауымы  тарих ғылымдары кандидаты М.С. Тереник  ханымның  материалдарына  құрметпен қарауы неғайбіл  десек, сірә, артық айтқандық емес. Өйткені оның жарияланымдарында отаншыл, мемлекетшіл азаматтардың ұстанымына кереғар  ойлар ұшырасып тұрады. Осы орайда  Мария Серафимовна туралы бұрынырақ айтқан ойларымның кейбіріне қайта оралуға  тура келеді (http://ult.kz/?p=3806).  Біздің жерлес зейнеткер  тарихшы М.С. Тереник ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен орта ғасырлардағы Қазақстан тарихының шынайылығына  күмән келтіре  отырып, патшалы Ресей империясының қазақ жеріне жасаған басқыншылық жорықтарын жоққа шығаруға, патшазада Павел Романовтың (1860-1919) жағымды тарихи бейнесін жасауға тырысты. Патшалық-кеңестік кезеңнен қалған ғимараттар мен ескерткіштерді, символикаларды, атауларды әбден тозығы жеткеніне, саяси-идеялық мән-мағынасының ескіргеніне қарамастан барынша қорғаштап, ғаламның ғажайып құрылыстарына жетеқабыл құндылықтар тәрізді дәріптеді! Керісінше, егемендік кезеңіндегі сәулет өнерінің туындыларын мейлінше сынады! Кеңестік кезеңде Павлодар комсомолы тарихы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған Мария Серафимовна   орта ғасырларда Ертістің Кереку өңірін қазақтардың байырғы ата-бабалары – түркілер, қимақтар, қыпшақтар   мекендегенін білмейтін сияқты...    Әйтпесе,  Павлодар облысының аумағы қазақтардың тарихи мекені емес, мұнда бастапқыда жоңғарлар, кейін орыстар қоныстанған деп жазар  ма еді!.. М.С. Тереник ханым қазақтар «Кереге жар» деп атаған мекенге (қазіргі Павлодар қаласы тұрған жерге)  патша әскерлерінің 1720 жылы «Коряков Яр» бекінісін салғанына  270, 280, 290 жыл толғанын салтанатты мереке (!) ретінде тойлау мәселесін  1990, 2000, 2010 жылдары үш мәрте көтерді! Абырой болғанда, облыс пен қаланың сол кездегі басшылары оның ұсыныстарының бірде-бірін қабылдаған жоқ! Жергілікті зиялы қауым өкілдерінің орынды уәждеріне, тарихшы  ғалымдардың ғылыми дәлелдемелеріне құлақ асып, әлгі даталарды мерекелеуден бас тартты, сөйтіп тек Қала күнін атап өтті. Хош, М.С. Тереник ханымның бұрынғы іс-әрекеттеріне байланысты ойларымызды осымен тиянақтап, «Карбышевы: Каркаралинск-Омск-Павлодар» деп аталатын  жаңа кітабына көшейік. Кеңес генералы Дмитрии Михайлович Карбышевтің  (1880-1945) өмірбаяны жөніндегі  зерттеулерге зер салсақ, оның  Ресейдің Омбы қаласында әскерилер әулетінде  туғаны, соғыс бастала салысымен, 1941 жылдың  тамыз айында Белоруссияның Могилев облысы аумағында неміс әскерлерінің тұтқынына түскені, 1945 жылдың ақпанында Австриядағы Маутхаузен концлагерінде жан тапсырғаны, оған 1946 жылы  Кеңес Одағының батыры атағы берілгені анық  жазылған.  Шындығында, 65 жастағы кәртамыш генерал үстіне мұзды су құйылғандықтан өлмеген, ауыр сырқаттан әбден қалжыраған 400 тұтқынның қатарында  атылған. Осындай жайттар белгілі бола тұра,  Мария Тереник ханым шіркеу кітабындағы қандай да бір жазбаға сүйеніп, генералдың шешесі  Павлодарда туыпты және Павлодарда жерленіпті, ал оның  екі бауыры Қарқаралыда туған, ендеше Карбышевтердің Қазақстанға тікелей қатысы бар деп байыптайды. Сөйтеді де,   Дмитрий Карбышевке Павлодар музейлерінде   стенд қойылмауы қателік  деген қорытынды шығарады... Жалпы айтқанда,  М.С. Тереник ханыммың бұл кітабынан біршама сауал өрбиді.  Ресейдің Омбы қаласында туған Д. М. Карбышевті павлодарлықтардың жерлесі сияқты қылып көрсетуге қандай мұқтаждық бар? Онсызда Павлодарда туған Кеңес Одағы  батырлары аз емес қой. Талассыз тарихи зерттеуге жатпайтын,  жалаң байыптаулардан құралған еңбекті  кітап қылып шығаруға Павлодар қаласының әкімі Болат Бақауов мырзаның атсалысып, демеушілік жасағаны қалай?  Егер туындыға  Жамбыл Артықбаев, Қайырболат Нұрбаев, Қырықбай Алдабергенов тәрізді павлодарлық тарих ғылымдарының докторлары қолдау білдіріп, өтініш түсірсе, бір сәрі. Карбышев-2 Айтпақшы, Мария Терениктің Павлодар қаласы тарихы мен өлке ономастикасы жөніндегі жазбалары 2012 жылы  Славян мәдени орталығының жетекшісі Татьяна Кузина ханымның мұрындық болуымен «Павлодарь – не Кереку» (!) деген атаумен жинақ болып шығып, зиялы қауымды дүрліктірген еді (Қараңыз: http://www.nur.kz/222148.html).  Қазіргі дағдарыс кезеңінде  қала бюджетінен бөлінген қаржыға жарық көрген  кітап Кереку тұрғындарының көзқарас қайшылықтары бойынша бөлініп-жарылуына ықпал етпесе жарар еді. Енді  Мария Тереник ханым назар аудармайтын жайттарға тоқталайық. Кейінгі жылдары Ресейдің әскери тарихшылары тарапынан «Генерал Карбышев –  тіпті  батыр емес, қоршаудағы армиясын тастап азаматтық киім киіп бас сауғалап бара жатқанында немістердің тұтқынына түскен су жүрек дезиртир еді» деген ойлар айтылып, тиісті тарихи құжаттар дәйектеме ретінде ұсынылуда. Мұндай деректер негізін Юлиан Семенов пен Артем Боровик сынды ресейлік әйгілі тұлғалар қалаған «Совершенно секретно» басылымында (http://www.sovsekretno.ru/articles/id/4963/), сондай-ақ  «Историческая реконструкция и новости истории» порталында  (http://mreen.org/Alena/general-karbyshev-dm-pereodelsya-i-ushel.html) жарияланған. Рас, осынау тың мәліметтер әлі де анықтай түсуді тілейді. Карбышев-3 Дегенмен, генерал Карбышевтің аталарының Қазақстанға қатысы барын ешкім жоққа шығара алмас. Әскери казактардың Карбышевтер әулеті патшалы Ресейдің  қазақ жерін жаулау жорықтарына, отаршылдық саясатын жүргізуге  бастан-аяқ қатысқан! Солардың бірі –  Сібір желілік казак әскерлерінің полковнигі (бір деректе сотник) Иван    Карбышевтің жасақтары қазақ халқының 1837-1847 жылдардағы ұлт азаттық көтерілісін күшпен жаныштап, қазақ ауылдарын қудалау мен қырғынға ұшыратқан!   Бұл полковникті   генерал  Дмитрий Карбышевтің арғы атасы деседі. Солай болса да, оның ұрпақтары Павлодарда «Иван Карбышев  в Сибирской истории» атты кітап шығарып, патша жасақтарының қолбасшысын –  қаһарман бейнесінде, ұлт азаттық көтеріліс  көсемдерін  –   қарақшы кейпінде көрсеткен көрінеді... Енді тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар, қоғам белсенділері  Карбышевтер тақырыбын қолға алып, осы жарияланымға үн қосады деген үміттемін.  

Арман Қани,

Павлодар қаласы

qazaquni.kz