Шырайлы Шымкент базарсыз қалмақ
2015 ж. 20 қазан
3138
0
2017 жылы Шымкент қаласының ішінде базар қалмайды. Қала ішіндегі сауда орталықтары сыртқа көшіріледі.
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Оңтүстік кәсіпкерлерімен өткен кездесуінде хабарлады.
Қала басшысының сөзінше, бүгінде бірқатар базарлар ішкі жағдайын жақсартып, сәндеп қойған. Алайда, бұл базарлар бәрібір де заман талабына сай емес. Сондықтан қала сыртынан сауда орталықтары салынады.
“Елбасының тапсырмасы бар, заңға да сәйкес өзгерістер енгізіліп жатыр. 2017 жылдан бастап қалаларда базарлар болмайды. Базардың басшыларымен, қожайындарымен сөйлестім. Менің ойымша, олардың бәрі бұл жағдайды түсінеді. Әрекеттер жасалып жатыр. Сауда орталықтары қаланың сыртында соғылады. Базарлардың бәрі сонда көшу керек”, – дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.
Осылай деген әкім әйтсе де қала ішінде бір базар қалуы мүмкін екенін айтты. Бірақ, ол сауда орталығы шығыс стилінде жасалады. Ішінде жеміс-жидектер, түрлі тәттілер сатылады. Сауда жасауға барған жұрт базардан жағымды әсерге бөленуі керек дейді ол.
Дереккөз: BAQ.KZ