Ахметов ісі: сот отырысында жаңа дәйектер айтылды
2015 ж. 29 қазан
2287
23
28 қазандағы Қарағанды облыстық сотының отырысында сотқа жауап берген сотталушы Думан Нұрбаев Серік Ахметовке 2 млн. АҚШ долларын бергені туралы әңгімеледі. Ол аса ірі көлемдегі ақшаның жартысын қолма-қол ақша түрінде, жартысын шетелдік компанияның шотына аудару жолымен жеткізген. «Eco-treatment systems» және «Sapa Project Group» деп аталатын екі компанияның басшысы болған Д. Нұрбаев Қарағанды қаласының «Металлургия-Металл өңдеу» индустриалдық паркі» (қысқаша – «ММИП») ЖШС-нің инфрақұрылымын салуға қосалқы мердігерлік келісім-шартын қандай мәміле арқылы алғанын түсіндіріп берді.
Сотталушының айтуынша, былықтың басы 2011 жылы оның Әлжан Тельманұлы Ақмолдаевпен танысуынан басталған. Қазақстандық өнеркәсіптік корпорацияның вице-президенті алғашқы кездесуде «ММИП» ЖШС-нің тұрмыстық ағын суларды тазалау жүйесін салатын компания іздестіріп жатқанын айтып, ұсыныс жасайды. Осы салада біршама тәжірибе жинақтаған алматылық кәсіпкер бірден келіседі. Сөйтіп, Ә. Ақмолдаевтың бақылауындағы «Центр-строй комплект НС» ЖШС-і мен «Eco-treatment systems» ЖШС-нің арасында аталған нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу туралы келісім-шарт жасалады. Ал нысанға қондырғыны жеткізуге Қазақстандық өнеркәсіптік корпорацияның компаниялар тобына кіретін «MGN Grand» сауда үйі» ЖШС-і таңдап алынады. Алайда осындай тиімді мәміле жасалғаны үшін, Ә. Ақмолдаев Д. Нұрбаевтан Қарағанды облыстық әкімдігінің лауазымды тұлғаларына пара беруді талап етеді.
Нәтижесінде Д. Нұрбаев пен Ә. Ақмолдаев төрт компания: «Eco-treatment systems», «Sapa Project Group», «Центр-строй комплект НС», «MGN Grand» сауда үйі» арасында екі келісім-шарт жасайды. Біріншісі, құрылыс-монтаж жұмыстарына арналған 2012 жылдың 14 наурызындағы «Центр-строй комплект НС» ЖШС-і мен «Eco-treatment systems» ЖШС-нің арасында құны 334 млн. теңге тұратын құжат, екіншісі, технологиялық қондырғыны жеткізуге арналған 2012 жылдың 1 ақпанындағы «MGN Grand» сауда үйі» мен «Sapa Project Group»-тің арасындағы құны 1 586 млн. теңге тұратын құжат. Жалпы алғанда, Д. Нұрбаевтың компаниялары индустриалдық парктің канализациялық тазалау жүйесінің құрылысына 1 млрд. 803 млн. теңгеге қосалқы мердігерлік жұмыстарын алады.
Сотталушының айтуынша, одан әріде қарқынды құрылыс жұмыстары басталғанымен, оған бөлінген қаражат аз-аздан түсіп отырған. Құрылыс материалдарын сатып алатын ақшаға үнемі тапшылық туындаған. Арада біраз уақыт өткенде Ә. Ақмолдаев Д. Нұрбаевпен оңаша кездесуде қосалқы мердігерлікке алған ақшаның 2 млн. долларын оған қайтарып беру туралы талап қояды. Әңгіме арасында ол «бұл ақшаны өзі иеленбейтінін, оның бастыққа арналған ақша» екенін жеткізеді. Куәгер Д. Нұрбаев өзінің бизнестегі серіктесінің сол жолғы әңгімесін сот залында былай түсіндіріп берді: «Ә. Ақмолдаев: «Бұл ақшаны мен алмаймын. Бұл бастыққа арналған ақша!» деді. Ол бастық, басшылық деген сөздерді жиі айтатын. Бастық дегенде сұқ саусағын жоғары көтеріп, ишарат жасайтын. Мен сол бастықтың кім екенін бірде ашып сұрағанымда ол: «Бұл бұрынғыдан да лауазымы жоғарылаған бастық» деді. Мен бұл әңгімеден кейін қорытынды жасап, сөз С. Ахметов туралы болып отырғанын білдім. Тура сол кезеңде С. Ахметов Қарағанды облысы әкімінің қызметінен босап, ҚР-ның Премьер-Министрі болып тағайындалды».
Сотталушы Д. Нұрбаев сот залында тұрып, 2 млн. АҚШ долларын Ә. Ақмолдаев арқылы экс-премьер С. Ахметовке бергенін әңгімеледі. Ә. Ақмолдаев оған телефонмен нұсқау беріп, шетелдік компаниялардың шотына 2 млн. доллар аудару үшін электрондық поштасына деректемелерді жіберіп отырған. Д. Нұрбаев арадағы делдалды өзі тауып, оны ғаламтор-банкингтің көмегімен жүзеге асырады. Делдалдар өз қызметі үшін жіберілген ақшаның 1,5-2 пайызын өзіне алып отырған. Айтарлығы, сотталушы Д. Нұрбаев тергеу кезінде өзінің кінәсін мойындап, тергеушілерге электрондық поштасын ашып көрсетеді. Дәлел ретінде сол жерден арабтың «Al Karada General Trading LLC» атты компаниясының деректемелері шыққан. Соттағы сөзінде ол Ә. Ақмолдаевтың тікелей нұсқауымен Дубайдағы«Al Karada General Trading LLC» компаниясының шотына 1 млн. доллар ақша аударғанын айтты.
Қалған 1 млн. долларды қолма-қол ақшаға айналдырып, Ә. Ақмолдаев арқылы облыстық әкімдіктің басшылығына жіберіп отырған. Бұл жерде Д. Нұрбаев өзінің ескі досы Нұрлан Елғондиннің көмегін пайдаланады. 27 қазандағы сот отырысында түсінік берген Н. Елғондин: «2012 жылдың басында маған студенттік шақтағы досым Д. Нұрбаев хабарласып, бір жұмыс ұсынды. Себебі ол менің шетелдерден тауар жеткізумен айналысатын фирмамның барын білетін. Думан Қарағанды қаласында үлкен бір жобаны қолға алғанын, сол бойынша «Sapa Project Group» ЖШС-не ірі көлемде ақша түсетінін хабарлады. Ол сондай-ақ, тапсырыс берушіге келісім-шарт бойынша кем дегенде 2 млн. АҚШ долларына жуық ақша қайтару қажеттігін айтты. Одан кейінгі іс-әрекеттер тапсырыс берушінің құзырында екенін, осы іске жәрдемдесуімді өтінді. Мен келістім» деген түсінік берген болатын.
Сөйтіп, Н. Елғондиннің «Сомнус» ЖШС-і және ол тауып берген «Perfect Education», «Gepipe Trade» ЖШС-нің көмегімен қондырғы «ММИП» ЖШС-не жеткізіліп, ақшаның бір бөлігі қолма-қол ақшаға айналдырылады. Бұл қызметіне кәсіпорындар келісім-шарт құнының 6,5 пайызын алады. «Бұл жерде мынадай шарт қойылды: аталған үш компания арқылы біз қондырғыны, қосымша құрылыс материалдарын, көрсетілетін қызмет түрлерін сатып аламыз. Олар қалған қаржыны қолма-қол ақшаға ауыстырып, маған береді. Осылайша, «Perfect Education»-ға – 504 млн. теңге, «Сомнус»-қа – 656 млн. теңге, «Gepipe Trade»-ге – 117 млн. теңге аударылды» деп әңгімеледі Д. Нұрбаев. Оның айтуынша, ақша алдымен «Sapa Project Group»-тың шотына түсіп, кейіннен аталған үш компанияға аударылып отырған. Алдын-ала келісілгендей, ақшаны қайтаратын кезде Д. Нұрбаевқа сол кездегі Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ғабит Мұхембетовтің адамдары хабарласып, «бастықтың пайызын» беруді сұрайды. Ол амалсыздан алған «міндеттемесін» орындап, Ғ. Мұхамбетовтің адамдарына бірнеше рет 60-75 млн. теңгеден қолма-қол ақша беріп жіберіп отырғанын хабарлады. Айтарлығы, жоғары лауазымды шенеунікпен қалта телефонымен хабарласып немесе «WatsApp» арқылы хабарлама жазып, ақшаны жібергенін жеткізсе, Ғ. Мұхамбетов өз кезегінде ақшаны алғанын растап отырған. Сотталушы Д. Нұрбаев түптеп келгенде индустриалдық парктің нысанын салудан ешқандай пайда таппайды. С. Ахметов премьер болған кезеңде Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасарлығына жоғарылаған Ғ. Мұхамбетов оған тек бір облыс емес, Қазақстан аумағынан үлкен нысандар жобасына қатысуға көмектесуге уәде етеді. Бірақ ол бірде-бір нысанның құрылысына қатыса алмаған.
Әмина БӘКІР
qazaquni.kz