ДАҒДАРЫС: ҰРЛЫҚТЫ ҚОЙЫП, ҮНЕМГЕ КӨШІҢДЕР
2015 ж. 04 қараша
3419
3
ДАҒДАРЫС: ҰРЛЫҚТЫ ҚОЙЫП, ҮНЕМГЕ КӨШІҢДЕР
(қазақ пен дағдарыс арасындағы әңгіме)
ҚАЗАҚ:
– Дәке, осы сенің қазақтан ала алмай жүрген қандай өшің бар? Қинап біттің ғой бізді... ДАҒДАРЫС: – Біріншіден, мен Дәке емес Дағдарыспын. Сендер, қазақтар "Мәке", "Сәке" деп жалпақтауды қашан қоясыңдар? Жағымпаздықтан жалыққан жоқсыңдар ма? Сендердің түптеріңе жететін де осы жағымпаздықтарың, соны қашан түсінесіңдер? – Енді ол атадан қалған әдетіміз ғой... – Өтірік айтпа, ата-бабаларыңнан садақа кет! Бабаларың батыр болған, ақын-жыраулары мен билері бетің бар, жүзің бар демей турасын тіліп тұрып айтқан. "Тура биде туған жоқ" деген аталы сөз солардан қалды емес пе? – Как-никак, қарға тамырлы қазақпыз ғой. Бізде ру, жүз деген бар, туыс-туғанға іш тартпасақ болмайды ғой... – Әне, басталды! "Как-никак" деп аузын қисайтады ғой! "Мен не деймін, домбырам не дейді?" деген екен аталарың. Саған сөз шығындап, уақытымды өлтірген мен де ақымақ екенмін. Өздерің бар-жоғы он миллионға жетер жетпес халықсыңдар, сөйте тұра жүздеген руға бөлінесіңдер. "Бөлінгенді бөрі жейді" дегенді ұмыттың ба? Бастарыңның бірікпей, дін мен тілдеріңді ұмыта жаздағандарың да сондықтан ғой. – Бас жағына барыспай-ақ қойсақ қайтеді? Дінімізге оралып, тілімізді қайта үйреніп жатырмыз ғой. Өл дейсің бе енді бізге? Ширек ғасырда өз тілін игере алмағаннан, өлгеннің өзі артық. Тілдің өлгені - ұлттың өлгені. Осы сөзімді бір жерге жазып ал, әйтпесе ұмытып кетесің. – Сен менің сұрағыма жауап бермедің, қазақты неге қинайсың? Мен ешкімді қинаған емеспін, қазақ өзін өзі қинап жатыр. Қойнауы қазынаға толы кеңбайтақ жерің бар, тәуелсіздік пен еркіндікті алдыңдар. Бәрі де енді өздеріңе байланысты, маған пәле жаппа. – Сен осы бізді сорлатып жүрген доллардың досы емессің бе? Жоқ. Долларға дос, теңгеге де туыс емеспін. Дүниежүзі бойынша менде жүздеген валюта бар. Сендер сияқты ешқайсысына бүйрегім бұрылмайды. Мен жалқаулар мен жемқорлардың жауымын. Жалқаулар мен жемқорлар, тойымсыздар мен ашкөздер жайлаған жерде жүремін, соларды тәубәсіне келтіріп қоямын анда-санда. Жемқорлардың арандарының тым ашылып кеткенін қиындықтар арқылы көпшілікке жеткіземін. Рас, капитализм деген жүйеге жиен болып келетін туыстығым бар. Несіне жасырайын, оны Карл Маркс деген қауға сақалды атамыз кезінде қалыңдығы кірпіштей "Капитал" деген кітапта жазып, әлемдік тарихқа енгізіп кеткен. Кеңестік кезеңде өздерің де оқыдыңдар ғой оны. Өкінішке орай, соның бәрін ұмыттыңдар. Ол кітаптан бай атаулы өлердей қорқады. Шындықты шыжғырып, ақиқатты айқайлап, халықты тонаудың түрлі әдіс-тәсілдерін тізіп тұрып айтқан бұл кітапты қазір еш жерден кездестірмейтін болдым. Адамзат үшін көз майын тауысып, құнды да қалың кітап жазған қайран қауға сақалды атамыздың тым болмаса есімін де еске алмайды ешкім. – Қауға сақалыңды айтып қоймадың ғой, бізде де шындықты шыжғыртып айтатындар бар! Мысалы, депутаттар Мәжілісте министрлер мен әкімдерді табаға түскен бидайдай қуырады. – Ертегі айтып мені елітемін деп ойлама! Кімді ақымақ қылғың келеді? Олар айтады да қояды, сайлаушылардың алдында ұпай жинап қалудың амалы ғана. Қайсысы айтқан сөзінен нақты нәтиже шығарыпты? Қаламгерлерді баспанаға қарық қыламыз, жол жүру ережесін шегелеп береміз, зейнетақыны көтереміз, тағы-тағысын уәде еткен депутатсымақтарыңды айтып тұрсың ба? Орталарында Азат дегені ғана кәсіпкерлер үшін шыр-пыр боп, Бас уәзірдің басын қатырып жатады. Бас уәзірің де былқ етпейді. Қалғандары өтірік қарсы шыққан болып, ұрлыққа белшесінен батқан биліктің ұсынған жобаларын үнемі бекітіп береді. Депутаттардың өздері халықтың ақшасын талан-таражға салып, 3 миллиард теңгені өз мүдделеріне жұмсағаны туралы естімедің бе? Сенбесең есеп комитетінен барып сұра. Мен кеттім, сенімен мылжыңдасып тұратын уақытым жоқ. Көрші қырғыздарда шұғыл шаруам бар, келесі аптада келемін, сонда сөйлесеміз. – Әй тоқта! Біз сонда не істеуіміз керек, Данышпан, то есть Дағдарыс мырза? – Жалқаулықты қойып жұмыс істеңдер, ұрлықты қойып үнемге көшіңдер. Қалғанын кейін айтамын...Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz