СЕМЕЙДЕ ӘЛІ ТҰРҒАН ЛЕНИН КӨШЕСІНЕ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН АТЫ БЕРІЛУІ КЕРЕК!
2015 ж. 10 қазан
6863
1
Ежелден Ұлылар мекені атанған Семей қаласының айбарын асырып тұрған екінші атауы – «Алаш арыстары ту тіккен қала». Тарихи дерекпен айтар болсақ, 1918 жылы Алашорда ұлттық-территориялық автономиясы үкіметінің (Халық Кеңесінің) мүшелері Ертістің сол жағалауындағы Алаш қаласына (Заречная Слободка, Семей) көшіп келіп қоныстанған.
Міне, осынау мысалдың өзінен-ақ бұл қаланың қазақ үшін маңызы қаншалықты екендігі тәптіштей түсіндірмесек те белгілі болып тұр. Бірақ, жалымыз күдірейіп, «Алаш қаласы» деп ауыз толтыра айтқанымызбен, қаланың бүгінгі кейпінен азат елдің рухы сезілер серпін байқалмайды. Өйткені, келмеске кеткеніне ширек ғасырдың жүзі болса да кешегі кеңестік ұғымның көріністері мұнда көптеп саналады. Семейдегі патшалы Ресейдің елтаңбалары егемен елімізде еркін тұрғанын «Қазақ үні» газеті талай жазды да... Соның ішінде сүбелісі - қаланың орталық бөлігіндегі негізгі көшелердің қатарында көсіліп жатқан Ленин көшесі.
Тәуелсіздігімізді алып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген сәт туғанда Алаш арыстары да халқымен қауышқанын көріп, семейліктер де көппен бірге бөркін аспанға атқан. Сол орайда өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында «күн көсемнің» зәулім ескерткіші құлатылып, ал бюст-мүсіндері қаланың ортасындағы бір аллеяның ішіне жағалай жайғастырылған болатын. Б.Жамақаев көшесіндегі осы аллеяның ішімен өткенде бой жағынан бірінен-бірі өтетін «кішкентай лениндерді» көріп, еріксіз езу тартатынмын. Бір жағынан бүгінде маңызы жоқ осынау жансыз «денелердің» енді кімге керегі барын түсіне алмайтын таңырқау да бары жасырын емес еді. Бірақ, шындығы осы: «барлық елдің пролетарларын бірігуге шақырған» «коммунистер көсемінің» мешеу көшірмелері көзге түрткі болып әлі тізіліп тұр.
Ал мақаламыздың басында айтып өткен Ленин көшесіне қайта оралайық. Ой-бой бұл көшенің бойында нендей ғимараттар, нысандар жоқ дейсіз?! Көше бастауында Достық үйі, облыстық өлкетану мұражайы, қалалық кәсіподақтар үйі сияқты еңселі ғимараттар тізіліп сала беретін көше Орталық саябақтың ішін қақ жарып өтіп, Абай мұражайын құшағына ала кетіп, ары қарай жалғаса береді. Сөзімізді одан әрі сабақтастырмас бұрын осы тұста бір тоқталайық. Саябақ ішінде қазақтың ұлы ақыны, Алаш қайраткерлерінің қатарындағы бес арыстың бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткіші көз тартады. Ал көше басындағы Достық үйінің алдында ұлт азаттығы үшін күрескен Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың ескерткіші орналасқан. Енді логикалық қисынмен қарасаңыз тарихи қарама-қайшылық бірден көзге шыққан сүйелдей шыға келеді: кеңестік тоталитарлық жүйенің озбырлығына наразылығын білдірген Қайрат Рысқұлбеков ескерткіші тұрған көшенің кеңестер одағының «күн көсемі» саналған Лениннің атында (оның оралмастай болып тарих қойнауына кеткенін біле тұра) тұра беруі ақылға сыя ма?! Жоқ, әрине!
Абайдай ақынымен аты асқақтап, Шәкәрімдей данасымен даңқы кеткен, Әлихан Бөкейхан, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезов сияқты ұлт зиялылары Алаштың болашағын ақылдасып, кеңестік империяның жүйесіне қарсы ой бөліскен қалада Ленин атын ұстап отырудың ендігіде қисыны жоқ. Алайда, кеңестік одақ ыдырап, Тәуелсіздігіміз оралғалы ширек ғасырдың жүзі болса да, Семейдегі жергілікті биліктің басшылары өздері бас болып көше атауын ауыстыру қажеттігін қаперге алатын емес. Тіпті, Семей қалалық әкімдігінің атқамінерлері Ленин есімі берілген көшенің тек қана осы қала мен Қарағандыда ғана өзгермей тұрғанын біле ме екен?! Өндірісті қала Қарағандыдағы көшенің де өзгеретін күні туар, ал еліміздің өзге қалалары әлдеқашан компартия көсемімен қош айтысқан. Мысалы Алматы қаласындағы бұрынғы Ленин даңғылы қазір «Достық даңғылы» болып аталады. Астанада «Бейбітшілік көшесі» болып өзгерді. Ал облыс орталығы Өскемендегі кезінде Ленин «еншісінде» болған орталық даңғыл қазір «Тәуелсіздік даңғылы-проспект Независимости» деп екі тілде жазылып, алыстан менмұндалайды.
Ал Семейде «баяғы жартас бір жартас». Санасын сірескен советтік-құлдық ұғымнан тазартуға құлқы жоқ қалалық әкімдіктің идеология саласының құзырына қараған осынау мәселе тамаққа тұрып қалған сүйектей тынысымызды тарылтып, әлі күнге дейін көлденеңдеп келеді. Ал шындап келгенде алдағы жылы да көше атауын өзгерте алмайтын болсақ, Семейдің «Алаш арыстары бас қосқан қала» деген атына үлкен сын.
Неге десеңіз алдағы жылы көрнекті Алаш қайраткері, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толады. Ә.Бөкейхановтың өмір жолына тоқталып, оны таныстыру басы артық әңгіме. Ең бастысы Ә.Бөкейхановтың 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланбақ. Демек, әлемдік деңгейде мойындалып отырған, Семейдің «Алаш қаласы» аталуына тікелей қатысы бар ұлт көсемінің есіміне көше берер кез жетті. Көше бергенде де «күн көсемнің» тегімен біржола қоштасып, мақаламыздың өзегіне айналған Ленин көшесіне беру керек. Ресейдің өзі КСРО құлаған бетте көп ұзамай әспеттеген көсемнің мәйітін Мәскеудегі мавзолейінен аластап, өзіне лайықты зиратқа жерлеп, облыс атауын да, қаласын да түбегейлі Санкт-Петербург деп өзгертіп тарихи әділ шешім қабылдап отырғанда, Алаш арыстарының қаласында Ленин атындағы көшенің сақталатын не жөні бар?! Егер осы көше бойымен кішкентай бүлдіршіндерін серуендеуге ертіп шыға қалған үлкендер олардың тарапынан «Осы Ленин деген кім болған? Оның қазаққа қатысы бар ма?» деген сауал туындаса, дұрыстап жауап бере алмайтынына күмәнім жоқ.
Егер көше Әлихан Бөкейхановтың атына берілетін болса, сөз басында айтып өткен тарихи қарама-қайшылықтың да көзі жойылып, жарасымды көрініс өз жүйесін табады. Әрі Әлиханның кім болғанын еш ұялмай айтар едік. Оның үстіне аталмыш көшенің басы Абай көшесімен қиылысады. Бауыржан Момышұлы көшесі мен Шәкәрім даңғылы және Жүсіпбек Аймауытұлы көшесі қатарласа жайғасқан күйі созылып жатса, Орталық саябақтың шыға берісінен көлденеңдейтін көше Міржақып Дулатұлының атында. Көріп отырсыз ұлт тұлғаларының атына берілген қаланың негізгі көшелерінің қатарында ендігіде Лениннің тұра беруі елдігімізге ұят әрі жөні де жоқ. Ал бұл көшеге алдағы жылы ЮНЕСКО көлемінде тойланатын Әлихан Бөкейхановтың аты берілетін болса, күллі Алаш қуана күткен тамаша бір тарихи істің орындалғаны болмақ. Тек оған дейін осы мәселені шешуге тиісті орындардың тізгінін ұстаған басшылардың санасын ешкімге керексіз болып қалған кеңестік идеологияның сірескен түсінігінен арылтып үлгеруіміз керек.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,
Семей қаласы.
qazaquni.kz