Сенім бірге болса, елің бірге болады...
2015 ж. 10 қараша
2727
1
«Еркек тоқты құрбандық»... Бұл – құрбандықтың соңғысы емес, талайы өмірам қапқан, біразы кезек күтіп жағада тұр; ал дені ойсыз-қамсыз «жайылымда» жүр...
Жалғыз адам, бір басшы, мейлі, ол - бас банкіні басқарсын, бір өзі мұқым елдің экономикасын тізгіндеп, ұлттың валютасына ауыздықтай алмайды...
Біздің біраз ТЖ (туфли жалағыш (жағымпаз) Мұхтар Шаханов) баспасөзіміз: «Ұлттық банктың төрағасы Қайрат Келімбетов халық пен бизнестің ғана емес, Президенттің сенімінен айырылды» - деп, жамырап-жарамсақтанып, жарыса жазып жатыр. Турасын айтсақ, ел басшылығы бір жылдың өзінде екі түрлі сөйлеп, елдің есін шығарды: жыл басында теңге бағамы өзгермейтіндігіне нық сендірсе; тамызда төл уәдесінен тайқып шыға келді...
Қалың қазақтың мүддесіне түкіріп қойған орыстілді баспасөздің «әтеш үні» мынадай: «Скорее всего, президенту РК не очень понравилось, что ему давали не очень верную финансово-экономическую информацию. В конце прошлого начале этого года президенту давали не очень верные данные о финансово-экономической ситуации. Еще убеждали в том, что все под контролем, цена на нефть увеличиться к 50 долларам за баррель. Ближе к лету уже стали все понимать, что ситуация не улучшается, а ухудшается, пришлось дезавуировать заявления президента. Недостоверное информирование главы государства о финансово-экономической ситуации в Казахстане поспособствовало решению о смене руководства финрегулятора»...
Қайрат КЕЛІМБЕТОВ 2008-2009 жылдардағы дағдарыс елдің ахуалын қақырата қаусатқаннан кейінгі ең бір қиын да сәтсіз кезеңде Ұлттық банкты басқаруға мәжбүр болды. Сондықтан, ол тура мағынасындағы «Еркек тоқты құрбандық»-қа айналды. Оның мәдениеттілігі, тәрбиелілігі, әдептілігі, тиянақтылығы мен жұмсақтығы артық сөз айтып, содыр қимыл жасауға жібермейтін еді...
Әлемдік нарықта мұнайдың құны құлдарып, Қытайда, Еуропа Одағында, Ресейде, ТМД аймағында экономика әлсіреп, ресей рубльі өлімші халге жетсе, Қайрат Келімбетов жалғыз өзі Қазақстанның шикізаттық-экспорттық көрсеткішін қалай жақсарта алады?!. Сол себепті, Қайрат Келімбетов екі қадам жасады, екеуі де қауіпті әрі жауапты болатын: біріншісі, теңгенің ақпан айындағы девальвациясы, екіншісі, тамыздағы теңгенің еркіне жіберілуі. Халықтың шамына тиіп, қоғамның ызасын тудыратын мұндай шешімдер қабылдау - екінің бірінің қолынан келмейді. Кейде Қайрат Келімбетовтің сөзі мен ісінің қабыспай жатуы да – елдегі жағдайдың тым ауырлығына тікелей байланысты болды...
Қазір біреулер: «Келімбетов қоғаммен, бизнес қуымдастығымен, банктермен тиімді қарым-қатынас орната алмады» – деп күстаналай бастады. Біздіңше, бұл – тап-таза жала жабу. Бір-ақ мысал: теңге еркіндікке кеткенде екінші деңгейдегі банктер алыпсатарлыққа салынып, 1 АҚШ доллары – 300 теңгеге дейін шарықтады. Жағдайдың ушығып бара жатқанын түсінген Келімбетов қыркүйек айында қазақ қор биржасында сауда жасаған заңды тұлғалардың тізімін жариялады. Аты аталып, «ұрлығы» жария болған екінші деңгейлі банктердің мүйіздері қарағайдай қожайындары (саяси элитаның белді мүшелері) Қайрат Келімбетовке шүйлігіп: «Ұлттық Банкке, ұлттық валютаға халық сенімі кеміді, халықпен жұмыс істей алмайсың»-ға басты. Шын мәнісінде, жалғыз Келімбетовке қарап тұрған мәселе жоқ еді, халықтың жалпы билікке деген сенімі теңгемен бірге құлдыраған болатын...
Ұлттық банктың жаңа төрағалығына Болат ЖӘМІШЕВ пен Үміт ШАЯХМЕТОВАны «айттырып» жүргенде, табан астынан Данияр АҚЫШЕВ шыға келді. Ешкім таң қалмады. Өйткені, Ақышев Ұлттық банктегі ерлер мен әйелдердің дәретханаларын адаспай дәл таба алатын, кезінде Григорий МАРЧЕНКОда орынбасар болған жігіт-тін. Сондықтан ба, біреулер: «Данияр 1 АҚШ долларының бағамын - 250 теңгеге түсіреді» деп, - алдан-ала қолшапалаққа басты...
Терең түсінсең, Ақышевтің де жағдайы мәз емес: қазақ экономикасы әбден құлдарады, тұрақты даму теңселіп тұр, тұтыну деңгейі тым төмен...
Үш мәселе ушығулы:
- Ұлттық банкке халықтың сенімін қайтару керек.
- Несие жүйесін тиімді реттеу арқылы теңгені күшейту керек.
- Қолда бар қаржыны мейлінше үнемді пайдалану керек.
Сосын, Ұлттық қор мен Зейнетақы жүйесін терең зерттеп, кетік-кемін толықтыру керек.
Жалғыз жалындаған ниетпен алысқа бару қиын. Аса ауыр міндеттерді іске асыру үшін, бір жағынан, саясаттың торына түсіп қалмай Ұлттық банктің құзыретіндегі шаруалармен мықтап әрі нақты айналысу керек болса; екінші жағынан, мүмкіндігінше тәуелсіз тұлға болуға тырысып, кезінде Үкімет пен Парламентті айналып өтіп депутаттарды шулатып, Ұлттық банктің мүддесін Елбасының алдында қорғауға тырысқан Григорий Марченкодан үлгі алу да мүлдем артық болмас.
Қазақтың Ұлттық банкінің тізгінін 2013 жылдың 1 қазанынан – 2015 жылдың 2 қарашасына дейін ұстаған Қайрат Келімбетовті сынаған да, мінеген де кездеріміз болды. Дегенмен, Қайрат Келімбетовтің арқасында аса қуатты құрылым – Біріңғай Ұлттық Зейнетақы Қоры құрылып, Ұлттық банкке бағындырылғанын мойындау керек. Сосын, Қайрат Келімбетовтің басты табысы – талай жылдар бойы экономикаға сырқат болып жабысып, айырылмай келе жатқан нашар несиелердің үлесін кеміте алды.
Келімбетов өзінің табиғи болмысы мен адами мінезіне қарай, мейлінше жұмсақ болуға тырысқанымен, бүгінгідей аса қиын кезеңде Ұлттық банкті астаналық бір тобыр шенеуніктердің қолжаулыққа айналдыруына жол бермей, дербестігі мен беделін шамасы жеткенінше сақтап қалды. Өйткені, Ұлттық банктің міндеті - айырма эмиссасын реттеу ғана емес, бүкіл елдегі несие мен инвестиция эмиссияларын да жақсарту болатын...
Данияр Ақышев кәсіби маман шығар, бірақ, саяси ортадағы салмақтылық – өздігінен келмейді. Басты мәселелер:
– Ұлттық теңгенің бағамын күшейту арқылы халықтың (бизнес пен шетел инвесторларының) Ұлттық банкке сенімін қайтару;
– ипотекалық несиелерді қайта несиелеудің көмегімен қаржы нарығын реттеу;
– Қоғамға мейлінше ашық болу: пікірілерімен санасу, қиыншылықтардың шығу себебі мен оларды шешудің жолдарын түсіндіру т.с.с.
Сенім дегенің – бір асау ат секілді, тыпыршып бір орынында тұрмайды, егер ебін тауып ерттеп міне алсаң, желмен жарысқан жүйрікке ұқсайсың... Сенім бірге болса, елің де бірге болады...
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,
qazaquni.kz