Жаңаөзендегі ереуіл белсендісінің бостандықтағы жай-күйі
2015 ж. 21 қараша
2307
1
Түрмедегі жазасының жалғасын шартты түрде бостандықта өтеп жүрген Жаңаөзендегі ереуіл белсендісі Роза Төлетаева күйзелісін дәрімен басып жүргенін айтады. Оның әлі өтеуге тиісті бір жылы бар.
- Ауысыммен жұмыс істеймін. Үнемі өндіріс басындамын, - деді ол Азаттыққа телефон арқылы.
Азаттық тілшісі Роза Төлетаевадан былтыр босаған кезде денсаулығына зиян келгенін айтқандықтан хал-жағдайын сұраған еді. Ол денсаулығында кінәрат болғанымен «ең бастысы бостандықта» екенін айтты.
- Қай жерім ауырса да, қалаған дәрімді ала аламын, қалаған дәрігерге көріне аламын. Ең бастысы бостандықтамын ғой. Бұл түрме емес, - дейді ол.
Роза Төлетаева Жаңаөзенде полицейлер бейбіт ереуілшілерге оқ атқан оқиғадан соң абақтыға жабылған басқа 12 мұнайшы әріптестерімен араласып тұратынын айтты.
- Әрине, жиі көрісе алмаймыз. Жұмыстамыз. Бірақ араласып, аман-саулық сұрасып тұрамыз. Оған кім тыйым сала алады? - дейді Роза Төлетаева.
Оның сөзінше, сотталғандардың ішінде жағдайы ең ауыры - Мақсат Досмағамбетов.
- Оған әлі емделу керек. Қаражат та қол байлау. Мұнайшылар әлдері келгенше көмектесіп жатыр, - дейді Мақсаттың денсаулығына алаңдаушылығын білдіріп.
Ал өзінің хал-жағдайы туралы:
- Әрине стресс бар, жүйкем жұқарған. Мен түрмеден шыққанда санаторийде емделуді ұсынған еді. Ол кезде отбасыммен болғым келді. Қазір өзімді-өзім ұстап, дәрі-дәрмегімді ішіп тұрамын, - деді Роза Төлетаева.
2011 жылы Жаңаөзендегі ереуілден соң Роза Төлетаева 2012 жылы маусымда сот үкімі бойынша жеті жылға бас еркіндігінен айырылған. Ол түрмеде отырғанында "азаптауға ұшырады" деген шағымдар болған. 2013 жылдың тамызында апелляциялық сот оның жаза мерзімін жеті жылдан бес жылға азайтқан. Төлетаеваның жаза мерзімі 2017 жылдың 2 қаңтарында аяқталуы тиіс болған.
2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында қарулы полиция бірнеше ай бойы ереуіл өткізіп келе жатқан мұнайшыларға қарсы оқ атқан. Ресми дерек бойынша 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Осы оқиғаға байланысты жалпы 37 адам «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «ұрлау» және «тонау» баптары бойынша айыпталған. 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.
Азаттық