ДОЛЛАР ДАУЫЛЫ МЕН ТЕҢГЕ ТӘУЕЛСІЗДІГІ
2015 ж. 10 қараша
4210
17
ТӨЛ ТЕҢГЕМІЗДІ ҚАЙТСЕК ТҰҒЫРЛЫ ЕТЕ АЛАМЫЗ?
Бүгінгі күні әлемдік қаржы нарығында АҚШ доллары басты рөл ойнап отырғаны баршамызға аян. Оны бүкіл дүние жүзі сезініп, долларға басыбайлы жағдайда қалғаны да жасырын емес. Көптеген елдің валютасы доллармен салыстырмалы түрде бағаланып, оның дәл болмаса да болжамды бағамы "анықталып" келеді. Неге бүкіл әлемдегі ақша атаулы тек қана доллармен салыстырылуы керек? Неге доллар әлемдік қаржы нарығында басты рөл ойнап отыр? Басқа валюталардың ондай құқығы жоқ па? Долларға тәуелділіктен қалай құтылуға болады? Міне осы тектес сұрақтар жұмыр жер бетіндегі мемлекеттер мен оны мекендеген халықты мазалайтыны анық. Оның ішінде күн сайын құлдыраған біздің теңгеміз де бар. Олай болса осы сұрақтар төңірегінде ой қозғауға біз де құқылымыз. Алдынала ескертіп қоялық, бұл тек қана біздің жеке пікіріміз.АҚША - МАТЕРИАЛДЫҚ ЗАТТЫҢ КӨЛЕҢКЕСІ
Адамзат тарихына үңілсек, көп нәрселерге көз жеткізуге болады. Мысалы, ақшаның өзі түгіл, ақша деген ұғым мүлдем жоқ кезде, біздің алдымыздағы жүздеген жылдар бұрынғы қоғамда адамдар валютасыз қалай өмір сүрген? Дұрыс айтасыз, ол кезде тауар айырбастау арқылы өзіне қажет заттарға қол жеткізген. Айталық, ауылдағы мал немесе астық өсіруші өз өнімін базарға шығарып, қаладағы қолөнершілерден құмыра, қазан немесе күрек, кетпен сияқты құрал-жабдықтарға айырбастап, қажеттіліктерін қамтасыз еткен. Алғашқы ақшаның қай кезде, дәп қай жылы, қай елде пайда болғаны туралы болжамдар көп кездеседі. Анау елде ана жылы, мынау елде мына жылы деген сияқты жобалап айтылған деректер жетерлік. Оның өзінде алғашқы ақшаны әркім өз елінде пайда болған дегісі келеді. Рас, алдымен асыл тастар мен бағалы аң терілерінің ақша орнында жүрген кездері де болыпты. Демек, біз табынған доллар емес, асыл заттар, оның ішінде алтынды ақшаның арғы атасы деуге құқылымыз. Бүгінгі күні де солай. Доллар болсын, еуро болсын, тіпті ең қымбат динар валютасы да ол алдымен белгілі бір материалдық байлыққа негізделуге тиісті. Ал материалдық байлық дегеніміз өзіміз күнде жиі қолданатын термин - экономика, қарапайым қазақ тілімен айтсақ дәулет деген сөз. Оның да ауқымы кең, түптеп келгенде теңгеміздің тұғырлы болуы да соған байланысты.ӨНДІРІС ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ
Бүгінгі сауда-саттыққа даңғыл жол ашып берген біздің елде өндіріс өгей баланың күйін кешіп отырғанын алдымен айтуға міндеттіміз. Өкінішке орай, біз сауда-саттық, ойын-сауық бизнесіне баса мән беріп кеттік. Бір кездегі алып зауыт-фабрикалардың бүгінгі күні сауда-саттық, ойын-сауық орталықтарына айналғанының өзі осыған нақты дәлел. Ал шын мәнінде өндіріс - өзекті мәселе, экономиканың негізі. Өндірілген өнім - негізгі құндылық. Ақша соның суреті сияқты бейнесі, болжаммен алынған бағасы. Өнімді сату немесе сатып алу екінші кезектегі қосалқы қызмет, кезінде кеңестік кезеңде де дәп осылай есептелген-ді. Біз күннен күнге құлдыраған теңгемізді тұрақтандыра алмай аласұрудамыз. Теңгенің тағдыры бізді тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап толғандыруы қажет еді. Шикізаттың мол қорына салмақ салмай, қазба байлыққа ғана сенбей өндірісті өркендеткенде, өңдеу және кәсіпкерлік саласын шынайы қолға алғанда дәп осындай қысылтаяң кезеңге тап болмас едік. Мысалы өткен ғасырдың аяғында әлем елдерінің ең соңында жүрген Қытай қазір экономикасы жағынан екінші орынға шығып отыр. Өндірісті дамыту арқылы ширек ғасырда үлкен жетістіктерге жетті. Әрине, капиталистік жүйе дағдарыссыз болған емес, болмайды да. Капиталистік "бәсеке" тауарлардың шектен тыс шығарылуына әкеліп соғатыны белгілі. Кім бірінші мол өнім шығарып сатып үлгерсе сол ұтады. Қалғандары банкрот болады. Бұл туралы Карл Маркс өзінің "Капитал" атты еңбегінде соқырға таяқ ұстатқандай етіп жазып кеткен. Сондықтан бізге нақты жоспарлы экономика аса қажет. Әрбір тауардың сұранысын, оның қажет көлемін анықтап, өндірушілер қимылын есеппен ұйымдастыра, үйлестіре білу қажет. Бұл жағы бізде жұмсартып айтқанда атымен жоқ. Рас, бағдарламалар жетерлік, олардың бәрі жалпылама бағыт қана. Мысалы, кеңестік кезеңде келесі бесжылдықта қанша адам зейнеткерлікке кетеді, оның орнына қанша маман дайындау керектігі мұқият ескерілетін. Тіпті сол мамандарға қанша баспана керектігі де жопарланатын. Елімізде Мемлекеттік Жоспарлау комитеті деген құзырлы орын болған-ды. Бүгінгі біздің сол мекеменің міндетін атқаратын министрліктер нақты жоспар түгілі ертең не істеу керектігін де дөп басып айтып бере алмайды. Біздің ең әлсіз тұсымыз да осы. Біз Батыстың да Шығыстың да экономикалық озық үлгілерін қарастырып көрдік. Шенеуніктеріміз шетелден не алып келмеді? Бірақ, нәтиже жоқ. Еліктеудің де өз орны бар, оны біздің менталитетіміз бен мүмкіндігімізге қарай шамалап нақты іске асыру жағын ойламаймыз. Әрбір басшы өзінше "жаңалық" ашып, Елбасының алдында көзге түскісі келеді. Сол "бастамасының" ертең елімізге қыруар шығын әкелетіні толғандырмайды оларды. Былайша айтқанда шенеуніктер әкелген шетелдік киімнің не балағы ұзын, не жеңі қысқа болып шығады. Сөз жоқ, әлемдік деңгейдегі жоғары дамыған техника мен технологияны енгізу қажет. Бірақ, алдымен өз өндірісімізге басымдық бергеніміз дұрыс. Шетелдік тауарлар бізге емін-еркін келуде, ешқандай тосқауыл жоқ. Миллиардтаған қаржымыз сыртқа кетіп жатыр. Тіпті олардың біздегі жұмыс істеп жатқан компанияларына көптеген жеңілдіктер жасалған. Ал өзіміздің отандық өндірушілер қиындықтан көз ашпайды. Шетелдік тауарлардың бәрі кеденнен өтеді. Ондағы салық көлемі тым жоғары. Бір ғана мысал, соңғы жылдар саудагерлер тауарларды неге Қырғызстаннан тасып жүр? Жоқ, олардың өндірісі өрлеп кеткен жоқ, сол баяғы қытайлық арзанқол тауарлар. Өйткені оларда кеден салығы бізге қарағанда анағұрлым төмен. Біздегі тойымсыздық түбімізге жетеді деген сол. Бәрін айтпасақ та, осы аталған себептердің өзі ғана ел экономикасына, халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей кері әсер етеді. ДОЛЛАРДЫҢ ШЫНАЙЫ САЛМАҒЫ ҚАНДАЙ? Долларға тәуелділіктің бірнеше себептері бар. Алдымен өндірістің нашар дамуы екенін айттық. Егер шетелден ағылып жатқан тауарлардың бәрі елімізде шығарылып жатса шетелдік банктерден үстеме пайызымен қарызға алатын удай қымбат долларды төлейтіндей бізге не көрініпті? Ақшамызды қайда шашарымызды білмейтіндей соншалықты бай емеспіз ғой. Шетелдік тауарға деген қажеттілік болмаса, доллардың қазаққа қажеті де шамалы. Ал шетелге шығамын, демаламын деген қалталылар қалауынша сатып ала берсін долларды, оған ешкім шек қойып отырған жоқ. Мәселе доллар дүрбелеңіне байланысты қарапайым халықтың иығына түскен салмақта болып отыр. Тағы бір мысал, кеңестік кезеңде бір доллар 70-90 тиынның деңгейінде ғана болатын. Өйткені халық тұтынатын тауарлардың бәрі одақтың өзінде шығарылды. Әрине, сапасы мен көлемі жағынан айырмашылықтар болды. Екіншіден, қанша жерден "қырғи қабақ" соғыс кезеңі болғанмен азулы АҚШ КССРО-ға тісі батпайтын, қазіргідей санкция салу немесе күш көрсетіп тізесін батыра алмайтын-ды. Айтайын дегеніміз, доллардың дүниежүзілік нарықта басты рөл ойнауының саяси жағы басым жатыр. Оны аңғару үшін экономика ғылымының докторы болу міндет емес. Барлық ұлы жаңалық қарапайым заттан басталады демекші, Ньютонның басына алма түсіп кетіп "Жердің тартылыс заңын" ашқанмен бірдей ғана құбылыс. Саясаттың түп-төркіні, тура мағынасы - қулық, айла деген сөз екені белгілі. Бір бала екінші баланың қолындағы тәттіні алу үшін не алдап не күшпен тартып алатыны секілді, біз аузымызды толтырып айтатын саясаттың да түпкі мақсаты - сол "тәттіні" өз қолына алу болып табылады. Бүгінгі ең тәтті дүние - жердің қазба байлығы тағы да басқа материалдық құндылықтар. Қуатты мемлекеттер онымен бөліспегендердің күнін қараң етуге бар. Арандату, іштей іріткі салып, кез келген елдегі жағдайды азамат соғысына жеткізуден тайынбайды. Ондай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бір ғана Таяу Шығыс пен Украинаны атасақ та жетіп жатыр. Құдайға шүкір, қазір үшінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан жоқ. Бірақ, саяси соғыс ешқашан тоқтаған емес. АҚШ экономикасы дамыған қуатты мемлекет. Оған ешкім дау айтып отырған жоқ. Бірақ, олардан да мықты болмаған күннің өзінде, кем дегенде терезелері тең мемлекеттер де бар ғой. Мысалы, Германияны немесе Жапонияны алайық. Ғылым, білім, жаңа технология жағынан Америкадан бір де кем емес. Неге осы аталған елдердің валютасы әлемдік айналысқа түспейді? Немістер мен жапондықтар өз ақшасының доллардың орнында кең қолданыста болғанын қаламай ма? Қуана келісер еді. Тіпті біз де теңгеміздің дүниенің төрт бұрышына танымал болып, оны таласа-тармаса алып жатқанын көргіміз келеді. Доллардың әлемдік айналысқа түсуінен АҚШ есепсіз пайда табатыны түсінікті. Есептеп көріңіз, дүниежүзі бойынша қаншама мыңдаған тонна жасыл қағаз айналымда жүр. Соның әрбір долларынан 3 пайыз пайда көрген АҚШ батпан құйрықты қолында ұстап отыр. Соның бәрінің материалдық негізі бар дегенге бес жастағы бала да сенбесі белгілі. Тіпті ол мүмкін емес. Ол үшін миллиардтаған тонна алтыны болуы, яғни Америка алтынның астында жатуы керек. Кейбіреулердің "АҚШ-тың 100 долларлық банкнотына қарағанда біздің дәретханадағы бір орам қағаздың өзіндік құны анағұрлым қымбат" деуі негізсіз емес. Америка экономикасы да құлдырау үстінде. Ол туралы тоқсаныншы жылдардың аяғында батыстық, ресейлік және басқа да беделді сарапшылар ашық айтқан болатын. Дәп сол кездерде АҚШ өзінің өндірістік әлеуетін әлсіретіп алды. Оған Қытайдағы арзан жұмыс күшін пайдаланамын деп өндіріс ошақтарын Аспанасты еліне ауыстыруы негізгі себеп болды. Біріншіден, өз елінде жұмыс орындарын қысқартып, халық наразылығына қалды. Екіншіден, өндірісін өркендеткен қытайлықтар оларға енді бой бермейтін ашық бәсекелес болып шыға келді. Рас, Америка алтын қоры жағынан әлем бойынша бірінші орында тұр. Оған қоса, өзге елдердің алтындарын сақтап тағы да пайда тауып отыр. Ал ақша салмағын жер қойнауындағы байлықтарға негіздесек, Американы он орап алмаса да, оған иық тірестіре алатын бай мемлекеттер көп, соның бірі өзіміз. Бірақ, аспандағы жұлдыз бен жеті қат жер астындағы қазба бапйлық валюта болып табылмайды, оны алдымен өндіру керек. Неге доллардың орнына әлемдік ортақ бір валюта белгіленбейді? Бір ғана доллардың жеке-дара айналыста болуы өзге елдердің ақшасына тежеу қою, олардың дамуына кедергі жасау деген сөз. Қарулы да қуатты мемлекет екенбіз деп өзгелердің құқығын шектеуге бола ма? Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік жоғары деңгейдегі ордалы отырыстарда екі-үш рет айтқаны бар. Бірақ, оны ешкім естімегендей кейіп танытып, құлақтарын бітеп алды. Өйткені АҚШ қаржылық саладағы өз басымдылығын ешкімге бергісі келмейді. Мықты деген Батыс мемлекеттерінің өзі ортақ "еуроны" шығарудан басқа ешқандай қарсы қимыл көрсете алмады. ТӨЛ ТЕҢГЕМІЗДІ ТҰРАҚТАНДЫРУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК? "Доллардың орнына біздің теңгеміз жүрсін!" деп ешкімге айта алмаймыз. Өйтуге біздің ешқандай құқымыз жоқ. Біріншіден, біз теңгемізді толықтай материалдық жағынан негіздеп, экономикамызды жоғары деңгейге көтерген жоқпыз. Екіншіден, өзге алпауыт мемлекеттер секілді бүкіл әлемге қандай да бір үстемдік жүргізу саясатын ұстанбаймыз. Керек болса, ураны көп ел бола тұра ядролық қарудан толықтай бас тартып, өзгелерді де соған шақырып, бейбіт саясат ұстануды ұсынып жүрміз. Теңгемізді тегеуірінді ету үшін не істеуіміз керек? Сөзсіз, алдында айтқанымыздай, бірінші кезекте өндірісті өркендету қажет оған қоса дұрыс қаржылық саясат жүргізуіміз керек. Неге Елбасымыз Батысқа барған сапарларында сол елдің компанияларын біздің елде жұмыс істеуге шақырып отыр? Бәрі де сол өндірістің қамы. Өкінішке орай Тәуелсіздіктің бас кезінде, тәжірибесіздіктен біз тек қана шикізат өндіруге ғана көңіл бөліп кеттік. Сол кезде жасалған келісім-шарттар өзімізден гөрі шетелдіктерге тиімдірек болды. Ол туралы қазір билік ашық айтқысы келмейді, халықтан жасырын ұстағанды жөн көреді. Оған қоса көптеген қазба орындарын жекешелендіріп жібердік. Тіпті оның нақты иелерінің кім екендігінен де халық бейхабар. Енді оған біз ештеңе істей алмаймыз. Бірақ, осының бәрі болашақта алдымыздан шығады, сол кезде бармағымызды шайнайтын боламыз. Естеріңізде болса, бір кездері шетелден келген автокөлікті жөндейтін маман табу қиын болатын. Қазір кез келген шеберханада жіліктеп бұзып, қайта жөндеп, құрастырып бере алады. Айтайын дегеніміз, біздің де қолымыздан көп нәрсе келеді. Шынын айтсақ қытайлықтар шығаратын сапасыз тауарларды өзіміз де өндіре алатын едік қой. Ең бастысы таза ниет керек. Соны дұрыс ұйымдастыра білу шарт. Ал, біздің министрлеріміз болса адамдарды кәсіпке үйрету үшін шетелден тағы да қарыз алайық деп ұялмай ұсыныс жасап отыр. Сонда ширек ғасыр бойы осы мақсатқа үнемі бөлініп келген қаржы қайда кетті? Оның нәтижесі қайда? Бұл бір депутатымыз айтқандай бөлінген ақша сұғанақтардың қалтасында кеткенін көрсетеді. Өндірісті өркендетудің де өз шарттары мен заңдылықтары бар. Жаңа технологиялар енгізу, үнем, коғамдық еңбекке басымдық беру, ең аяғы ұлттық идеологияны дұрыс жолға қоюдың өзі осыған аса қажет жұмыстар. Оның бәрі өз алдына талдауды қажет ететін жеке тақырыптар.Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz