Айдын АЙЫМБЕТОВ: Ана тілін үш айда еркін игеріп шығамын
2015 ж. 16 қараша
4946
23
Қазақ ұлттық университетінің әл-Фараби атындағы орталық кітапханасында қазақтың үшінші және «Қазғарыштың» тұңғыш ғарышкері, Халық қаһаманы өзінің Халықаралық Ғарыш Бекетіне жасаған сапарына байланысты студенттермен кездесті. Шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов және БАҚ өкілдері қатысты.
Ғарышкердің Алматы қаласы бойынша өзге оқу орындарына емес, дәл осы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ат басын бұруы да тегін емес-ті. Өйткені, осы оқу орны ғалымдары әзірлеген «Кулонов плазмалық кристалы» атты тәжірибесі ғарышкердің ұшу бағдарламасына енген еді.
«Кулонов плазмалық кристалы» – университеттің ғарыш саласындағы алғашқы ғылыми тәжірибесі. Аталмыш еңбектің авторы – профессор Тілекқабыл Рамазанов. Оның айтуынша, ғарышта алынған нәтижелер микрогравитация жағдайында униполярлық плазмада құрылым түзілудің негізгі мәселелерін зерттеуге жасалған бірінші қадам болмақ. Сонымен қатар, бұл тәжірибе Ғаламшардың пайда болу құпиясына үңілуге мүмкіндік бермек.
Соңғы уақытта, ҚазҰУ-дың жас ғалымдары отандық ғарышкерлер сапары алдында әзірленетін ғарыш тәжірибесі бағдарламасына атсалысып келеді. Қазіргі таңда олар көміртегі наноқұрылымдар негізінде антифрикциялық материалдар жасау жобасын дайындауда. Сонымен қатар, «Плазмалық кристалл – 4» бағдарламасы және нанокөміртегі материалдары мен сезімтал графенді құралдар бойынша толыққанды зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Оқу ордасының ғарыш саласындағы тағы бір маңызды бағыты – шағын ұшу аппараттарын жасау. Негізінен, мұндай зерттеу маман даярлау және аса ірі «Ғарыш техникасы мен технологиясы» жобасын жүзеге асыру барысында өткізіледі. Бүгінде білім шаңырағында наноспутниктерді шығару ісі басталып кетті. Бұл тұрғыда жиын барысында ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов: «Қазіргі таңда Қазақстан космостық державаға айналу үстінде. Сол себепті де біз, еліміздің ғарыш саласын қарқынды дамуына үлес қосу үшін жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. Бүгінгі күні университет қабырғасында жасалған қазақтың алғашқы «Фараби – 1» наноспутнигі ғарышқа шығуға дайын тұр. Ал, алдағы уақытта салмағы 50 келі тұратын микроспутникті ғарышқа шығаруды жоспарлаудамыз», – деді.
Осы кездесудің аясында Халық қаһарманы Айдын Айымбетов Қазақ ұлттық университетіндегі нано-лаборатория мен ғылыми-техникалық паркті және «Керемет» атты студенттерге қызмет көрсету орталығы мен әл-Фараби орталық кітапханасын аралады.
Кездесу кезінде қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетовке университет ұжымы «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге – 80 жыл» мерейтойлық төсбелгісі мен студенттердің өз қолымен дайындаған ғарышкердің портреті салтанатты түрде табысталды.
Кездесу барысында жастар және БАҚ өкілдері ғарышкерге көкейкесті сауалдарын қойды.
ҚазҰУ-дің студенті:
– Айдын Ақанұлы, ғарышты бағындырып келген адам ретінде сіздің ендігі арманыңыз қандай?
– Арманым көп, әрине. Алдағы уақытта марсқа ұшқым келеді. Сонымен қатар ай ғылыми базасын қалыптастыруға атсалысқым келеді. Әйтсе де, мұның барлығы жақын күндері орындалмауы мүмкін.
«Қазақ үні» газеті:
– Сіздің Халықаралық ғарыш бекетіне сапарыңыз осы жолда ұзақ жылдар бойы төккен теріңіздің нәтижесінде жүзеге асқаны белгілі. Жалпы, ғарышты бағындыру үшін қандай жолдардан өттіңіз? Сол туралы толығырақ өз аузыңыздан естісек...
– Менің жастарға айтар кеңесім, алдарыңызға қандай мақсат қойсаңыздар да, оның орындалуына күмән келтірмеңіздер. Меніңше, адам асқақ армандарды ойлай білуі керек. Сонымен қатар, сол жолда еселі еңбек ете білуі тиіс. Сонда ғана алға қойған биік мақсаттарымыз сөзсіз орындалады. Мәселен, мен Талдықорған қаласына қарасты шағын ғана ауылдан шықтым. Ұшқыш болу бала күнгі арманым еді. Сол арман мені Авиация бас маршалы П.С. Кутахов атындағы Қызыл Тулы Армавир жоғары әскери авиациялық ұшқыштар мектебіне жетелеп әкелді. 1993 жылы осы оқу орнынан ұшқыш-инженер біліктілігін алып шықтым. Осы жылдан бастап Қазақстан Республикасы Әскери әуе қорғаныс күштерінің құрамында қызмет ете бастадым. 1993 жылы алғаш рет ғарышкерлер жасағына қабылдау туралы өтініш білдірдім.
2007 жылы Ресейдің Юрий Гагарин атындағы ғарышкерлер дайындау орталығында дайындықты аяқтадым. 2009 жылы күзде халықаралық экипаж құрамында ғарышқа ұшуға тиіс едім. Бірақ қаржы тапшылығына байланысты кейінге шегерілді. Сөйтіп, 6 жыл бойы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінде қызмет атқардым. Халықаралық Ғарыш Бекетіне сапар жасауды жыл сайын күтетінмін. Сонда менің жетекшім Талғат Мұсабаев: «Алаңдама, әлі-ақ өзіңдей қазақ азаматының көкке көтерілуіне мүмкіндік туады» деп маған қолдау көрсетіп отыратын. Осы уақыт аралығында Қытай Халық Республикасымен, Ресей Федерациясымен қазақстандық азаматтың ғарышқа ұшуы жөнінде түрлі байланыстар жүріп жатты.
2015 жылдың 2-қыркүйегінде ғана ғарышқа самғауға мүмкіндік алдым. Яғни, бұл менің 22 жыл бойы күткен арманымның орындалған сәті. Осы тұста бұл айтулы оқиға Елбасымыз Н.Назарбаевтың қолдауының арқасында іске асқанын айта кетуге тиіспін.
– Айдын Ақанұлы, сіздің Халықаралық ғарыш бекетіне жасаған сапарыңызға қомақты қаржы жұмсалғаны белгілі. Дәл осы жолғы сапар қазақ халқына не береді?
– Халықаралық Ғарыш Бекетіне жасаған сапарым – 1991 жылы Тоқтар Әубәкіров, 1994 жылы Талғат Мұсабаев сынды қазақ халқының маңдайына біткен батыр ұлдары жүріп өткен жолдың заңды жалғасы деп білемін.
Қазіргі таңда ғарыш қызметін дамыту жұмыстарын жүйелі жүргізуге бар күш-жігерімді арнаудамын. Бүгінде Қазақстанның ғарыш саласындағы жүргізіліп жатқан күрделі ғылыми зерттеу жұмыстары алдағы уақытта өз жемісін беретіні сөзсіз. Біздің бұл бағыттағы істерімізге әлем елдері қызығушылық танытып отыр. Менің бұл жолғы сапарым Қазақстанның ғарыш қызметінің жақсаруына, ғылым саласының қарқынды дамуына қомақты үлес қосатыны анық.
Атап айтсақ, ҚазҰУ жобасы бойынша зарядталған микробөлшектердің салмақсыздық кезінде әртүрлі магниттік кернеу аясында бір-бірімен ықпалдасуы зерттелді. Зерттеу нәтижелері бірқатар облыста қолданылмақ.
ҚазҰУ студенті:
– Бортинженер ретінде сіз қандай міндеттерді орындадыңыз?
– Ғарыш – ол, әрине, өзге әлем. Оны сөзбен жеткізіп беру де қиын. Мен бұл сапарымда бортинженер қызметін атқардым. Яғни мен ұшақтың жұмысын қадағалап, туындаған техникалық мәселелерді шешуге тырыстым. Ғарыш бекетіне қосылу және одан ажырау ісінің барлығы менің бақылауымда болды. Сондай-ақ, Ұшуды басқару орталығының тапсырмаларын нақты орындадым деп айта аламын.
ҚазҰУ студенті:
– Отандық ғарышкерлеріміздің арасында Ресей азаматтығын алып, өздерінің көздеген жоспарына тезірек жетуге ұмтылып жатқандарын көріп жүрміз. Ғарышқа ертерек ұшу үшін азаматтығыңызды ауыстыру туралы ой болған жоқ па?
– Қысқа жолды таңдаған адам мәреге бірінші жетеді деген сөз емес. Мен ғарышқа Қазақстан азаматы болып ұшатыныма сендім. Сондықтан, Халықаралық Ғарыш Бекетіне жасалатын сапарды 22 жыл күттім.
Мен үшін патриотизм дегеніміз – ол менің – отбасым, менің – достарым, менің – қалам, менің – сүйікті Отаным – Қазақстаным! Осы бір аталған құндылықтарға құрмет көрсету – менің азаматтық борышым.Туған жерім қашан да маған күш-жігер береді. Мен мұны жерге қонған бетте өте қатты сезіндім.
«Егемен Қазақстан»:
– Айдын Ақанұлы, сіз үшін қазақтың үшінші ғарышкері мен «Қазғарыштың» тұңғыш ғарышкері болудың айырмасы неде?
– Маған менің алдымда ғарышты бағындырған қазақ азаматтары – Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев ағаларымыздың ізбасары болу жаныма жақынырақ.
– Халықаралық Ғарыш Бекетіне жасаған сапарыңызға өзіңіз қандай баға берер едіңіз?
– Мен өз-өзіме баға бермей-ақ қояйын. Болашақта ғылыми жұмыстарымыз нәтижесін беретіні сөзсіз. Дегенмен, ғарыш саласындағы ғалымдар менің бұл сапарыма жоғары деңгейде екендігін айтып, өте жақсы деген баға берді.
«Қазақ үні» газеті:
– Ғарышқа ұшар алдында сіздің шоқыну суынан шошынған суретіңіз әлеуметтік желіде өткір сынға алынды. Бұл рәсімге қалай тап болдыңыз?
– Ғарышқа сапар алдында командиріміз шіркеу қызметкерінен бата сұрады. Бұл рәсімге бүкіл экипаж мүшелерінің қатысуына тура келді. Сондықтан да, мен қарсылық танытпадым. Бірақ менің ешқандай да өзге дінге қатысым жоқ.
– Елбасымыз БҰҰ-да мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінде баяндама жасағанын жақсы білеміз. Және де осы тарихи сәттен кейін биліктің тізгінін ұстаған азаматтарымыздың қазақ тілінде сөйлейтініне сенетіндігін айтты. Кездесу барысында сіздің қазақ тілін меңгермегеніңізді аңғардық. Халықтың қаһарманы ретінде қазақтың мемлекеттік тілінде қашан сөйлейсіз?
– Мен ана тілін әжептәуір білемін. Бірақ тілімде аздаған акцент болғандықтан сөйлей бермеймін. Мұның барлығы орысша білім алғандығымның әсері болар. Әйтсе де, Елбасымыздың «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген сөзін ұмытқан емеспін. Бұйыртса, екі-үш айда қазақ тілінде таза сөйлеп шығамын деп айта аламын.
Дайындаған: Гүлмира САДЫҚ
"Қазақ үні" газеті