Ұмытпасам, 90-шы жылдардың бас кезі болар, ата-анасы құп көріп отырған болашақ күйеуіне барғысы келмеген таныс өзбек қызына: «Ендеше, әлі де сен деп зар илеп жүрген Алматыдағы өзіңнің ғашығың Аманғалиға тиіп алмайсың ба?» — дедім. Сонда ол жалмажан: «Ой, қойыңызшы! Сосын балаларым өзбек тілін білмей өсетін болады», - дегені бар. Тілім байланып қалды.
Өзі Алматының теміржол техникумында оқып жүрген, бар-жоғы 18-19 жасар Гүлчеһраның мына сөзін естігенде ішімнен "Астағфыралла" деп қайталай бергеннен басқа аузыма сөз түспеді. Не деген жетелілік, әрі саналылық, не деген ұлтжандылық, әрі дініне, тіліне, ұлтына, салт-дәстүріне деген ұлы сүйіспеншілік. Қаршадай өзбек қызы айтып тұрған ұлтына деген ұлы махаббатқа толы мұндай сөзді осы күні қазақтың кіндігін ашып, шашын тоқал ешкінің басындай сыпыртып тастаған не сап-сары қып бояп алған қыз-келіншегі түгіл сары қарын қатын-қалашы, пайғамбар жасына жеткен кемпір-сампыры да айтпайды. Яғни, біз бүгінде не қатынымызда, не қызымызда ұлттық сана, ұлттық намыс дегеннің жұқанасы да қалмаған, керісінше оларды ер-тұрманын, ноқта-жүгенін сыпырып алып, сауырына бір салып ойына келгеніңді істе деп, өріске қысырақтың үйіріндей қып бетімен жіберген ұлтпыз. Және бұның қазақ деген ұлтты түп-тамырымен жоқ қылып жібергелі тұрған қасірет екенін, бұл қасірет шетелдіктердің бастауымен, жоғарыдағы космополиттердің қоштауымен өркениеттілік, толеранттық (төзімділік), елімізде тыныштық деген ұранмен әдейі жасалып отырғанын түсінуге санамыз, жетеміз жетпей той-тойлап жүрміз. Біз жер бетінде кез-келген ұлтты жойып, оның мемлекетін, жерін, бүкіл қазынасын ту-талақай бөліп алудың ең оңай жолы ең алдымен сол ұлттың ошақ басындағы әйелі мен оң жақта отырған қызын бұзу екеніне әлі де санамыз жетпей отыр.
Ал бірен-саран санасы жететіндер біле тұра үндемейді. Жан Бодрийяр деген ойшыл мұндайларды «Хайуанның үндеместігі сияқты. Тіпті, еш айырмашылығы жоқ» депті.
Қыз — болашақ ана, ұлттың анасы, ұрпақтың тәрбиешісі. Ол – болашақ әйел. Егер ол қыз ұлтының не тілін, не дінін, не үрдісін қадірлемейтін, болса, мұндай әйелден туған, соның тәрбиесін көрген ұрпақ азғын ұрпақ болады. Ал ұрпағы азғын ұлт күндер өте келе түп-түгел жойылып кетеді. Осыны ойлап күйінген бір сәтте «Ана болар – қызың жоқ, әке болар – ұлың жоқ, құрық түспей мойынға түсінетін түрің жоқ» деп едік. Құдай кешірсін, біз бүгінде қыл мойынға қырық түрлі құрық түскенін де байқамай ішкенге мәз, жегенге тоқ ертеңгі ұрпағы қандай тіршілік иесіне айналарын да ойлаудан қалған ұлтпыз ба деп қорқамыз. Оның орнына үлкеннің де, кішінің де айтатыны өркениеттілік, сосын әлдебір қырық-елу озық елдің қатарына қосылу. Әрине, қазақ ең алдыңғы қатарлы Америка мен Қытайды қуып жетіп, басып озса да қарсы емеспіз. Бірақ біз сол 50 елдің қатарына кіргенде кімбіз, дініміз, тіліміз, мәдениетіміз қандай, кім деп аталатын ұлтпыз деп кіреміз? Бұл туралы не ләм, не мим деп жүрген не басшаларымыз, кещелеріміз жоқ. үндемейді. Бүгінгі қазақ сол озықтық дегеніміз бұтына шортик киіп, хотдог пен амлет немесе «мясо по тайский» жеп бір-бірімен ағылшынша, орысша сөйлесу, қымбат машина мініп, туристік сапарға шығу деп біледі. Біздің дөкейлер айтып жүрген әлгі 40-50 озық елдерде қазекемдердегідей тіл, дін, салт-дәстүр деген проблема жоқ. Оларда негізгі жергілікті ұлт кім болса, сол ұлттың тілі, сол ұлттың діні, сол ұлттың дәстүрі бірінші орында. Ал, бүгінгі қазақтың көзі ашық деген бойжеткендері де Батыс елдерінің әйел теңдігі, гендерлік саясат дегендегі басты мақсаты біздің әйелдеріміз бен қыздарымыздың қолтығына су бүркіп, жел беру, ұлттық қасиет- киелерімізден айыру екенін түсінбейді. Еуропа деп есінен айрылған кейбір депутат қатындар «еркектерге екі әйел алуға рұқсат берілсе, мен он еркекке қатын бола аламын» деуге дейін барды. Егер біздің басшылар ұлттық намыстан жұрдай болмаса, дәл осындай ақымақтық сөз айтатын әйелді Парламентте отырғызып қою да үлкен қылмыс деп білер еді. Біздің бүгінгі әйелдеріміз бен қыздарымыздың ибалылықтан, ұяттан, әйелге тән нәзіктіктен жұрдай болуы, тұрмыс құру, бала туудан баз кешуі, еркекті сыйламауы, жеңіл жүріске салынуы, тағы басқа да небір жексұрын қылықтары кеңес өкіметі арқылы келді десек, бұл қасіретті бүгінде «өркениеттілік» деген жалғыз ауыз сөз-ақ одан сайын асқындырып барады. Олар тіпті, қатын- қалаш, қыз-қырқын деп сөйлеудің өзін артта қалғандық деп біледі ал күйеуін «жолдасым» деп сөйлеуді де мәдениеттілік деп ойлайды. Қысқасы, XIX ғасырда француздардың еуропалық емес халықтарға өркениет егеміз деген сылтаумен жүргізген саясаты (Ia mission civilisatrice) бүгінде Қазақстан Республикасында қызу (Қазақ республикасы емес!) тәжірибеден өткізіліп жатқан сияқты. Туған ұлты, туған Үндістаны үшін бүкіл өмірін сарп еткен Махатма Ганди «батыстың өркениеті туралы не ойлайсыз?» деген шетелдікке «ұсынып тұрған идеяңыз жаман емес екен» деп мысқылдай жымиыпты да жүре беріпті. Ал біздің қазекеңнің кейбір басшылары ешкім мұндай сұрақ қоймай-ақ өздерінен-өздері шетелдіктерге сүйкеніп тұратынын айтсаңызшы. Сүйкенуіміз аз болғандай кейінгі кезде біз яғни, қазақтар азиялық емеспіз, еуропалықтармыз не еуразиялықтармыз деген сияқты адам ұялатын сөз айтатын болдық. Біздің қыз-келіншектер Қазақстанда гендерлік саясат өрттей қаулап бара жатқанын да мақтаныш тұтатын болды. Әйелдер ісі жөніндегі комитетте істейтін бір бәйбіше (олардың бәрі «ханым» деп аталады, бәйбіше дегеніміз үшін артта қалған адам деп сөгуі мүмкін) гендерлік саясат жөнінде Еуропаға барып есеп беріп келгенін ұялмай-қызармай баспасөзде жариялады. Ол «ханымның» бұл ісі біле-білген адамға, біз әйелдері мен қыздарының тәрбиесіздігі, көргенсіздігі, дөрекілігі, темекі шегуі, арақ-шарап ішуі, некені бұзуы, жеңіл жүріске салынуы, ата-ене сыйламауы, бала тумау және бала алдыру, боғауыз айту, ана-тілін сыйламау, білмеу, еуропалык әйелдердің небір жабайы қылуаларына еліктеу, қыскасы өз ұлтының жойылуына септігін тигізетін кесапатты істерді атқару жөнінен 100 мемлекеттің алдына түсеміз деп есеп берумен барабар сөз емес пе?!. Иә, адам баласының хайуаннан басты айырмашылығының бірі – ұятты білуі. Ал Ұят – мәдениеттің басты атрибуттарының бірі. Қазіргі батыс әйелдері мен қыздарында бұл – ұмыт болған ұғым. Кейде телеарналардан әйел адам еркектің тұлабойында жаламаған жер қалдырмай жатқанын көргенде кінәнің бәрін соны көріп бойжетіп келе жатқан қазақ қыздарына жабудың өзі жөнсіз! Бұл қылмысты қазақ қыздары мен әйелдерін азғындату, сол арқылы бүкіл қазақ ұлтын азғындату үшін әдейі жасап отырғандар бар ғой деген де ойға кетеміз. Әйтпесе, өз қарамағындағы телеарналарға бақылау жасап, жөн көрсетіп отыра алмайтын мемлекет бола ма? Осыдан бірер жыл ғана бұрын қазақ қыздары бұрыш-бұрышта топталып темекі тартып тұратын еді, қазір олар көшеде, аялдамада сенің қасыңа келіп темекісін бұрқыратып, сырасын ішіп отыра беретін болды. Осыдан бірер жыл бұрын қыздарымыз не салбыраған, не қыртыс-қыртыс қарнын ашып тастап, кіндігін көрсетіп жүретінін ерсі көрсек, енді олардың майқұйрықтың үстіне көкпеңбек қып салып тастаған суреттерін «тамашалап» қарайтын болдық. Мынауың не деп ұрыссаң, бәлеге қаласың! Осыдан біраз жыл бұрын теледидардағы қыз бен жігіттің сүйіскенін, тіпті, құшақтасып тұрғанын ата-анасының қасында қарауға дәті шыдамайтын қыз қазір ол екеуінің хайуандық жыныстық қатынас жасап жатқанын да көріп отыра беретін болды. Жалпы, қатар отырып көрді не, оңаша көрді не?! Ал, осыдан біраз жыл бұрын түсіріліп көрсетіле бастаған «Перекресток» деген фильм ұл-қызымызды ұлттық санадан айырудың өз өнеріміздегі бастамасы болды. Тіпті, сол «Перекрестокты» фильм деуге де ауыз бармайды. Ол шетелге еліктеудің бір нышаны деуге ғана болатын дүние-сымақ бірнәрсе. Иә, егер теледидарды өз салт-санамызға орай пайдалана білсек, ол ұл-қыз тәрбиелеудің ең күшті құралы болар еді. Әттең, біздің телеарналар оған керісінше жұмыс істеп жатқанын көзі ашық адамдар түсініп-ақ отыр. Амал жоқ. Осы арада қанша ойласақ та ақылымыз, түсінігіміз, жетеміз жетпейтін бір жұмбақ санасыздық еске түседі. Қазір жасы 60-ты алқымдап, 70-ті желкелеп қалған қарттарымыз немерелерін «Баяна», «Қымбата», «Айнура», «Аселя», «Анеля», «Шолпана» деп шақырады. Бұл жай еліктеу емес, үлкен бір санасыздықтың, әлі де болса орысқа жарамсақтану мен еліктеудің, барып тұрған надандықтың айғағы. Әшейінде, бәленің көпшілігін жоғарыдағыларға жабуға даяр тұрсақ та тап осыған кім кінәлі екенін түсінбей дал боламыз. Ал, қыз балалардың есімін әлгіндей орысша «а» қосымшасын қосып өзгертіп айтудың өзі ұлттық санамызды да өзгертері сөзсіз. Тағы бір сұмдық жағдайды қараңыз. Қазір орысша сампылдап тұрған қазақ қыздарына «қазақша сөйлесейші десең «я не казашка» немесе «я метиска» деп көзбе-көз өтірік айтады. Шын ұлты қазақ екенін айтпауға тырысады. Тіпті, қазақпын деуге намыстанатынын да байқап қаламыз. Әкем қазақ, бірақ мен қазақ емеспін дейтін қыздарды да көрдік. Бұған кейбір саясаткерлердің бәріміз «қазақстандық» атты ұлт боламыз деген залымдық ұсынысы да себеп болып отырғаны сөзсіз. Кеңес өкіметі қазақты бүлдіруді қыз-келіншегін, отбасы, ошақ қасындағы қатын-қалашын бүлдіруден бастайтын сұм саясат жүргізді. Сөйтіп, Құдайға, Құранға қарсы шығу, тілді, салт-дәстүрді сату жөнінен КСРО-да қазақтың әйелдері бірінші орынға шықты. Олар ерін тыңдамау, ата-ене сыйламау, неке бұзу, өзге ұлтқа күйеуге тию, ерінен ажырасу, арақ ішіп, темекі тарту, орысша сөйлеу жөнінен 70 жыл ішінде, мұсылман әйелдері ішінде алдына жан салмады. Өзіміз ара-тұра болса да «шала қазақ», «нағыз қазақ», «мәнгүрт қазақ» тағы басқадай деп атап жүргеніміздің көпшілігі әйелі сондай отбасынан шыққанын көзіміз көрді. Оның аржағында үлкен бір шындықтың ізі жатыр. Өйткені, отбасындағы бала төрбиесі әсіресе қыз баланың тәрбиесі көбіне оның анасына жүктеледі. Анасы той-тойлап арақ-шарап ішіп, орысша не орысша-қазақша араластырып балпылдап сөйлеп, ерін сыйламайтынын көріп өскен қыздан дені сау, дұрыс әйел, дұрыс ана шықпайды. Біз қазір әйтеуір қазақ деген атымыз жойылмай осы күнге жеткенімізге шүкіршілік қып қана жүрміз, ал бала тәрбиесі, әсіресе қыз бала тәрбиелеуде жүргізіп отырған саясатымыз алдағы уақытта көсегемізді көгерте қоятыны көрінбейді. Керісінше... Ол туралы енді бірде... Иә, бізде мына мемлекет қазақ ұлтынікі деген, жер бетінде қазақ ұлты мына әпербақан заманнан аманқалсын деген мысқалдай ой болса, біз дереу әйелдеріміз бен қыздарымызды түзу жолға, ар-ұят жолына, ата-баба жолына түсіретін тәртіп, ереже, заң қабылдауымыз керек. Біз үйде де, қызметте де еркек - еркек орнында, әйел–әйел орнында болуын қадағалауымыз керек. Бұл әйелді, қызды қорлау емес. Бұл – әділет жолы. Қазіргі қазақ әйелдері шаңырақ көтеріп, отбасылық әйел міндетін атқарудан, бала туудан қашқалақтайды. Оларға еркектің де оншалықты қажеті жоқ. Өйткені, салт басты, сабау қамшылы салтаң қыздың, әйелдің өз еркі өзінде. Жан қысылса, тәнін сатса да аштан өлмейтінін біледі, ал нәпсінің шайтаны түртіп, жыландары шыдатпай жыбырлата берсе, көшеде, кез-келген саябақта, скверде не көп еркек көп. Сүйдім- күйдім деп хат жазысып, жеңгетай жүгіртіп әуре болмайды. Бас-аяғы 1-2 сағат бірге отырып, 2-3 саптыаяк сыра ішсе жетіп жатыр. Аржағы оп-оңай. Мұндай қыз, яғни, әйел жынысты қандай шаңырақ көтеріп, қандай түтін түтетеді? Отбасы сондай ел, мемлекет болып ту тігіп отырмақ түгіл, жойылып кетуі оп-оңай. Бажылдағандар бажылдай берсін, бірақ бүгін біз қазақ ұлты ең алдымен жалпы әйел жыныстыларымыздың тәрбиесін қатты қолға алуымыз керек. Олардың темекі тартуына, туған күн, жуған күн дегендерді сылтауратып та, былай да сыра, шарап ішуіне, еркекті, ата-енені сыйламауына заң жүзінде қатаң тиым салуымыз керек. Бұл–әйел жыныстыны қорлау емес, бұл–ұлтты аман сақтаудың ең басты жолының бірі. Егер біз батыс елдері басқаны басып алатын құрал қып пайдаланып отырған демократия, цивилизация, ашыққоғам, гендерлік саясат дегендерінің елімізде қаңдай дәрежеде жүзеге асып жатқанына баға беруін сұрап, жарамсақтануды, мүләйімсуді қоймасақ, сөз жоқ құрып кетеміз. Қазір Еуропа екі еркектің бір-біріне үйленуі, америкалық мультимиллионер қатын Сандес Бернардесс сияқты өзінің ұлына күйеуге тию, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауы, күйеуінің көзінше өзге еркекпен жатуға кетіп бара жатқанын айту сияқты хайуандықпен ғана бізден алда келеді. Осыдан бір- екі жыл бұрын мыңнан астам әйел- еркегі аралас жұрт «анадан тумай тыржалаңаш» Лондон көшелерін аралап шықты. Әрине, олар шетінен діннен безген, жансоққыға ұшыраған, яғни, психикалық ауруға душар болған, тағы сол сияқтылар еді. Ағылшындар соған әдейі рұқсат беріп, теледидарға түсіріп оны Азия, Африка құрылығындағы мұсылман елдеріне көрсетті. Мақсат–Англияда демократия, бостандық екенін дәлелдеп, сол арқылы мұсылман әйел жыныстыларына, жалпы өзге ұлттарға бүлдіргі ой тастау. Егер олар осыны шынайы демократия, еркіндік деп бағалап, үлгі ретінде ұсынатын болса, әлгі тыржалаңаш топтың ішінде Англияның премьер-министрі әйелімен, шешесімен, қарындасымен ІІЕлизаветаны жетектеп тыржалаңаш жүгіріп бара жатуы керек еді ғой. Әнебір жылдары АҚШ Орталық Барлау басқармасының директоры Аллен Даллестің бір еңбегінен баспасөзде келтірілген үзіндіні оқып, мұндай да хайуандық болады екен деп таңданғанбыз. Ол сонда өзге елдерде жәләптықты,қанішерлікті, адамды азаптауды, хайуанға ғана тән қылуаларды, жалаңаш-жалпы суреттер мен мал сияқты ашықтан-ашық жыныстық жасап жатқанды көрсететін фильмдер мен өзге де зұлымдық жоспарларды жасап, тарату үшін Америка шетсіз-шексіз қаржы бөлуден де тартынбауы керек деп жазған еді. Ал, сол Америка мен кейбір Еуропа елдері жүргізіп отырған сұмдық саясаттың бірі – ең әуелі өздері мылтықсыз-ақ, оқсыз-ақ басып алмақ болған елдің қыз-келіншектерін азғындату саясаты. Біздің қазақ қыздары осыны әрдайым есте сақтауы керек. Біз қазір оны жасырмақ түгіл ашық қарсылық көрсетуге жұмылуымыз керек. Біздің көп қазақтың ұлтсыздануының, ұлттық санадан айырылуының ең басты себебінің бірі де қыздарымызға ұлттық, ислами тәрбие берудің орнына оларға интернационалистік тәрбие беруіміздің кесірінен болды. Осы интеррухпен тәрбиеленген қазақ қыздарын кеңес кезінде үйленіп те, үйленбей ермек ретінде де пайдаланбаған ұлт жоқ шығар. Бұл әсіресе, тың көтеру кезінде көптеп кездесті. Тың өлкесінде орысқа, украинға, белорусқа тұрмысқа шыққан қазақ қыздары баспасөз, радио, телеарналар арқылы өзгелерге өнеге ретінде ұсынылды. Кейін қазақ қыздарының солармен құшақтасып, сүйісіп тұрғанына да көзіміз үйреніп кетті.Мұны неге айтып отырмыз? Ойлап отырсаңыз, осы күні тұтас бір ұлт болып ұйыған елдердің бәрі әйелдері мен қыздарын қатаң бақылауда ұстаған. Қатаң бақылау дегеннен шошып кетіп, шоршып түсетіндер шығатынын біліп отырсақ та солай деуге мәжбүрміз. Қатаң бақылауда ұстау дегеніміз қыздың аяқ-қолын кісендеп адами хұқығынан айыру емес ол–оларға ұлттық үрдістерді, ұлттық салт-сананы, ғадет-ғұрыпты, дінді бұздырмау, қысқасы ұлттық бет-бейнені аман сақтау деп түсіну керек. Екіншіден, қатаң бақылау, қатты ұстау дегеніміз ер мен әйелді тең, әділ ұстау деген сөз. Қазіргі қыздарымыз заң атаулы түп-түгел өздерін қорғап шығатынын, ерінен айрылса алиментін, пәтерін алып қалаған еркегімен төсектес болып, жүгенсіз желе жортып, «рахат» өмір кешетінін біледі. Міне, біз қатал ұстау дегенде осыған отбасылық тәрбие барысында да, заң бойынша да тыйым салуымыз керек. Кезінде көрнекті жазушы Тахауи Ахтанов Үндістанға барғанда «Сіздерде әйел хұқьі мәселесі қалай?» деп сұрапты. Сонда Тахаң әзілдеген болып: «Біз сол әйелдерге хұқықты көбірек беріп қойып, ала-алмай жүрген сияқтымыз» депті. Тіпті, Л.И. Брежневтің өзі Маргарэт Тэтчердің саясаткерсіп шошаңдай бергенін жақтырмай: «Бұл қатын Черчилльді басып озып, оның шалбарын да тартып алмақшы сияқты ғой» деген екен. Л. Брежневтің осы бір өте онтайлы айтылған сөзі біздің осы күні саясаткерсымақ, үкімет ісіне араласқансымақ болып әйелге, қыз балаға тән иба, инабатты сақтамайтын кейбір еркетотайларымызға да дәл келіп тұрғандай. Осы күнгі ең талантты ақындарымыздың бірінің «Әйелден ақын шықпайды, биші мен күйші болмаса» дегені бар. Тап осы сөздің растығына осы күні көзіміз жетіп те жүр. Тереңірек зерделеп қарасақ, сол ақын қыз-келіншектерімізге берілген әртүрлі жеңімпаз, лауреат деген атақтардың да әртүрлі берілу жолдары мен саяси тұстары басымырақ екен. Тағы да мысал: дүниежүзіндегі 24 мың пайғамбарды, бүкіл сахабаларды, шадияр атаулыны алып қарасаңыз, ішінде бірде-бір әйел заты жоқ. Исламда да, Буддада да, христианда да солай. Қазақтың «Байтал шауып бәйгі алмас» деген мақалына денденкіресек, ол жәй айтыла салмаған, әрі ұлағатты, әрі ғылыми дәлелді сөз екенін аңғарамыз. Бұл бір ауыспалы мағынасында әйелдерге сен еркектің алдына шығып, басқа шауып, төске өрлей берме деген ишараны білдірсе, екіншіден шыныңда да ұлы дүбір шабыста байтал, биелердің бәрінен озық шығуы ырабайда бір болмаса кездесе бермейді. Жалпы біз мынаны қаперімізге алуымыз керек. Жаратқан Иеміз еркек пен әйелді физиологиялық жағынан екі түрлі етіп жаратқан. Олардың миының жарты шарлары да әртүрлі жұмыс істейді. Әйелдерге қарағанда еркектердің сүйегі каттырақ және терісінің астындағы май да аздау келеді. Ал Х,У деп белгіленетін хромосомдар аналық және аталық гормондар айырып отырады. Алды- артын бірден ашып-шашып тастап, темекі тартып, ішімдік ішіп, машина тізгініне отырғанын, қала берді орысша сөйлегенін мәдениеттің шырқау шыңына шыққаны деп ойлайтын кейбір байғұс қыз-келіншектеріміз байтал деген сөзге шамданбай-ақ қойсын. Өйткені, олар үлгі алып жүрген ағылшындар жақсы көрген әйелін жылқыға теңейді.
«Ер бала –үйдің таяуы, қыз бала– үйдің бояуы» деп ғұлама ақын Әбубәкір Кердері айтқандай қыз бала елдің әрі көркі, әрі шаңырақтың екі иесінің бірі. Тіпті, соларға ұшақтан түсіп жатқан шетелдіктердің алдынан нан алып шығарып, тізе бүктіріп майыстырып қоюды тоқтатуымыз керек. Әнебір жылы Рим папасы келгенде Астанадағы Еуразия университетінің қыздарына соның дір-дір еткен қолын сүйгізіп масқара болғанымыз да жетеді. Ал қазақ әйелінің өмірдегі орны туралы тағы да Әбубәкір Кердерінің «Жаман болса алғаның, өлсең көрге жатқызбас Сүйегіңді тебірентпей» дегені қайсы еркек кіндіктіні де ойға батырар сөз емес пе?! Әрине адам баласы рухани да, материалдық та құлдыраған бүгінгі заманда еркектің отбасындағы, әйел алдындағы беделі де құлдырағаны айқын. Үйде жұмыыссыз отырған еркек күні бойы базарда тұрып, қайтарда көрші бутиктегі 1-2 еркекпен қосылып 1-2 жартымен «бой жылытып» қызып келген әйеліне қадірлі еркек бола алмайды.Бірде күйінгеннен: * * * Шаңырақтан ризық көшіріп, Ошақтың отын өшіріп, Баз кешіп бай мен баладан Тоятын іздеп қаладан Атаның қонбай ақылы Қаңғырып кеткен қатыны, – деген едік. Бүгінде оған да етіміз өліп, азып-тозып кеткен шаңырақтарды көрсек таңғалмайтын болдық. Қайталап айтамыз, отаршы елдер қашанда біздің қыз-келіншектеріміздің қолтығына су бүркіп, өзімізге қарсы айдап салу үшін ғана әйелдер ісі, әйелдер мәселесі, әйел теңдігі, гендерлік саясат дегендерді қару қып пайдаланып келеді. Сөйтіп, еркіндік, тең хұқылық дегенді еркекке бағынбау, ұрысса қарсы ұрысу, аузына келгенін айту, әрі-берідесін еріне ыдыс-аяқ, кір жуғызып қою деп ойлайтын толып жатқан кемақыл қыз-келіншектерді одан сайын құтырта түседі. Сауатты, білімді әйел жыныстылар ешқашан өйтпейді. Жасыратыны жоқ, бүгінгі қазақ қыздары өзінің ұлттық дәстүрі олардікінен әлдеқайда озық екенін өз ұлтын еуропалықтардан кем көру нағыз надаңдықтың нышаны екенін білмейді. Баяғыда орыстың үлкен ойшылы, әдебиет сыншысы Писарев «Орыстың Рафаэлі болғанша орыстың етікшісі болған жақсы» деген екен. Ол бұл жерде қайта өрлеу дәуірінің әлемге мәшһүр суретшісі Рафаэль Сантиді айтып отыр. Ал біздің қазекеңнің қыз-келіншектері бүкіл батыстың қаңсығын таңсық көруін тоқтатар емес. Баяғыда гректер Афины демократиясы сөз бостандығы деп елді бүлдірді, жастарды бұзды деп Сократты жазаға тартқаны белгілі. Әйел жыныстысы бұзылған ұлт жойылатынын, мемлекет жойылатынын тарих талай рет дәлелдеген. Дәлелдеп те келеді. Талай-талай «Менмін» деген мемлекеттердің әйелдері мен қыздарын азғындату, сатқындыққа түсіру арқылы-ақ екінші бір мемлекет жаулап алғаны туралы мағлұматтар тарих ақсақалдың қойны-қонышында толып тұр. Ал билік басындағылар бүгінгі қыз-келіншектеріміз әртүрлі телеарналар мен қызылды-жасылды басылымдарға ерік беріп қойып одан сайын құтырта түсуде. Өйткені, қандай билік, қандай өкімет болса да оларға есірген, той-томалақшыл, әуейі, тамағы тоқ болғанына мәз ұрпақты басқару өте оңай. Оларға керегі де осындай халық. Қалай десек те біз мына Қазақстан Республикасы деп аталып жүрген мемлекетті Қазақ Мемлекеті деп мойындайтынымыз рас болса және қазақ ұлты жойылып кетпесін десек, әйелдеріміз бен қыз балаларымызды ұлттық тәрбие-тәртіпке шақыру жолдарын қарастырып, тез арада мемлекеттік денгейдегі шешімдер қабылдауымыз да артық болмас еді.Мырзан КЕНЖЕБАЙ
Дереккөз: Abai kz
*Түпнұсқадағы тақырып: "Алаштың жауы - "казашкалар"