ЖОЛПОЛ «ЖАСЫРЫНБАҚ ОЙНАУДЫ» ЖАЛҒАСТЫРМАҚШЫ
2015 ж. 03 қараша
3195
2
Алматылық көлік жүргізушілері жол-патрульдік қызметіндегі полицейлердің жасырын камера қолдануына қарсы шықты. Ағаштардың тасасына жасырынатын жылжымалы аппараттарды олар заңсыз деп санайды. Сондай-ақ, айыппұлдың астында қалған жүргізушілер көше бойындағы кез келген бақылау алдын ала ескертілуі керек деп отыр.
«КРИС-П» деп аталатын бақылау қондырғысы Алматыда биыл сәуір айынан қолдана бастаған. Полиция оны кез келген жерге жасырып, түсіріп жүргені белгілі болды. Жол сақшыларының мұндай әрекетіне шыдамаған жүргізушілер арнайы қоғамдық қозғалыс құрып, мәлімдеме жасады. Олар заң бойынша кез келген бақылау камерасы алдын ала ескертілуі керек дейді.
– Заң бар. Егер бақылау камерасы тұрса, ескерту керек. Бірақ біздің жүргізушілер күн сайын жасырын камераларға кезігіп отыр. Бұлардың ары кетсе, 30 пайызы белгіленген тәртіппен жұмыс істейді. Енді арнайы қозғалыс құрып, аппараттардың жұмысын реттеуге күш саламыз, - дейді «КРИС-П» қондырғысын дұрыс қолдану» қозғалысының жетекшісі Тұрсын Құлахметов.
Әлі ресми түрде қабылданбаса да жылжымалы радар көлік иелерінің қалтасын біраз жұқартты. Полицейлер небәрі 10 құрылғымен 7 айда 30 мыңнан астам айыппұл салып, бюджетке миллиардтаған теңге түсірген. Алдымен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиісті полицейлер қарапайым халықтың қалтасын қаққанына мәз. Кезінде полицейлер жүргізушілердің көлігіне бейнежазу қондырғысын орнатуға қарсы шыққаны белгілі. Өйткені олардың өздері жол ережесін өрескел бұзатын кездері жиі болып тұрады.
– Жәшіктің ішіне тығылып немесе басқа бір көліктің ішіне тығылып жұмыс істеп жатқан жоқ. Ондай фактілер Алматы қаласында анықталған жоқ. Өткенде интернет порталдарда, «уатсапта» жүргендердің бәрі біздің аймақ емес, басқа облыс. Иә, бір көліктің ішінде жүрген аппарат «кордон» деп аталады. Оны біз тесттік түрде тексердік. Бірақ, оны біз әлі қабылдаған жоқпыз, - дейді қоластындағыларды қызғызша қорғаған Алматы қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Жандос Мұратәлиев
Жалпы, осының бәрі жолы болмаған «Жол жүру ережесінің» шикілігінен болып отырғаны анық. Бір заңға он рет өзгеріс енгізсек те бірнеше қайнауы ішінде кеткені көрініп тұр. Екіншіден, жасырын бейнежазба немесе сурет түсіру бұл адам құқығын бұзу емес пе? Егер сол айтулы жолпол қызметкерлерінің өздерін бақылап, жасырын жазба түсіріп жарияласа жұрттың төбе шашы тік тұрар еді. Өткенде Мәжіліс депутаттары жасырын бейнежазба мен сурет түсіруге атойлап қарсы шыққанын ұмытып кеттік пе? Енді айыппұл төлеушілер бірігіп, істі сотқа берсе де ұтылмасы анық. Заңсыз алынған ақшаны қайтару мәселесі де қозғалатын шығар. Бұның бәрі біздің құқық қорғау орындарының өздері заңды белшесінен басатынын көрсетпей ме? Жүргізушілердің сынына қатысты полицейлердің уәжі жеткілікті. Олар әрбір бақылау камерасына ескерту қойылсын деген сөз «Жол жүру ережесінде» жоқ дейді. Олардың ойынша Заңда соқырға таяқ ұстатқандай, полицейше айтқанда ала таяқ ұстатқандай етіп жазылу керек екен. Шенділерге адам құқығынан айыппұл әлдеқайда артық сияқты. Сондықтан жүргізушілер үшін «КРИС-П» аппаратымен, дәлірек айтсақ, жол полицейлерімен әлі де талай «жасырынбақ ойнауға» тура келетін түрі бар.
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті