Зиятдинхан Пірнияз: БІЗДІҢ ЕЛДЕ ӘР АҚСАҚАЛ – МЕДИАТОР
2015 ж. 22 қараша
2630
0
Зиятдинхан ПІРНИЯЗ,
ОҚО сотының қылмыстық істер алқасының төрағасы:
БІЗДІҢ ЕЛДЕ ӘР АҚСАҚАЛ – МЕДИАТОР
Ә.Шахиддинов ауыр істерге келгенде неге қателесе береді?
– Зәке, алдымен «Жауғашты Нәбиев – істің адамы» атты кітабымды сыйлауға рұқсат етіңіз. Және мұны, жасырмаймын, ишарамен беріп отырмын. Себебі, менің қаһарманым өзіме: «Ә.Қажыгелдин туралы қатты кетпе, ол жоғарының айтқанынын орындаушы ғана» дейді. Мен «жоғарының бұйрығын орындағанның өзінде премьер адам қолындағы құзырет аясында еліне талай пайда тигізіп кетуіне болады ғой» деген уәж айтам. Елбасымыздың өзі «жөндемесем болмайды» деп отырған біздің бұзылып кеткен сот жүйесінде сіз секілді біраз биікке қолы жеткен адамдар да сол шеңберден шықпай-ақ әділет жолында көп игі іс істей алады деген ойдамын. – Рахмет! – Сіз бен біз – бұрынғы қазақ ақыл сұраған алпыстағы адамдармыз. Бәріміздің илейтініміз бір терінің пұшпағы, қайтсек еліміз көгереді, қайтсек қазақ өнер-білімі бар жұрттардың қатарына қосылады деген ой. Ол ой іске асуы үшін басты шарт – әрқайсымыз өз орнымызда таза, шынайы, әділ жұмыс істеуіміз керек. Ендеше, біз де бүгін шамамыздың келгенінше ашық айтуға, шын сөйлесуге тырысайық. – Құранның өзі адам баласына 3 жағдайда ғана өтірік айтуға рұқсат береді екен ғой. Біздің ұстанар кітабымыз Құран емес, одан төменірек, сондықтан, пендешілігіміз қосылады... Жүз пайыз ашыламын деп те айта алмаймын. Шыны керек қой. Жұмысымыздың ерекшелігі, құпиялығы тағы бар. – Бәрекелді! «Арылайын десем де пенделіктен, арылатын болмадым – ол неліктен?» деп өтті ғой Мұқағали да. Енді «жалпыдан – жекеге» деген философиялық қағиданы бетке алып, жалпы сот жүйесінің қай жағына көңіліңіз толады, қай жағына толмайды, толмаса неге, осы жайлы ой-пікіріңізден бастасақ. – Сот жүйесіне мен 1993 жылы прокуратурадан келдім. Одан бері өмір даму үстінде, соған сәйкес бұл жүйеде де өзгерістер болып жатыр. «Әттеген-ай!» дейтін жерде де, қуанатын тұста да ойымызды білдіріп қалып жатамыз. Сот жүйесінің әлемде әбден жетілген, мінсіз үлгісі жоқ, ол үнемі дамып отырады. Және оның дамуына негізгі себеп – адам құқығы бұзылса, оны қалпына келтіру мәселесі. Жалпы, құқық қорғау органдарының міндеті – осы. Оның сүйенері – ата-бабамыздан келе жатқан адамгершілік деген қасиет, ар-ұят деген киелі ұғым. Елбасы ұсынған «Нақты 100 қадамның» ішінде заң үстемдігін орнатуға қатысты 11 қадам бар. Оның ішінде маған қатты ұнайтыны – 5 сатылы соттан 3 сатылы сотқа өту. Бұрын бізде қалай еді? Сот істі ауданға қайта тергеуге жібереді, облыста да сол секілді, іс бір адамға немесе бір деңгейге қайта айналып келе береді. Ал, іс он рет қайта айналып келгенімен, шешім қабылдау туралы пікір қабылданса, ол сол күйінде қалады. Іс енді ауданда 1 рет, облыста 1 рет қаралады да, соңғы нүкте Жоғарғы Сотта қойылады. Қанша дегенмен, бірінші сатыда әлі де толық қалыптаспаған, өмірлік тәжірибе жинап үлгермеген судьялар жұмыс істесе (олардың жасы 30-дан кем болмауы керек деп жатырмыз қазір), облыстық сотқа олар 5 жыл бірінші сатыда жұмыс істегеннен кейін барып қана өте алады. Облыстық соттан Жоғарғы Сотқа ауысу үшін де дәл солай. Жалпы сот болып 10 жыл, оның ішінде 5 жыл облыстық сотта судья болып істеуі шарт. Ауданда шешілмеген іс кейде облыста шешіледі. Жоғарғы Сотқа жететіндері өте даулы, күрделі істер немесе екі жақтан да шешім таппаған істер болып саналады. – Бұрын аудандық соттан көп іс қайта тергеуге жіберіліп жататын. Қазір бұл үрдіс тоқтап қалды. Жаңадан қабылданған қылмыстық процессуалдық кодексте «қайта тергеуге жіберуге болмайды» деген нақты бап бар ма? – Жаңа кодексте «қайта тергеу» деген сөздің өзі жоқ. Бірақ, 323-бап былай дейді. Оқып жіберейін: «Басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық-процестік заңнаманы елеулі түрде бұзушылықтар анықталған, сондай-ақ олар сотқа дейінгі жеделдетілген іс жүргізу істері бойынша немесе жасалған процестік келісімдері бар істер бойынша басты сот талқылауында анықталған кезде сот оларды жою үшін істі прокурорға қайтарады». Яғни, тергеу барысында бір заңсыздық анықталған болса, бастаған істі арықарай жүргізу мүмкін болмаған жағдайда сот аталған кемшіліктерді жою үшін прокуратураға жібереді. – Қызық екен... Жаңа ашылған мән-жай сирек кездесетін нәрсе. Ал, заң бұзушылықтың бәрі дерлік алдыңғы тергеу кезінде орын алады. Сол көптеген заң бұзушылықты көре тұрып тергеудің айыптау қорытындысына қол қойып берген прокурор оны енді қалай жөндейді? – Заңнаманың елеулі түрде бұзылуын жояды. – Қайтіп? – Адамның қорғау құқығы бұзылуы мүмкін. Сол сатыдан бастап оған адвокат беріледі. Тіл құқығы бұзылуы мүмкін. Онда оған аудармашы беріледі. Іс бойынша қалыстардың қатысуымен өткізілетін істер бар. Сотқа дейінгі жедел тергеу барысында дәлелдемелер заңда көрсетілген тәртіппен емес, басқаша жолмен алынса, ол дәлелдеме қатарына жатпайды. – Сіз атағандардың маңызды екеніне дауым жоқ. Дегенмен, Түркістанда былтыр Ж.Меңдібаевтың адам атып өлтірген, судья Ә.Шахиддиновтың үкімімен оны 1 (?!) жылға бас бостандығынан айырған, ел ішінде үлкен толқын туғызған істі алайық. Қаза тапқан 28 жасар, үйленбеген жігіттің әкесі қылмыскердің ағасы, Түркістан ҚІІБ майоры Ш.Меңдібаевқа: «Сендер «істегенімізді мойнымызбен көтерейік» деудің орнына ініңе «маған Ш. қорлау сөз айтты, содан мен «аффектке» ұшырап қалдым-мыс» дегізіп, менің марқұм балама жала жауып жатыр екенсіңдер. Ініңнің жазасын жеңілдетудің басқа жолын іздемей, осы арамдығыңнан таймасаң, мен де аянбаймын» деп ескерткен екен. Міне, осы іс бойынша апелляциялық сот тергеуін өзіңіз жүргіздіңіз-дағы, алдыңғы тергеуді жүргізген ОҚО ІІД тергеушісі майор Е.Алтынбаев пен бірінші сатыдағы сот судьясы Ә.Шахиддинов тарапынан жіберілген көптеген қателік емес, заң бұзушылықтың бетін аштыңыз, себебі, қатені білмейтін, тәжірибесіз маман жібереді ғой. Рас, оның бәрін сіз өз бастамаңызбен аша қойған жоқсыз, жәбірленуші жақ сот барысында 14 өтініш беріп, тергеу жүргізуге сізді мәжбүрледі. Жартысын жөндедіңіз, жартысын жөндеген жоқсыз. Тергеуші талай сұрағыңызға жауап бере алмаса да, оған қатысты жеке қаулы қабылдау туралы өтінішті қанағаттандырған жоқсыз. Ал, бір ғана айғақ заттарды соттың үкімі күшіне кірмей тұрып жойып жібергені үшін ғана оның үстінен кемі 3-4 қылмыстық бап бойынша іс қозғалуы тиіс еді. Оны сіз менен жақсы білесіз. Тергеу тарапынан кеткен көптеген процессуалдық заң нормаларын аяққа басу, жалған құжат жасау секілді ешқандай сараптаманы керек етпейтін, айқайлап көрініп тұрған заң бұзушылықтарды қалай орнына келтіруге болады? – Оның бәрін орнына келтіру мүмкін емес. Дәлелдемелерді алу дегеннің өзі бір процесс, оған екі қалыс, демек бейтарап адам қатысуы керек. Бірі бейтарап болып, екіншісі тараптардың біреуінің жеңуіне мүдделі болса, ол адам қалыс бола алмайды. Немесе есірткі дәлелдеме зат ретінде алынды дейік, тек заңда көрсетілген тәртіппен алынбаған болуы мүмкін. Бірақ, оны алу процесін енді артқа қайтаруға болмайды ғой! Қандай жағдайда оны дәлелдеме деп қабылдауға болады, қандай жағдайда болмайды, оны анықтау мен оны істеген адамның әрекетіне баға беру – соттың құзырында. Осы қателіктер мен заң бұзушылықтарды дәлелденген дүниелермен салыстыра келіп, қорытынды жасаймыз – кінәлі ме, кінәсіз бе? Судья жұмысының ең ауыр жері де осында... – Зәке, бұдан бұрын баспасөзде басылған менің: «Судья З.Пірниздың сотқа төрағалық еткен кезінде (кейбір сәттерді есептемегенде) істі туындаған сұрақтар бойынша барынша білікті әрі әділ жүргізуге тырысқанын атап өту парызымыз. Мүмкін, біз ол азаматтан артық дүниені талап етіп отырған шығармыз, «саясат – мүмкіндік аясында» дегендей, бүгінгі сот жүйесінде толық әділдік етуге қанша тырысса да, бұл оның қолынан келе бермейтін өнер шығар. Сондықтан, әзір қолдағы барына алғыс айтқан абзал» деген сөзім – шынайы пікірім. Жалғыз мен емес, қалың ел сіздің алғашқы үкімді бұзып, айыптыны 12 жылға бас бостандығынан айыруға қаулы еткеніңізді естіп, «Құдай бар екен ғой, әділдік бар екен ғой» деп, сыртыңыздан алғыс айтып жатты. Сіз халықтың сотқа деген сенімін сәл де болса тірілттіңіз... Өзіңіз тереңдегіңіз келмеген жерден бөлек, адам өлімі астананың бақылауында болатындықтан сізге көбіне мүмкіндік бермеді-ау деп ойлаймын... Е.Алтынбаевты айттым. Судья Ә.Шахиддиновты да айналып кеттіңіз. Біздің қолымыздағы ақпаратқа сәйкес сіз осы қателігі үшін тағы да қайталайын, қате емес, көпе-көрнеу бұрмалаушылық бұл – Ә.Шахиддиновке шара көруді ұсынып, облсот. төрағасына хат жазыпсыз. – Бұл – оның жұмысына менің баға беруім. Дәрігер, мұғалім, құрылысшы, т.б. секілді сот та адам, ол да баға беруде қателеседі. Білімі, білігі, тәжірибесі, деңгейі жағынан соттар да әртүрлі. Ә.Шахиддинов қараған іске өз бағасын берді. «Судья баға беру кезінде шатасса, ол жазалауға жатпайды» деген ұғым заңда жазылған. – Сіз «Ә.Шахидинов қателесті» деп отырсыз. Судьяның, менің ойымша, сапер секілді қателесуге хақысы жоқ. Хақысы бар десек, олар осыған арқа сүйеп білгенін істейді. Қазірдің өзінде дәл солай болып отыр. Жарайды, «қате» депсіз, енді оның қатесін көрсету, оған қызметтік тұрғыдан шара көру неге жария түрде жүрмейді? Жасырын, жабық жүргізілген тәртіптік жазадан халыққа еш пайда жоқ қой, жазалау жариялы болғанда ғана адам түзеледі ғой! – Судьяларға жаза көру онсыз да жариялы. Оларды қалай ұрып-соғып жатқанымыздың бәрін жариялай беретін болсақ, олар елдің алдында қарабет болады, сосын қалай қазылық қылады ертең? Өзім осы орынға келгелі Ә.Шахиддиновтың үш үкімін бұздым. Неге ол қайта-қайта ауыр істерге келгенде қателесіп қала береді? Неге және ол біржақты, жазаны жеңілдету жағына жаңылысады? Ендеше оны тезге салатын кез келді. Оның соңғы іс-әрекеттеріне бағаны енді Жоғарғы Сот Кеңесі береді.«Алқа билер араласса, судьялардың қателігі де азаяды»
– Слесарь емес, сантехник емес, судьяның жаңылысуын үш ретке жеткізіп барып шара көру дегеніңіз оны тым жеңіл жазалау емес пе? – Ж.Мендібаевтың ісі – ауыр іс. Судья ол жерде маман-психиатрлардың пікіріне сүйенді. Одан да ауыр істер кездеседі. Мысалы, мен өзім ана бір жылы Шымкенттегі СПИД-ке байланысты істі жүргізгенімде қатты қиналдым. Осындай істерге байланысты «Нақты 100 қадам» ішінде арнайы қаралған, алқа билердің қатысуын көбейту туралы, олардың билігін кеңірек қолдану туралы бағыттар бар. Осындай дау туғызған істерде алқа билар араласса, жаңағы Шахиддиновтікіндей қателер кетпес еді. Алқа билер – көзі ашық адамдар, олар іске жаңа өзіңіз айтқандай, ең алдымен, заң тұрғысынан емес, адамшылық тұрғысынан қарайды. Олардың ойы жүректен шығады. Қазір алқа билер соты қолданылатын істер санатын анықтау жүріп жатыр. Шардарадағы «Халық банкі» филиалының тоналғаны жөнінде өте даулы істі де алқа билерге тапсырғанда осыншама дау тумас па елі, себебі алқа билер ешкімге бағынбайды. – Біз бүгінгі таңда алқа билерді қаншалықты тиімді пайдаланып отырмыз? – Заң бойынша оларды таңдау сотталушылардың еркіне берілген. Соттың бұл түрінің жақсы жағы – нақақтан-нақақ күйіп бара жатқан адам болса, алқа бидің бәрі болмаса да біреуі соны көреді. Және олардың айтқаны тас болып қатып қалады, баға беру жағынан сіз оны қатайтып, иә жұмсартып бұза алмайсыз. Тек сот процесінде заң бұзушылық орын алса ғана бұзылуы мүмкін. – Өзіңіз келгелі бері алқа билер жұмысына талдау жасадыңыздар ма? – Жоғары Соттан бізге «сіздерде алқа билер қатысуы азайып кетті» деп хат келді. Азайып кеткені рас. Мен келгелі бір жылдан асты, сол уақыт арасында екі қылмыстық іс билер шешімімен ақталды. Біреуі есірткіге байланысты, біреуі адам өліміне байланысты. Алқа билерді таңдамайтындар кімдер? Олар өздерінің кінәсі барын іштей біліп отырғандар... – Алқа билерді сотта қолдану жайлы кеңірек айтыңызшы, ел көбірек білсін. – Оны сотталушы жақ таңдайтынын айттық. Оларға осындай құқығы бар екендігі ерте бастан ескертіледі. Билердің тізімін бізге әкімшілік береді. Және билердің белгілі бір мөлшері қамтамасыз етілуі тиіс. Себебі, сотталушы анықтап айтып немесе айтпай-ақ кез келген биге сенімсіздік көрсету хақысы арқылы оларды тізімнен шығартып тастай алады. Сотталушы мен судья барынша аз түйісетін болуы тиіс деген қағиданы жүзеге асыру үшін алқа би мүшесі сотқа бір жылда бір-ақ рет қатыса алады. Істің бәрі бейнетаспаларға жазылып отырады. Бұл – барлық іс-әрекеті көрініп тұрған судьяларды ғана емес, тараптарды да тәрбиелейді. – «Судья төрелікті заң талабы мен өзіңнің ар-ұятына сүйене атқарады» деп жазылған заңда. Ар-ұяты бар судья болса жақсы, ар-ұятттан жұрдай болса қайтеміз? Судья туралы айттыңыз, ал, тергеуші майор Е.Алтынбаевты, оның айыптау қорытындысына қол қойған, заңдылықты қадағалау басты міндеті прокурор Ә.Қожахметовті аттап кеттіңіз. Сол қателесуге хақысы жоқ адамдар екінші рет қателеспес үшін біздің оларды жөнге салу ісіміз барынша тиімді, ұтымды болуы тиіс қой? – Е.Алтынбаев сотталғанның айыбын қасақана адам өлтіру деп дұрыс тапқан. Оның жіберген қателері болса, жөндеуге келетіні жөнделді. Бірақ, сот қуғындау органы емес, бізге қандай айыппен келеді, біз сол айыптау аясында жұмыс істейміз. Ж.Мендібаевтың ісі бізге ҚК-тің 96-бабының 2-сімен келуі тиіс еді, бірақ, ол 96-ның 1-імен келді. Айыптау дұрыс тағылмаған болса, сол іске қатысып отырған адвокат бар, прокурор бар, солар шырылдауы керек. Олар да өз ісінің мамандары. Басқа болмаса да жәбірленуші тарап шырылдауы тиіс еді. Ал, мен өздігімнен секіріп, басқа бапқа ауыстыра алмаймын. Біз кінәні ауырлата алмаймыз. Прокуратура мен тергеу органдарының қызметкерлеріне сенбеуге хақымыз жоқ, олар осындай түйінге келді. – Бірінші сот сатысында жәбірленуші жақ нанын адал жемеген адвокатқа сеніп қапы қалды. Оған сотта сіздің көзіңіз анық жетті. Жәбірленушінің әкесі берген өтініштерге пікірін сұраған сайын «соттың құзырында» немесе «қолдамаймын» дей берген соң өзіңіз де бір рет шыдамай, «шырағым-ау, сенің неге пікірің жәбірленушінің пікірімен сәйкеспейді, сен олардың ақшаға жалдаған қорғаушысы емессің бе?» деп қалдыңыз. Ендеше, заңға сәйкес «өзін қорғау – әркімнің өзінің ісі» деген қағида қаншалықты дұрыс? Бұл сала өте айрықша күрделі сала болғандықтан, арам тергеуші, оның сөзін сөйлеген парақор прокурор – оларды қазір жұрт «паракурор» атап жүр. Екіжүзді адвокат, жемқор судья үшін неге заңды нашар білетін біреу нақақтан күйіп кете беруі керек? Неге заңсыздықтың бәрін көріп отырған апелляциялық алқа судьясыоны түзетуге міндетті емес? «Айыптау аясынан аспау керек» деген заң бабы бар ма? Соттың басты мақсаты да, міндеті де әділеттің салтанат құру емес пе еді? – Мен аталған іс бойынша тергеушінің айыптауымен келісемін. 96-баптың 2-бөлігі жоқ бұл жерде. Ал, «тәртібі дұрыс емес» судья жайына келсек, шет елдерде «судебный прецедент» деген ұғым бар, сондай қылмыс болған ба, болмаған ба, соған қарап жұмыс істейді, бізде сот тәжірибесі деген ұғым бар. Ол бүгінгі күнде әбден қалыптасқан... Оның бәрі Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларында көрсетіліп қойылған. Сондықтан судья жаны ашып жеңілдеткісі келгенімен немесе ауырлатқысы келгенімен, ол оған бара алмайды. – Жарайды, менің білгім келетіні мынау ғой, халыққа соттың технологиясы керек емес. Халыққа керегі мәселенің адами жағы – сот қандай қағидаға сүйенеді? Сот барынша әділ ме? Өзіне дейінгілердің қатесін түзеп барып, әділ үкім шығарады деп жүрген соттың өзі түрлі себеппен параға қызығып, тапсырысты орындап, басшыны айтқанынан шыға алмай, т.т. әділдіктен табаны тайып кетіп жүрмей ме? Біз сотымыздың әділ екеніне, олардың 10 мың, 50 мың, 100 мың доллар параға қызықпайтынына сенуімізге бола ма? Халық сотқа сенбейтін болса, ондай соттың өзінің керегі жоқ, солай емес пе? – Алқа билер жүйесін кеңейтіп жатқаны да содан. Бірақ, бәрін алқа билерге берсек, онда мемлекет халқының тең жартысы алқа билер болып отыруы керек. Кәіби судьялардың да өз орны бар. Бірінші сатыдағы сотта бір судья үкім шығарса, екінші сатыда оның ісіне 3 судья баға береді, үшінші сатыдағы сотта 5 судья қарайды істі. Олардың заман талабына сай болуы үшін қазір сот жүйесінде тәртіптік кеңес пен біліктілік кеңесі енгізіліп жатыр. Біріншісі заң бұзушылықты қараса, екіншісі судьяның тазалығына қоса, оның білім-біліктілік өресінің қаншалықты екенін айқындайды. – Ф.Энгельс: «Қоғамды азғындатудың ең төте жолы – кінәліні жазаламау, кінәсізді жазалау» депті... Сот, сонымен қатар, азғындаудан құтқарудың, ауыр болғанмен, тиімді құралы. Осы тұста інісін қашырып жіберген Шалбай Мендібаевтың, өтірік куәлік берген Ғани Әлсейіттің, оның «Таң» телеарнасынан берілген сөзін тыңдап отырып сотта өзіңіз де «шырағым-ау, сен біреудің қорқытуымен сөйлеп отырған адамға мүлдем ұқсамайсың ғой, емін-еркін, күліп-ойнап сөйлеп отырсың, арасында тіпті «шешеңді» де араластырып қоясың» дедіңіз. Бұлардың кінәсі көрініп тұрған, тек дәлелдеуді ғана қажет ететін нәрсе еді. Бірақ, ол екеуіне да қарсы сіз ешқандай шара қолданбадыңыз. Ш.Мендібаев, Ғ.Әлсейіт сияқтыларды жазаға тартпасақ, қоғам ешқашан түзелмейді ғой? – Сотқа іс тергеуі бітіп келу керек. Сот өзінен-өзі айыптай алмайды. Жәбірленушінің өкілі айыпталушыны «жазаға тарт» деп тергеу орнына арыз жазуы керек. Ол арыз жазбаса, тергеуші тергемесе, іс сотқа қайдан келеді? Ауылдағы ел әлі де құқық жөнінен сауатсыздау. Қоғамды тазарту да қоғамның өзінің ісі. Бұл – қоғамның дерті. Әлгі Ғ.Әлсейіттің сотқа берген жауабының жалған екендігі басқа бір құжаттармен дәлелденуі тиіс. – «Жалғандық детекторы» бізде жоқ дедіңіз. Сот үшін оны алдыру қиын шаруа емес еді... Ш.Мендібаев сол күні түстен кейін Түркістанда Ғ.Әлсейіттің таксиіне Ж.Меңдібаевты өзі әкеліп мінгізген екен. Сіз Кейселдің Түркістандағы орталығынан мына адамдар ұялы телефомен сөйлесті ме деп сауал жіберсеңіз болды, ол дерек – Ш.Мендібаев пен Ғ.Әлсейіттің сол күні де, одан кейін де сөйлескені сопаң етіп шыға келер еді. – Солай боларына сіз қалайша сонша сенімдісіз? Мүмкін, олар өздерінің емес, басқа біреудің ұялы телефонынан қоңырау шалған шығар? – Иә, ол да мүмкін. Бірақ, сот осы көрініп тұрған версияны індетуі керек емес пе? – Біз айыптың көлемінен шықпауымыз керек. Айып оның адам өлтіргендігі туралы еді. Оның шеңберінен шығып, күмәнді нәрсенің бәрін тексеріп отыра алмаймыз. Шеңберден шығар болақ, бір істі үш жыл тексеретін боламыз. «Судьяны Президент тағайындайтын жүйе – бүгінгі күнге лайық, дұрыс жүйе» – Жақсы. Сіздің ойыңызша біздің атқарушы биліктің жетекшісі, ел Президентінің өкімімен (?) тағайындалатын, сайланбайтын судьялар, шын мәнінде, тәуелсіз бола ала ма? Олар кеңес заманының өзінде сайланушы еді ғой? – Судья тәуелсіздігі дегеніміз не, осының өзін анықтап алайық әуелі. Бері қараңыз. Жаңа ғана сіз өзіңіз «мына, мына мәселелер бойынша судья Ә.Шахиддинов жазалануы тиіс еді» дедіз. Жазаланып отырған, жазаланып қалам ба деп қорқып отырған судья тәуелсіз бола ма? – Судья өзін тәуелсіз сезінуі үшін жазаланбауы керек пе сонда? Заң бұзушылыққа барса да? Жазаланбаса, ол адам онда мүлде жүгенсіз кетеді ғой! «Қателесудің» көкесі сол кезде болмай ма? – Міне, міне, осы жерде бұл ұғымды анықтап алайық. Судья төрелік, қазылық жасап отырған кезде – тәуелсіз. Ешкім оған былай жаса деп айта алмайды. Ол өзінің білімі мен ішкі түйсігіне сүйеніп үкім шығарады. Ә.Шахиддинов та сөйтті. Сондай шешім қабылдауға ешкім оны итермелеген жоқ. Ал, мен оның ісін зерттеп келдім де, өз түйсігіммен шешім қабылдадым. Екіншіден, судьяларға ешкім мынанша айыптау, мынанша ақтау үкімін шығарасың деп тапсырма-бұйрық беріп, немесе ақтау үкімің мынанша пайыз, бас бостандығынан айыру үкімің мынанша пайыз болсын деп қысым жасап жатқан жоқ. Тәуелділік бар. Ол қай жерде? Жалпыға ортақ жұмыс тәртібін, ішкі тәртіпті сақтауда, қазылық әдепті сақтауға деген тәуелділік. – Судьялардың тәуелсіздігі жайлы судья емес, азамат ретінде өз пікіріңізді айтыңызшы. – Судьяларды сайлау жайына келсек, оңтүстіктің жағдайын сіз жақсы білесіз, «пәлен рудың өкілдері пәленшеге дауыс беріңдер!» шыға келеді бәрі. Ол – сайлау емес. Ал, «100 қадамның» ішінде қазыларға қатысты бірнеше әрекет беріліп отыр. Оларды қалай сұрыптаймыз? Ең алдымен, судьялыққа тест тапсырасыз. Одан соң облыстық қоғамдық кеңесте сіз судья болуға лайықсыз ба, лайықсызсыз ба – осы мәселе қаралады. Одан соң облыстық соттың мәжілісі бар. Одан соң Президент жанындағы Жоғарғы Сот Кеңесінен өтуіңіз керек. Өткеннен кейін бір жылдық – бұрын 3 ай еді – тағлымдамадан өту және одан кейін тағы 1 жылдық сынақтан өту керек деп отыр. Осы сынақтың бәрінен абыроймен өтсеңіз, енді 5 жылдан кейін осы мерзімдегі қазылық қызметіңізге есеп бересіз. Бұл не деген сөз? Бұл сізді мазаңызды алып отырған мәселе мемлекетті де мазалап, ойландырып, толғандырып отыр деген сөз. Судьяларды жан-жақты тексеру бұл. Осынша тетік іске қосылып отыр. – Осы жаңа тетіктерді кім жазып отыр және қалай енгізіліп отыр, сіздерден қандай идея барын сұрай ма, жоқ әлде мына идеяға қалай қарайсыздар дей ме жоғарыдан? Елбасы уәде еткен сот реформасына қатысты қандай ой-пікіріңіз бар деген хат келе ме? – Барлық мәселе жөнінде ой-пікіріңізді айтыңыз деген хат келеді. Заң баптары, оларды қалай қолдану жайлы пікірімізді сұрайды. Судьяны 30 жастан асқан соң тағайындауға қатысты бәріміздің пікірімізді сұрайды. Анкеталау да болады. Жалпы талқылауларда өз ойымызды айтамыз. Бейтарап сауалнама да жасалады. «Классификатор» деген нәрсе бар, еліміз бойынша қай сала – ұрлық, адам өлтіру, т.т. – қандай жағдайда екен қарай аламыз. Олардың тәжірибесін көріп отыра аламыз. Алқа билерге ауыр қылмыстың бәрін беру керек деген ойымызды айттым. Тергеу судьясы деген бар. 5 жағдайда тергеуші өзі ғана барып, іс-әрекет жасап кеткеннен көрі, оған қоғам өкілдерін қатыстырған дұрыс. Мысалы, тінтуді алайық. Оны тек тергеу судьясының қаулысы негізінде ғана жасаңыздар деген ұсыныс келді. Бұл жағдайда тергеуші өзі тінте алмайды, судьяның алдына екі тарап та өз адвокаттарымен плюс прокурор келеді. Тінтудің хаттамасы жасалатын болды. Бұрын тергеуші өзі толтырып, прокурорға сыртынан қол қойдырып алып кете беретін. Сол секілді 5 ұсыныс. Бұның бәрі әлемдік үрдістен қалып қоймау үшін, соның бәріне саралап, өзіміздің, шет елдердің озық мамандарын қатыстыра отырып жасалып жатқан қыруар шаруа. – Осы сот жүйесіне шағым жазылғанда байқайтыным, соттағылар жауап жазғанда сіз сүйенген заң баптарына бірауыз да тоқталмай айналып өтіп кетеді. «Менің мына уәжімді заңға сәйкес дәлелдермен, заң баптарын көрсетіп теріске шығаруыңызды сұраймын» десеңіз де солай. Бұның себебі неде? – Уәждерді теріске шығару немесе құптау тікелей сот құжатында (үкімде) көрсетіледі, ол сипаттап жазылды. Ал, заңдарға жауап беруде бұл мәселелер қысқа көрсетіледі, сот үкімінде сипаттап жазылған мән-жайларға қайта оралудың қажеттілігі жоқ. – 2003 жылдары бізде сот жүйесіне реформа жасалды. Бірақ, сол реформа кезінде қазақтың ежелгі билер соты бүгінгі жүйеге жөндеп кіріктірілмей қалды. Билер сотын жоғары оқу орнында оқыдыңыздар ма? Бүгінде ол оқытыла ма? Біз ол жүйеден өзімізге не алдық? Медиация ма тек қана? – Билер сотынан емтихан тапсырғанбыз. Салық Зиманов ағамыз бастауында тұрған бүгінгі сот жүйесіне ең бірінші алғанымыз – ату жазасының жойылуы. Қазақта ату деген болмаған. Құн төлеу болған. Біз соған келе жатырмыз. Медиация – екі жақты келістіру деген сөз. Бұл екі үрдіс те сот жүйесін әрі ата-баба жолына сәйкестендіру, әрі әлемдік үрдіске жақындату болып табылады. Және бұл үдеріс тоқтаған жоқ, жалғасып келеді. Біз қазір түрмеге тоғытылатындардың үлесін азайту үстіндеміз. Әлемнің дамыған елдерінде мың адамға шаққандағы көрсеткіш өте аз. – Бізбен салыстырғанда Голландия, тіпті,өз түрмелерін өзге елдердің қылмыскерлерін қамау үшін жалға беруде... Жарайды, билер сотына қайта оралайық. Сізбен бір жерде келісе алмай отырмын. Билер соты біздің бүгінгі жүйедей тікелей (вертикалдық) құрылым емес, жазықтық (горизонталдық) құрылым болатын. Қазір ауданнан әділдік таппаған адам облысқа, одан астанаға барады, осы екі ортада сандалып жүреді де қояды. Ал, ешкім еңбегі үшін жалақы төлемейтін қазақ биінің күнкөрісі тікелей өз үкімінің әділдігіне байланысты еді. Бір-екі рет әділ шешпесе немесе парақор деген аты шықса болды, оның алдынан адам кететін, адаммен бірге мал кететін. Және кеткендер жоғарыға сандалмайтын, Сәрсенбайдан көңілі қалғандар оның әріптесі Бейсенбайға баратын. Яғни, ең басты өлшем, әділ шешу биге барлық жағынан тиімді еді. Бұл жол оны таза, адал болуға мәжбүрлейтін.Міне, қарапайым, бірақ керемет тапқыр тетік!.. Қазір судьялар елдегі ең жоғары жалақының бірін алады, бірақ, оның әділдігі немесе әділетсіздігі жалақысына, қызметіне ешқандай әсер етпейді. Пара алғаны көрініп тұрса да, судья болып істеп жүре береді. Осыған келісесіз бе? – Бұны былай айтуға болады. Ол кездегі қазақта рулық қатынас дамыған заман. Бүгінгі жүздеген ұлттар өкілі бірге тұратын кезеңге, жалпы адамзаттың бүгінгі даму кезеңіне ол тәртіп дұрыс келмейді ғой деп ойлаймын. – Қалайша? Басты критерий, би сотының көзірі – әділдігі емес пе? Бұл үрдіс қайта әділетті қазақ сот жүйесін жасауға, сөйтіп, әлемдік өркениетке ерекше үлес қосуға мүмкіндік береді ғой? – Дұрыс, басты критерий – әділдік. Бізде ресейлік отарлау саясаты жүргізілді. Қазақ пен орыс арасы ол кезде орыстың пайдасына шешіліп кете беретін. Ол жерде қандай әділдік болуы мүмкін? Осының бәрін қорытқанда, қазіргі күндегі судьяны Президент тағайындайтын жүйе бүгінгі лайық, дұрыс жүйе деп ойлаймын. Оның бір шетін біз әлемдік сот жүйесіне, екінші шетін билер сотына апарып тіреп отырмыз. Мысалы, абақтыға кесудің орнын айыппұлмен реттеу батыста да бар, билер сотында да болған. Қазақта жоқ абақтыны көбейтіп алдық, енді әлемдік үрдіске сай оны азайтуды қолға алып жатырмыз. Ол кезде би немесе ақсақал болса, қазір – медиатор. Мен Алматыда істеп жүргенімде әріптестерім «сіздің жақта медиациямен шешу өте көп қой» дейді. Мен «біздің елде әр ақсақал – медиатор» деймін... Оны тыңдайтын бір рулы ел бар. Аты медиация болғанмен, заты – қазақтікі. Бүгінде екі жаққа ақша төленетін болса, бізде бұрын бір қойдың етін асып, екі жақ уәждесіп, мына жақ айыбын мойындап, ана жақ оған қанағаттанып тарасатын, «бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде», істің солай бітіп жатқаны барлық жаққа да тиімді емес пе» деп, өзімше бір мақтанышпен айтқан сәтім болған. Міне, ескі дүние жаңа заманда осылай көрініс тауып отыр. Ал, билер сотын бүгінге түгелдей көшіріп әкелуге болмайды. – Түгел көшіріп әкелу керек деп отырған жоқпын мен де, басты қағидаларын әкеліп қосу керек деп отырмын. – Оларды әкеліп қостық. – Рахмет, Зәке, өрісімізді бір күнде тауысып қоюға болмас. Ауыр қызметіңізде Алла абырой берсін! Амандықпен көрісейік!Өмірзақ АҚЖІГІТ
"Қазақ үні" газеті