Сенатор «оралман» терминінен бас тартуды ұсынды
2015 ж. 03 қараша
2173
2
«Оралман» терминінен бас тарту керек. 3 қарашада Сенаттың Халықаралық қатынастар қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында комитет төрағасы Икрам Адырбеков осындай мәселе көтерді.
Еске салайық, отырыста «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
«Егер бізде бір ұғым, қандай да термин пайда болса, соған аяғына дейін байланып қаламыз. Қазіргі күні бізде «оралман» терминінің өзі біршама кері түсінік тудырып жүр. Азаматтық алғандар өздерінің мәртебесін ауыстырып, «оралман» мәртебесінен айырылады деп жатыр. Бұған келіспеймін. Өйткені, басынан бастап оған «оралман» дегендіктен ол ауылдастары үшін де, сол өңір үшін де оралман болып қала береді», – дейді сенатор талқылау барысында.
Осыған орай, депутат шеттен келген этникалық қандастар ғана емес, олардың балалары да «оралман» болып отырғанына да қынжылыс білдірді.
Неге уақытында дұрыс термин қабылданбаған, мәселен «бауырлас», «отандас» секілді?«Неге уақытында дұрыс термин қабылданбаған, мәселен «бауырлас», «отандас» секілді? Бүгінгі үдерісті ескере отырып, бұл терминді қайта қарастыру керек деп ойлаймын. Сол қандастарымыздың өздерін қатыстыра отырып талқыласақ, біз бұдан әлдеқайда лайықты термин таба аламыз деп сенемін», – деді ол.
Айта кетейік, заң жобасында этникалық қазақтарды тарихи отанына оралуын ынталандыру шаралары қарастырылған.
Мәселен, осы мақсатта заң жобасымен шет елден келетін этникалық қандастардың қоныстану өңіріне қарамастан, оралман мәртебесін алу, шетелдік азаматтарға қарағанда төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндігі беріледі.
Бұл ретте үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда оралмандарға жағдайлар жасалады.
Мәселен, жұмыспен қамту бойынша шаралар шеңберіндегі этникалық қазақтар үшін көлік шығындарын өтейтін, қызметтік баспана немесе жатақханадан бөлме беруді құрайтын әлеуметтік пакеттер қамтылмақ.
Бұндай әлеуметтік көмектер еліміздің бір өңірінен үкімет айқындаған екінші өңіріне қоныстанған оралмандар үшін де беріледі.
Ал алғашқы қоныстанған, яғни үкімет айқындаған өңірінен бес жыл мерзімінен бұрын өз бетінше көшіп-қонып, қоныс аударып кеткендер, Қазақстанның азаматтығын алудан бас тартқандар өздері алған мемлекеттік қолдауларды қайтаратын болады.
Сонымен қатар, оралмандарға Қазақстанның азаматтығын беру мерзімін тұрақты тұру ықтиярхатын алғаннан кейін бір жыл ішінде шешу көзделеді.
Талқылаудан соң комитет депутаттары заң жобасын жалпы отырысқа шығару туралы уағдаласты.
Дереккөз: ИА "Казинформ"