ЗАҢ КӨПШІЛІККЕ ТҮСІНІКТІ, ҚОЛДАНЫСТА ҚОЛАЙЛЫ БОЛУЫ КЕРЕК
2015 ж. 22 қараша
3183
0
Заңдар, ең алдымен, қалың көпшілікке түсінікті, қолданыста ыңғайлы болуы керек. Сенаттың жалпы отырысында палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді.
«Парламент қысқа мерзім ішінде қоғамдық қатынастар жүйесін кешенді жаңғырту шараларын қамтитын, ұлт жоспарын іске асыру бойынша шешімдер қабылдады. Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл маңызды мәселелер бойынша тиісті бағасын берді. Мемлекет басшысы бұл заңдардың бірқатарына, соның ішінде тұңғыш рет жария түрде Азаматтық процестік кодекске қол қойды. Президент құқық саласына түбегейлі өзгерістер әкелетін бұл кодекстің маңызы зор екеніне айрықша назар аударды. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті қолдау мәселелеріне арналған, уақыт талабына сай келетін жаңа Кәсіпкерлік кодексі мен халықаралық стандарттарға негізделген Еңбек кодексі қабылданды. Бұдан басқа қабылданған заңдардың барлығы еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға тың серпін береді деп санаймын», - деді палата спикері. Сонымен қатар, Сенат Төрағасы ұлт жоспарын іске асыруға бағытталған заңдардың басым көпшілігі 2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап қолданысқа енетінін айтып, алдағы кезеңде осы заңдардың мәні мен маңызын қоғам назарына кеңінен жеткізуге атсалысу қажеттігін атап өтті.
«Заңдар, ең алдымен, қалың көпшілікке түсінікті, қолданыста ыңғайлы болуы керек. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар жаңа заң нормаларын мүлтіксіз іске асыруды және тиісті заңға тәуелді актілерді әзірлеуді жедел қолға алуы қажет» - деген Сенат спикері депутаттық корпус пен Үкімет мүшелеріне бірлесе атқарған жұмыстары үшін алғысын жеткізді.
Біз құқықтық мемлекет болған соң қабылданған заңдар қағаз жүзінде қалмай, оны бұлжытпай орындауға тиістіміз. Әрине, ол үшін біздің заңдарымыз Сенат Төрағасы айтқандай қолданысқа ыңғайлы болғаны жөн. Заңның кедір-бұдыры көп болса, оның күнделікті өмірімізде қолдануының өзі көптеген қиындықтар, жұрттың наразылығын тудырады. Заңды қабылдамас бұрын жан-жақты зерттеулер жүргізілсе, тіпті, жақсы. Өкінішке орай, бізде осы жағы ескеріле бермейді. Заң жобасын әзірлейтін салалық министрліктер көбінесе ережелерді өз мүддесіне қарай ыңғайлайтыны байқалады. Содан барып заңға қайта-қайта түзетулер енгізуге тура келеді. Мысалы, Еңбек кодексіндегі жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қарым-қатынас, жұмысқа алу немесе шығару жөнінде ережелер көпшіліктің көптеген наразылықтарын тудырды. Сол сияқты «Жол жүру ережесі» де бірнеше рет түзетілгенмен, жасырын бейнежазба жасап айыппұл салу, қашқан көлікті соғып тоқтату сияқты жерлерін әлі де қайта қарауды талап етеді. Заң қабылдау өндірістік жопарды орындау емес, сондықтан саннан бұрын сапаға көңіл бөлінсе дейді көпшілік.
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті