СЕН САЛАР ДА МЕН САЛАР...
2015 ж. 25 қазан
3044
1
ҚР МИНИСТРЛЕР КАБИНЕТІНІҢ НАЗАРЫНА
ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕ КИІКТЕР ТАҒЫ ДА ҚЫРЫЛУЫ МҮМКІН
Ауыл шаруашылығы министрлігі «ақбөкендерге жұт келе жатыр» деп дабыл қақты. Өйткені бүгінге дейін індет себептері анықталмаған. Егер ауру қайтара соқса, қарсы тұруға мамандардың еш қауқары жоқ екен. Ал, алдыңғы апаттың себебін анықтауға бөлінген миллиондар осыған жауапты мекемелердің «жұмырына жұқ болмапты».
Жұттың нақты себебін анықтау үшін зерттеу институттарына биылғы жылы 332 миллион теңге бөлінген екен. Сол ақша «Аллаһу акбар» болған соң шенеуніктер енді тағы 350 млн. сұрап отыр. Ал, ақбөкендерге апаттың неден келгені әлі сол күйінде белгісіз. Отандық ғалымдардан қайыр болмаған соң Ауыл шаруашылығы министрлігі сырттан мамандар шақыртқан. Алайда, шетелдік ғалымдар да ештеңе бітірмеген. Естеріңізге салсақ, мамыр айында еліміздің үш аймағы – Қостанай, Ақмола, Ақтөбе облысында 200 мыңнан аса киік қырылып қалған болатын. Бұл Ұлы даланы мекендеген түз тағыларының тең жартысына жуығы. Енді бір осындай жұт қайталанса қазақ жері киіксіз қалуы әбден мүмкін. Ерлан Нысанбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі: – Зерттеудің нәтижесі бойынша киіктердің пастереллезден қырылғаны анықталды. Бірақ, індеттің себебі әлі белгісіз. Ол үшін аз ақша жұмсалған жоқ. Зерттеу жүргізетін институттардың бәрі Білім минстрлігіне қарасты. Ал, Ауыл шаруашылығы министрлігі киіктерді браконерлерден қорғауға ғана жауапты. Вице-министрдің бұл сөзіне түсіне алмадық. Біресе пастереллез, біресе індет анықталған жоқ дегені өз алдына, браконерлермен күресуді ғана білетін сияқты бұл сала мамандары. Олай болса, мына жағдай нені көрсетеді? Ақтөбе облысында екі «Ланд крузер» көлігін тақымдаған 6 браконьер Қызыл кітапқа енген елуден астам киікті жайратып салғаны жақында белгілі болды. Қаскөйлер аталық ақбөкендердің жүзден аса мүйізін кесіп алып, жүк салғыштарына сыйғанынша жануарлардың етін тиеген. Ал қалған өлекселерін аулаған жерлерінде лақтырып кетіпті. Ұсталған алтаудың барлығы Қызылорда облысының тұрғындары. Араларындағы біреуі майор шеніндегі Ішкі істер департаментінің қызметкері екен. Ақтөбе облыстық орман және жануарлар әлемін қорғау инспекциясының бөлім бастығы Бекболат Жапаровтың айтуынша олар 20 миллион 216 мың теңге шығын келтірген. Бұл бір ғана жағдай емес, сонда министрлік қайда қарап отыр? Оған қоса өз қарауына алған салалық бірнеше жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары немен айналысып жатыр? Дүниежүзілік деректер бойынша жұмыр жер бетіндегі киіктердің 90 пайызы біздің даламызды мекен етеді екен. Қазақ үшін киелі жануар десек те болады. Ықылым заманнан, ғылым мен білімнің дамымаған кезінде ата-бабаларымыз түз тағысын аман-есен сақтап, ұрпақтарына жеткізгені аян. Ал бүгінгі дамыған жиырма бірінші ғасырда індетті анықтай алмай отырған түріміз мынау. Ғылыми-зерттеу институттары, заманауи ғылыми-тәжірибелік зертханалармен жабдықталған салалалық жоғары оқу орындары, прокуратура, полиция секілді көптеген күштік құрылымы бар елдің киіктерді қорғай алмауы ақылға қонымсыз құбылыс демеске амалымыз жоқ. Киіктерге қатысы бар деген салалардың бәрі жауапкершіліктен бастарын алып қашса, бір-біріне сілтесе түз тағысының тағдыры шынында қыл үстінде тұр. Біздегідей әр министрлік өзін жеке мемлекет деп санаса ортақ істің оңбасы белгілі. Қазақша айтқанда «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» кері келіп тұр. Қазаққа атқа жемді кім салғаны емес, яғни қай министрлік жауапты болса да киіктердің аман қалғаны аса қажет. «Керек болса арнайы министрлік ашыңыздар. Бізге броконьерлерден түскен айыппұл ақша емес, киіктердің саны мен саулығы маңызды. Киелі түз тағысы кетсе, Ұлы даладан құт кетеді деген қауіп ешкімнің ойына кіріп-шықпай ма?» - дейді редакцияға хабарласқан қалың оқырмандарымыздың бірі. Ондаған уәзірлікті басқарып отырған Министрлер Кабинетіндегілер бұған не дейді екен? Әлде, киіктер түгелдей қырылып біткен соң, әдеттегідей кінәлілерді іздейтін боламыз ба?..Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті