Мекемтас Мырзахметұлы: УАХАБИЗМ ИДЕОЛОГИЯСЫН ТАРАТУҒА СОПЫЛАР ТОСҚАУЫЛ БОЛУДА

Алланы «Аллаһ» деп айту надандықтың белгісі болып есептеледі. Иә, рас, арабтар Алланы «Аллаһ» деп айтып, жазады. Алайда, күллі түрік халқы өзінің тіл заңдылығына қарай Алла деп айтады ғой.

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор: Алашорда мемлекетінің басшысы Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес мінезден» деген екен. Шынында да аса білімді болғанымен ұлтқа бір тиын пайдасын тигізбеген азаматтар баршылық. Алайда саналы ғұмырын абайтануға арнаған Мекемтас Мырзахметұлы туралы бұлай дей алмаймыз. Өйткені, ол өзі айтпақшы идеялық күресте алған бетінен қайтқан емес. Сондықтан да ғалым осы қайсар мінезінің арасында абайтанудың шыңына жетіп отыр. – Сіз өміріңіздің 60 жылын қылышынан қаны тамған кеңес үкіметі кезінде өткіздіңіз. Алайда, соған қарамастан қандайда бір мәселе болмасын оған  ұлттық тұрғыдан қарауға тырысасыз. Кеңестік идеологияның шырмауына маталмай, ұлттық болмысыңызды сақтап қалуыңыздың сыры неде? – Менімен тел өскен ұрпақтардың дені мәңгүрттенген ұрпақтар. Өйткені, кеңес үкіметі кезінде менің өзім де мәңгүрттенген болатынмын. Ең бірінші рет институт бітіргеннен кейін Ташкент қаласында жұмыс істеуге барғанда ояндым. Себебі, райкомда жұмыс істеп жүргенде «Саяси сабақ» деген пәннен ұлт мәселесі жөнінде лектор болдым. Ал, райкомда жұмыс істеп жүрген қызметкерлер осал адамдар емес. Сондықтан, олардың алдында ұялып қалмау үшін ұлт туралы жазылған еңбектердің бәрін оқыдым. Сонда ең алғаш «ұлт мәселесі елімізде түпкілікті шешілген» деген қорытындының өтірік екеніне көзім жетті. Себебі, Кеңес үкіметіндегі халықтар қағаз бойынша теңқұқықты болғанымен, іс жүзінде орыстарға барлық жағдай жасалған екен. Сондай-ақ, аспирантураға түсуіме байланысты Алматы қаласына ауысып, Бауыржан Момышұлының үйінде үш жыл тұрдым. Сонда Баукеңмен әңгімелесудің арқасында өзімнің көзқарасымның теріс екенін ұғып, ұстанымым 180 градусқа өзгерді. Осыдан кейін менің зерттеп жүрген тақырыптарым өзгерді. Нақтырақ айтсам, 1965 жылы кандидаттық диссертациямды Абайдың шығысына арнадым. Алайда, 1949 жылғы қаулы бойынша шығысқа қатысты диссертация қорғауға ресми түрде тыйым салынған болатын. Яғни, «шығыс пен батысқа бас игендерді талқандаймыз» деген ұранды басшылыққа алған Кеңес үкіметі, орыстан өзгеге мойын бұрғанды ұнатқан жоқ. Ал, мен ағынға қарсы жүзіп, осы тақырыпта диссертация қорғауға күш салдым. Әйтсе де, бұл жол оңай болған жоқ. Мысалы, бұған дейін кандидаттық диссертацияны қорғау ары кетсе бір-екі сағатқа дейін ғана созылатын. Алайда, Абайдың шығысы туралы қорғаған кандидаттық диссертациям алты жарым сағатқа созылып кетті. Дегенмен, бұл айтыс-тартыстан диссертациямды аман-есен қорғап шықтым. Міне, осы оқиғадан кейін «Бізге неге шығыс тақырыбын қорғатпайды?» – деген сұрақ мені мазалай берді. Сөйтсем, бізді Кеңес үкіметі ислам әлемімен байланыстырмай, тамырымызды кесіп, тез орыстандыруға әрекет еткен екен. Алайда, мен қаулыға қарсы жұмыс жасадым. Кейін Абайдың шығысынан төрт бөлімнен тұратын докторлық диссертацияны ресми түрде қорғадым. Аталған төрт тараудың бірі «Абайдың шығысы Мұхтар Әуезов зерттеруінде» деп аталды. Барлық академиктер «Диссертацияңнан Абайдың шығысын алып тастап, үш тараумен қорғай бер» – деп қарсы болды. Әйтсе де, мен Абайдың шығысынан бас тартпай кітап, монография шығаруды жалғастыра бердім. Аталған докторлық диссертациямды 8 жылдан кейін, яғни Горбачевтың қайта құру саясатының арқасында қорғап шықтым. – Ұлттық болмысты сақтап қалудың бірден бір жолы тіл екені белгілі. Өкінішке қарай, біз кеңес үкіметі кезінде өзіміздің ана тілімізден ажырап қала жаздадық. Қазіргі таңда кейбір зиялылар «Құдайға шүкір, қазақ тілінің мәселесі оңалып келеді» десе, енді бірі керісінше, ана тіліміздің жағдайы мүшкіл дегенді алға тартады. Сіз осы екі топтың қайсысының сөзі дұрыс деп есептейсіз? – Менің ойымша қазақ тілін күшпен үйретуге болмайды. Себебі, еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің талап-тілегімен де санысуымыз керек. Қазіргі таңда еліміздегі қазақтардың үлес салмағы 63 пайыз болып отыр. Ал, енді біздің санымыз 70 пайызға жеткенде мәселені басқаша қоюға болады. Жақын арада біз 70 пайызға жетеміз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілін қолданысқа асықпай-аптықпай енгізейік» – деп отыр ғой. Менің ойымша бұл мәселеде Президенттің ұстанымы өте дұрыс. Себебі, еліміз Қытай мен Ресей сынды алып мемлекетпен көрші болып отыр. Сондықтан да, саясатты ушықтырмау үшін біртіндеп қазақ тілін үйрету керек. Өйткені, түптің түбінде қазақ тілі өзінің үстемдігін алады. Сол себепті қазақ тілінің мәселесіне алаңдап бас қатырмаймын. Алайда, мендегі бір қорқыныш дін мәселесінде болып отыр. Әсіредіншілдер «қазақтарда 1991 жылға дейін таухит болған емес» деген ұстанымда. Шын мәнісінде, дүниежүзі кәпір болып тұрған кезде,  яғни осыдан 30 мың жыл бұрын біздің бабаларымыз бір құдайға табынған. Өкінішке қарай, елімізде дін бөлініп бара жатыр. Кезінде біз діни мәселенің ушығып бара жатқанын аңғарып, уахабистердің аса қауіпті ағым екенін айтқан болатынбыз. Міне, осы сыннан кейін уахабистер астыртын әрекет етіп, жұмыс жасауға көшті. Ал, ел Үкіметі болса салафиттердің көзқарас ұстанымдарына қарсы. Сондықтан да әсіредіншілдер ресми түрде жұмыс жасай алмай отыр. Бірақ, олар астыртын белсене жұмыс жасап жатыр. Олардың жан алысып, жан берісіп жұмыс жасауына ақша себеп болып отыр. Мысалы, еліміздегі діни ағымдарға шет елден 11 миллиард теңге қаржы бөлінеді екен. Оның 7 миллиарды христиандарға берілсе, ал 4 миллиарды исламның ішіндегі жат ағымдарға бөлінген. Өкінішке қарай, біздегі кейбір азаматтарға дін емес ақша керек болып отыр. Кезінде біз заң қабылдар кезде «Аталған ақша қайдан келеді және оны кімдер алып жатыр?» деген сұрақтарға жауап берілуі керек деп айтқан болатынбыз. Алайда, біздің талап-тілегіміз ескерілмеді. Кезінде Ауғанстанды сорлатқан салафия идеологиясын бойларына сіңірген әсіредіншілдер болатын. Егер тез арада олардың алдын алмасақ бізді де сорлататын осы салафтар болады. – Кей азаматтар қоғамда «зікіршілер» аталып жүрген топтың елімізге қауіпті ағым екенін айтып, оларды жерден алып жерге салады. Шын мәнісінде қазаққа уахабистер қауіпті ме, жоқ әлде зікіршілер ме? – Уахабистердің зікіршілер деп жақтырмай жүргені сопылар ғой. Кезінде патша үкіметі бізді жаулап алғанда ислам дінін жақтырмай, оның орнына христиан дінін енгізу үшін ең бірінші соққыны сопыларға берген болатын. Мәселен, патшалы Ресей Қожа Ахмет Ясауи ескерткішін тас- талқанын шығарғысы келді. Сондай-ақ, Кеңес үкіметі орнағаннан кейін большевиктер бізді діннен айыру үшін ең бірінші сопыларға қарсы болды. Ал, қазір уахабистер келіп сопыларды аяқтан шалып, оларды жерден алып, жерге салып жатыр. Осы ретте «Үшеуі неге сопыларға өштесіп алды?» деген заңды сұрақ туады. Себебі, біздің халқымыздың ой-санасы мен салт-дәстүрі сопылық іліммен қалыптасқан. Егер сол жолдан қазақты тайдыратын болса, уахабистер бізді мұрнымыздан жетектеп қайда болса, сонда алып кете беретін болады. Елімізде уахабизм идеологиясын таратуға сопылар тосқауыл болып отыр. Сондықтан да, әсіредіншілдер зікіршілерді иттің етінен жек көреді. Менің ойымша бізге ең қауіптісі зікіршілер емес уахабистер болып отыр. Өйткені, олар жылымыр құрт сияқты қанымызға кіріп, жайлап барады. Шын мәнісінде, Құдайды күніге еске алып, құлшылық қылу сопылардың жолы. Ал, уахабистер зікір жасаған адамды көрмегеннен кейін оны жабайы етіп көрсетіп отыр. Алайда, біз сопылық жолдан таймауымыз керек. – Сіз барлық өміріңізді Абайды танып-білуге арнаған адамсыз. Сондықтан да қазіргі Абайтану туралы сізден артық айтатын ғалым жоқ. Осы ретте Абай мұрасында зерттелмей қалған тақырып бар ма? Бар болса ол қандай тақырып? – Абай Құнанбайұлын танып-білуде үш бірдей кедергі бар. Оның ең біріншісі Абай өмір сүрген заманның саяси-әлеуметтік табиғатын тану болып отыр. Патша  үкіметі бізге болыстық басқаруды әкеліп ағайын мен ағайынды, бала мен әкені бір-біріне айдап салды. Міне, осы заманнан бастап біздің мінез-құлқымыз бұзыла бастады. Біз бұл жағымсыз мінезден отаршылдықтың тарихын толық танып білгеннен кейін арыламыз. Негізі, Абайдың үш нәр алған саласы бар. Сол үш нәр алған саласының ең әлсізі батыс болатын. Кезінде Абайдың ең әлсіз тұсын бірінші орынға қойып, барлық кандидаттық және докторлық диссертациялар «Абай және орыс әдебиеті» болып кетті. Сондай-ақ, Абайға арналған энциклопедия Кеңестік идеологияның арқасында жарыққа шықты. Біз осының бәрін өзгертіп, халықтық, шығыстық жолға түспейінше Абайды тереңнен танып біле алмаймыз. Бұдан бөлек Абайда танылмайтын бір дүние бар. Ол ойшылдың дүниетанымы. Өкінішке қарай, біздің философтар Абайдың дүниетанымын ашып бере алмай отыр. Біздегі  философия материализмнің жолымен дамығандықтан Абайдың дүниетанымын түсіну мүмкін емес. Себебі, Абайды танып білуде маркстік модель емес, шығыстық  модель керек. – Жалпы, қазақтың адасқанда жөн сілтеуші тұлғасы Абай ғой. Өкінішке қарай, бүгінде Абайдың сөздерін әркім өздерінің ыңғайларына қарай бұрып алып жүр. Мәселен, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас…» деген өлеңін «Аллаһтың өзі де рас, сөзі де рас…» деп. Ұлы Абайды бұлайша түзеу қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз? – Алланы «Аллаһ» деп айту надандықтың белгісі болып есептеледі. Иә, рас, арабтар Алланы «Аллаһ» деп айтып, жазады. Алайда, күллі түрік халқы өзінің тіл заңдылығына қарай Алла деп айтады ғой. Мәселен, біз орыстардың ящик деген сөзін жәшік деп айтып жүрміз. Егер олар тілдің заңдылығын білсе «Аллаһ» деп айтпас еді. Бұған дейін кейбір әсіредіншілдер «абыз деген арабтың сөзі» деп айтып жүрген. Алайда, абыз деген сөздің арабтың емес, қазақтың сөзі екенін дәлелдеп, арнайы мақала жаздым. – Сөйлеген сөзіңізге қарасақ, мінезіңіз жұмсақ сияқты. Алайда кезінде докторлық диссертацияңызды табандап 8 жыл бойы дәлелдеп, қорғап шығуға тура келген екен… – Әкемнің мінезі жұмсақ әрі адамгершілігі жоғары адам болған екен. «Әке көрген оқ жонады» демекші мен сол әкеме тартсам керек. Өмірімде әлдекімнен пара алған адам емеспін. Адамда қанағат деген болуы керек. Өзіме айлығым жетеді. Сондықтан, арам ақшаны алып, өзімді өзім қаралап қайтемін? Егер мен біреуден бірдеңе алсам «Мекемтас менен ақша алды» деп ол жұртқа жаяр еді. Сол себепті «арыңды жастан сақта» деген сөзді өмірімде берік ұстандым. Алайда, қанша мінезім жұмсақ болғанымен ешуақытта идеялық күресте алған бетімнен қайтқан емеспін. Жұрт жалтақтап жүргенде «Қазақ қалай орыстанды?» деген кітап жаздым. Осы еңбекті жарыққа шығарғанда әріптестерім «Орыс отаршылдығын сұмдық әшкерелеген екенсің» – деп шошып кеткен болатын. Қазір мен туралы жазылған мақалалар үш томға жеткен екен. Бұған дейін ешбір әдебиетшіге мұндай мақала жазылған емес. Әдебиетшілердің бәрі сыналды. Ал, мені жазушы Дүкенбай Досжан ғана сынаған болатын. Алайда, ол кейін қателескенін мойындап 30 беттік мақала жазды. – Әңгімеңізге рахмет. Сұхбаттасқан: Серік ЖОЛДАСБАЙ  Дереккөз: qamshy.kz