Куәгер Бота Жұманованы соққыға жыққан ер кісінің бет-әлпетін суреттеп берді

Алматылық блогер Ботагөз Жұманова соққыға жығылғаннан кейін әлі де ауруханада жатыр. Жұманованың көршілерінің бірі тап берген азаматты көрген. Ол бұл туралы Today.kz тілшісіне берген сұхбатында баяндап берді.

Снимок

Бота Жұманова. Фото: facebook.com

Венера Алиева біртүрлі дыбыстар естігесін, балконға шыққан. Ол қылмыскерді көріп қалып, айқайлағанның арқасында ер кісі құрбанын соққыға алуын доғарып, ізін суытқан.

«Мен балконда фильм көріп отырдым. Айқайды естігенде балалар жүгіріп жүрген шығар деп ойладым. Басымды шығарып қарағанда, соққыларды көрдім. Адам құлап қалды деп ойладым. «Эй!» деп айқайласам, шошытамын деп үміттендім. Балконнан оның түрін көруге тырысып жатқанда, ол бірден бүркеніп қаша жөнелді. Бірақ мен оны есімде сақтап қалдым: Шашы қоңыр, көк күртеше киген, қалпағы бар, қазақ емесі анық, кавказ болуы керек, жасы 25-27-лерде. Ол көшеден келіп, тап бергеннен кейін гараждардың арасына қарай қашты. Ол жерде қараңғы болғасын жасырыну оңай», – дейді Венера.

Куәгер әйел сол кешті есінде жақсы сақтаған.

Ол қан-жоса болды. Мұрны ісіп кеткен. Теңселіп көтеріліп келе жатты

«Жұманованың кілті болмады. Ол домофонға хабарласып, немере жиені есікті ашты. Біз әрине бірден подъезге жүгірдік. Ол қан-жоса болды. Мұрны ісіп кеткен. Теңселіп көтеріліп келе жатты. Қан қатты ақты. Бірінші қабаттан оның пәтеріне дейін қанның іздері қалды. Мен дәрігермін. Оның мұрны сынып, сол жаққа жылжып кеткенін бірден түсіндім. Мен оған «Сізге бірден жедел жәрдем шақыру керек. Есеңгіреген күйдесіз. Кейін қорқып, тығыла бастауыңыз мүмкін» дедім. Ол «Иә, иә» деді де кетіп қалды. 10 минут өткесін Бота маған келіп, есік қақты. «Маған не болды?» деп сұрағасын, оған тап бергенін, мұрны сынғанын айттым. Ол қайтадан теңселіп тұрып, «Маған не болды?» деп сұрады. Қан қатты ақты. Оны тоқтату үшін ол мұз боп қатқан фаршты бетіне басып тұрды», – деп есіне алды әйел.

Ол тап берген жігіт бірден қаладан кетіп қалған деп санайды.

Меніңше ол (қылмыскер) бірден қаладан кетіп қалды

«Итті қыдыртуға алып шыққан әпкесі қайтып келіп, бірден жедел жәрдем шақыртты, жарты сағаттан кейін Ботаны ауруханаға алып кетті. Бір жарым сағаттан кейін полицейлер келіп, оқиға орнын тінтіді. Бір қызығы әншейінде аулада отыратын адамдардың сол сәтте бірі де болмаған. Меніңше ол (қылмыскер) бірден қаладан кетіп қалды», – дейді көршісі.

Венера Алиева кезінде өзі де осындай жағдайға душар болғандықтан, бұл жайтқа бей-жай қарамаған.

«Ол, тіпті бойжеткеннің қолындағы ноутбугін де алуға тырыспаған. Көршілер подъезде күдікті ер кісінің торуылдап жүргенін байқаған. Бұл аудан тұрғыны емес. Біз бәрін жақсы білеміз. Ал мынау болса, бірнеше күн бойы келіп-кетіп жүрді», – дейді Венера.

Блогердің өзі болса, жақындары да, өзі де емге қаражат жинап жатпағанын ескертті. Соққыға жығылған бойжеткеннің бас миы шайқалып, мұрны сынған және көптеген дене жарақаттарын алған.

Ал #МЕНБОТА хэштегі болса, Ерлан Нұрпейісов пен бірталай интернет пайдаланушыларға маңызды ақпарат ортасына айналды. Кәсіпкер күдіктінің есімі мен жасырынған жерін жария еткендерге 100 мың теңге сыйақы жариялады. Бүгінде бұл сома өскен деп хабарлайды КТК арнасы.

Сыйақы көлемі 100 мыңнан 1 миллионға таяп қалды

«Бұзақыны тезірек табу үшін жарияланған сыйақыны толықтырғысы келген азаматтар көп. Сыйақы көлемі 100 мыңнан 1 миллионға таяп қалды. Бұл тек журналиске жасалған қастандық емес, бұл бүкіл қоғамға жасалған қылмыс деп білеміз», – дейді Ерлан Нұрпейісов.

Полицейлер болса, Ботаны соққыға жыққан азаматты табатындарына сенімді. Тергеуді Ішкі істер министрлігі өз бақылауына алды. Әзірге журналисті соққыға жығу бұзақылық ретінде қарастырылуда.

«Қылмысты «Бұзақылық» ретінде саралауда. Егер ол бірнеше рет істі болғаны анықталса, 3 жылдан 7 жылға дейін сотталуы мүмкін», – дейді Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әзірбек.

Еске салсақ, Ботагөз Жұманованы 8-ші қазан күні кешкісін соқталдай жігіт тура үйінің кіреберісінде тепкілеген болатын. Бақылау камерасына түсіп қалған кадрлерде блогердің соңынан спорттық киім киген жас жігіттің еріп келгені анық көрінеді.

Бұзақы есік үстіндегі камераға да еш қымсынбай қарап, кейін бейжай тұрған журналисті жұдырықпен басынан ұрып сұлатты. Жерге құлаған соң бірнеше рет тепкен.

Қастандық журналистің қызметіне қатысы болуы мүмкін деген де болжам бар.

Дереккөз: NUR.KZ