Ақтөбеліктер Сапарбаевқа қатты разы болуда
2015 ж. 12 қазан
3155
1
Ақтөбеліктер Сапарбаевтың жаңа бейнесін жасап алды. Төсіне қала эмблемасы тағылған батыр бейнесіндегі Бердібек Сапарбаев бейнесі түрлі әлеуметтік желі арқылы ақтөбеліктер арасында көңілден шығып, «лайк» жинап жатыр.
Бұл туралы NUR.KZ порталының Ақтөбедегі меншікті тілшісі хабарлайды.
Ақтөбе халқының көзқарасы 180 градусқа өзгерді. Қалада билікке сеніммен қарайтындардың саны артқан. Аймақта жасалып жатқан қызу тірлік сөзбен емес, іспен дәлелденіп жатыр. Көлік кептелісі аузы-мұрнына шығып тұратын базарлардың маңы әп-сәтте тазарды, сенбі сайын мекеме қызметкерлері көше тазалап жүреді.
Қазір Ақтөбеде ұйымдастырылатын ресми жиындар мен шаралардың да өту тәртібі өзгерген. Қарапайымдылық басым.
«Кеше мүгедектердің көрмесіне әкім келгенде әңгімесінен ішім жылып қалды. Қазақылығы басым, кәдімгідей жатық сөйлейді екен. Ол көрменің өзінде көп адамға көңіл аударды. Әкімнің халыққа жақын болғаны жақсы емес пе?», – дейді «Қос Шынар» қоғамдық бірлестігінің басшысы Ғалымжан Байдербес.
Қазір облыс әкімінің орынбасарлары да мүлде өзгеріп кетті, өздерін басқаша ұстайтын болған. Бұрын әкіммен бірге жүретін, шараға тура келіп, тура кететін қызметкерлердің бүгінгі келбеті басқа. Ұйымдастырылатын кез-келген жиынға әкімнен ерте келеді, айналамен тілдесіп жүреді.
Әкімге қатысты қызық мұнымен шектелмейді. Қазір ақтөбеліктер көшеге шықса, жан-жағына елеңдеп қарайтын болған. Әрқайсысының көңілінде «Әкімді көшеден көріп қалам ба?» деген үміт бар. Бірнешеуі көрді де. Сыртынан суретке түсірді, әлеуметтік желілерге салды.
“Жаңа алдымнан таныс біреуді көрдім. Қарапайым курткамен қолын қалтасына салып алған, кетіп бара жатыр. Мына адамды қайдан көрдім деп көп қарап тұрдым. Сөйтсем әкім екен ғой»; «Әкім қасына көмекшісін ертіп алып жүреді екен. Көшеден бірнеше рет көрдім»; «Әкім автопаркке барған екен, күзеттегілер құжатыңды көрсет деп, кіргізбей қойыпты»; «Әкім кеше пәленше деген мектепке барыпты. Есіктің алдында жүретіндер «іште директор жоқ, кейін келіңіз, қазір шығыңыз » деп итеріп жіберіпті мыс…”.
Халық аузында «әкім…» деп басталатын, сан-саққа жүгірген әңгіме көп.
«Әкім сондай жақсы адам. Оны жақсы көрмейтін адам жоқ шығар. Жымиып жылы күледі. Ол кісі басқа жерлерді аралаған кезде алдынан қыз-келіншектер шықса, қызғанып қаламын», – дейді өзінің атын атамауды өтінген әкімдік қызметкерлерінің бірі.
Сапарбаевтың батыр бейнесін жасап үлгерген ақтөбеліктер енді әкім өзгерсе, қабылдау қиын болады-ау деп қорқады.
Дереккөз: NUR.KZ