Жылдың аяғына дейін 50 мың қазақстандық маман жұмыстан шығарылады
2015 ж. 01 қазан
1515
0
Елімізде жұмыссыздар саны өсуде. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің айтуынша, жыл соңына дейін 50 мың маман қысқартылады. Қазірдің өзінде статистика бойынша агенттіктің мәліметіне сәйкес, 500 мың қазақстандық жұмыссыз отыр.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова тілшілердің сұрақтарынан қашқақтап, үкімет жұмыссыздық санын өсірмеуге тырысатынын алға тартты.
«Сіздер бүгінгі экономикалық жағдайдың ушығып тұрған кезеңінде әр мемлекет әлеуметтік қиындықтарды өршітпей, жұмыс орындарын сақтап қалуға тырысатынын түсінетін шығарсыздар?», – дейді мекеме басшысы.
Интернетте назын білдіріп, пікір қалдырушылар саны өсуде. Себебі ағымдағы жылдың ақпанында Тамара Дүйсенова қазақстандық кәсіпорындарда жұмыс орындары қысқармайтынына сендірген болатын.
«Кәсіпорындармен, кіші және орта бизнес өкілдерімен 19 мыңнан астам меморандумға қол қойылды. Аталмыш меморандумдар 1 млн-нан астам жұмыс орнын сақтап қалуды көздейді», – деген сол кезде Дүйсенова.
Статистика бойынша 17 млн халықтың 8,5 млн-ы жұмыспен қамтылған. Жұмыскерлері ең көп салалар арасында білім беру, өнеркәсіп, әкімшілік қызмет және ауылшаруашылығы бар. 2,5 млн-нан астамы – өзін өзі жұмыспен қамтушылар. Жеке кәсіпкерлер көбіне Оңтүстік Қазақстан облысында кездеседі.
Өз кезегінде мамандар бұл статистика нақты еместігін ескертеді. Ал экономикалық дағдарысқа келетін болсақ, ол бірінші кезекте шикізат өнеркәсібіне кері әсерін тигізбек.
«ЖІӨ үлесінің жартысынан көбісін алатын кен өндіруші өнеркәсіптер 2-3 пайызға дейін жұмыс істейді. Барлығы 250 мың адам жұмысқа алынған. Жұмыстардың тежеліп жатқаны алғашқы жыл емес», – дейді қоғам қайраткері Петр Своик.
Жұмыссыздық статистикасы да нақты емес. Себебі бүгінде өздерін жұмыспен қамтып отырғандардың дені өз бизнестерінен айырылып қалуда. Олар еш жерде нақты тіркелмейді және Батыстағыдай жәрдемақы да алмайды. Сол себепті ондайлардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін.