ЖАҢАӨЗЕНДЕ ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАР БЕЛСЕНДІЛІК КӨРСЕТТІ
2015 ж. 18 қараша
2209
2
Жаңаөзен қалалық ішкі саясат бөлімінің 2015 жылғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Жаңаөзен қаласының азаматтық бастамасы» ҚБ-нің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 5 институционалдық реформа «100 нақты қадам» бағдарламасын насихаттау бойынша Теңге ауылындағы №17 орта мектепте мұғалімдермен, ата-аналармен және де 11 сынып оқушыларымен кездесу өтті.
Кездесуге Теңге ауылының әкімі Ү. Максимов, Жаңаөзен аймағы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықтың алдын - алу шаралары бөлімінің қызметкері Е.Таушанов, Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту орталығының директорының міндетін атқарушы Р. Бисенова қатысып, реформаның бес бағыты бойынша жан-жақты түсінік берді.
«Бүгінгі жиналысымыз қала, ауыл тұрғындарына мемлекеттік бағдарламаларды жеткізу, насихаттау, маңыздылығын түсіндіру, сонымен қатар олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында өткізіліп отыр» - дейді «Жаңаөзен қаласының азаматтық бастамасы» ҚБ-нің төрайымы Р. Мұхашева.
Мемлекеттік бағдарламаларды, соның ішінде «100 нақты қадам» институционалдық реформасын насихаттау жөніндегі бұндай шаралар алдағы уақытта Қызылсай, Рахат ауылдарындада жалғасын таппақ.