Бердібек Сапарбаев екі полиция қызметкерін өлімнен арашалап қалды
2015 ж. 05 қазан
3649
2
Cапарбаев екі бірдей полицияны өлімнен арашалады. Іссапармен ауылдарды аралып жүрген Ақтөбе облысының әкімі жолда ауыр жарақат алып, ес-түссіз жатқан полицияларды көріп, жағасын ұстаған. Әкім жол апатына 35 минутқа кешіккен жедел жәрдем қызметін қатаң қадағалауды ұсынды, - деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбеде Сапарбаев ғажайыптары жалғасуда. Әкім Алға ауданына шыққан сапарында жолшыбай жол-көлік оқиғасының куәгері болған. Жолда бір емес, екі бірдей полиция қызметкері жол апатына түсіп, сұлық жатыр.
Жандарында жедел жәрдем де жоқ. Жағдайға бей-жай қарамайтын әкім сол сәтте-ақ жауапты мамандар мен төтенше жағдай қызметін аяғынан тік тұрғызады.
Әкімнің араласуымен екі бірдей Қазақстан полициясының өмірі қыл үстінен аман қалды.
Ол кісі бізге періште боп келген, Аллаға шүкір аман қалдық«Ол кісі бізге періште боп келген, Аллаға шүкір аман қалдық. Ауруханадан шықсам, ол кісіге арнайы барамын. Сапарбаев мырзаны өмірімде бетпе-бет көрген емеспін. Есімнен танып жатқан кезде қасыма өзі келген. Енді мен ол кісіні қалай да іздеп барып көретін боламын», – дейді полиция майоры Жанболат Құлғарин.
Бір өлімнен аман қалып, өмірге жаңа келгендей болып отырған полиция майорының тез арада ауруханаға жетуіне себеп болған әкім мен өмірін арашалап қалған ақ халаттыларға алғысы шексіз.
«Оқиға өткен жұма күні, 25 қыркүйек күні болды. Әріптесім екеуіміз таңғы сағат 8.30 шамасында жұмысқа келе жатқанбыз. Екеуміз де Ақтөбе заң институтында мұғалім болып жасаймыз. Бұл жаққа ақпанда ғана ауысқан болатынмын. Осыған дейін Әйтеке би аудандық полициясының қылмыстық іздестіру бөлімінде жұмыс жасадым. Сол күні де күнделікті жүретін трассамызбен келе жатқанбыз. Алдымыздан қатты жылдамдықпен шыққан жасыл түсті машина бізге соғылып, қарсы бағыттағы жолға итеріп жіберді. Одан кейінгі жағдай есімде жоқ», – дейді Жанболат Құлғарин.
«Кейін балалар айтып жатыр, әкім келіп «Мынау не, полициялар жолда шашылып жатыр?» деген сияқты қылып сөйлеген», – дейді ол. Өңі мен түсін әлі ажырата қоймаған полиция қызметкері тек алғыс айта берді.
Алты ағайындылы жігіттің 80 жасқа келген ата-анасы бар. Олардың арманы енді үйдің кенжесі Жанболаттың шаңырақ көтергенін көру.
Шаруам қауырт, «әкіммін» деп жолдан өтіп кетпеді«Шаруам қауырт, «әкіммін» деп жолдан өтіп кетпей, жол апатына түскен адам өміріне бей-жай қарамай тоқтағаны, ол кісінің қарапайым, үлкен жүректі адам екенін көрсетеді. Өлім мен өмір арасында жатқан адам тағдырын секундтар шешеді емес пе? Құдайдың қарасқаны сол, Сапарбаев жолға шығып, балалардың ауруханаға жедел жетуіне себеп болып тұр. Әйтпесе, кім біледі? Дәрігерлер уақыт өткізгенде бала аман қалмауы мүмкін еді дегенді де айтады. Шүкір балам қазір жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Барлығы үшін рахмет», – дейді анасы Күнжамал Құлғарина.
Олар әкімшілікке арнайы барып, алғыс хат тапсырған. Осы оқиғаға қатысты облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі қазір жағдайдың барлығы бақылауда екенін айтады.
“Жол-көлік оқиғасына шақыртылған жедел жәрдем қызметінің 35 минутта жетуі сіз үшін қалай?«Іссапардан келгеннен кейін әкім бірден осы оқиғаға жауапты мамандарды шақыртты. Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке бұл мәселені тез арада шешуді тапсырды. Келесіде мұндай жағдайдың болмауын, қадағалауды жүктеді. “Жол-көлік оқиғасына шақыртылған жедел жәрдем қызметінің 35 минутта жетуі сіз үшін қалай?” деген сұрақты департамент басшысына қойды», – деп хабарлайды облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қазір жол-көлік оқиғасына түскен екі бірдей полиция қызметкері Жанболат Құлғарин мен Алтынбек Длимовтың де жағдайы жақсы. Палатаға ауысқан олар ем қабылдап жатыр. Ғажайыптармен ғана аты шығып жатқан әкімге халық таңдай қағу үстінде.