Маңғыстауға дәрі-дәрмек сақтайтын қойма қажет
2015 ж. 18 қараша
3028
0
Маңғыстау өңірі тұрғындарын тұрақты дәрі-дәрмекпен қамту мәселелері облыс әкімінің орынбасары Әнуар Шөжеғұловтың және «Самұрық Қазына-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұржан Әлібаевтың қатысуымен өткен жиында кеңінен талқыланды.
Сондай-ақ, жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мен медицина қызметкерлері қатысты. Басқосуда «Самұрық Қазына-Фармация» ЖШС-ның даму перспективалары мен проблемалары сөз болып, тұрғындарды дәрі-дәрмек түрлерімен ақысыз және үзіліссіз қамтамасыз ету маңыздылығы айтылды.
«Самұрық Қазына-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұржан Әлібаев елімізде фармацевтикалық саланың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, дәрілік заттарды мемлекеттік сатып алуды шоғырландыру жолы мен фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту мақсатында құрылған компанияның алға қойған мақсаттары мен міндеттерін айтып берді.
-Аймақтық медициналық мекемелердің серіктестік алдындағы қарыздарының өтелуі, дәрі-дәрмекпен алыс ауылдардың өзін үздіксіз қамтамасыз ету, медициналық препараттардың сапасын қадағалау және басқа да маңызды мәселелердің оң шешілуі бағытында біздің мекеме тынымсыз еңбек етеді. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, осы саладағы барлық мәселелерді әрбір аймақтағы мекеме басшыларымен ақылдаса отырып шешсек, оның тиімділігі зор болады деп сенемін. Сондықтан да бүгінгі жиынға қатысушыларға осы жерде көтерілетін мәселелерге немқұрайлы қарамауға шақырамын. Қазіргі таңда елімізде дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Бағаны көтеруге еш негіз жоқ,-деген Н. Әлібаев қолданысқа енгізілген дәрілік заттар немесе бұйымдар тиісті сапаға сәйкес келмейтін жағдайларда тіркелген болса, ол туралы «СҚ-Фармация» ЖШС өкілдеріне, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің аумақтық бөліміне хабар беру керектігіне тоқталып, облысқа дәрі-дәрмек сақтайтын бірыңғай қойма керек екенін айрықша атап өтті.
Жиында сөз алған облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Руслан Бектубаевтың айтуынша, ағымдағы жылы облыста «Самұрық Қазына-Фармация» ЖШС-мен 33 медициналық мекеме 1 млрд.теңгеге келісім-шарт жасасқан. Сонымен қатар бірыңғай дистрибьютор науқастарға және вакцинаға байланысты республикалық бюджет есебінен 2 млрд.теңгеге дәрі-дәрмек жеткізген.
- Өңірде дәрілік заттарды және медициналық мақсаттағы бұйымдардың уақытылы тасымалдануы, сенімді сақталуы толықтай қамтамасыз етілген. Дәрі-дәрмектің сақталу уақыты бұзылған немесе бөлінген қаражаттың уақытылы игерілмеуіне қатысты тіркелген фактілер жоқ. Аса қажетті дәрілерді сатып алуға қатысты сұрақтар қыркүйек айында түбегейлі шешілді. Сондықтан да облыста да дәрі-дәрмек қоры жеткілікті екенін атап өткім келеді,-деді Р. Бектубаев.
Сапар барысында Астанадан келген «Самұрық Қазына-Фармация» ЖШС өкілдері облыстық қан орталығының базасында орналасқан қосымша иммундау вакцинасы сақталатын қоймада және облыстық ауруханада болып, медициналық мекемелердің жұмысымен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілу жағдайларымен танысты.