Меккедегі қайғылы оқиға: Ширек ғасырдағы ең “қанды қажылық”
2015 ж. 26 қыркүйек
3147
0
24 қыркүйекте Сауд Арабиясының Мина жазығында болған кептеліс салдарынан 717 адам қаза тауып, 900-і жарақат алды. Қайғылы оқиғаның орын алу себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.
Бұл туралы ria.ru-ға сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.
Бейсенбі күні болған жантүршігерлік жағдайды әлемдік БАҚ “соңғы 25 жылдағы ең қанды қажылық” деп атады. Қаза болғандардың нақты саны әлі күнге дейін белгісіз. Құтқарушылар зардап шеккендерге көмек көрсетіп үлгермей жатыр.
Кептеліс жергілікті уақытпен сағат 9.00-де болған. Қажылардың екі ірі легі “шайтанды таспен ұру” кезінде бір-біріне бетпе-бет келіп қалып, тар орында сыйыспай қалған. Адамдар ауадан тарылып, естен танғанда, артындағылар амалсыз таптап өткен.
“Бұл жантүршігерлік жағдай болды. Аяқтың астында басып-жаншылған адамдардың мәйіті жатты. Оған артынан келе жатқандар соқтығысып, құлап жатты. Дүрбелең басталып кетті”, – деп жазды оқиға куәгерлері әлеуметтік желілерде.
Мұндай жайтқа адамдардың билік бекіткен кестемен жүрмей, бір-біріне қабаттасып келуі себеп болуы мүмкін. Бұл болжамды куәгерлермен қоса, ресми өкілдер де алға тартты.
“Қайғылы жағдайға африкалық қажылардың кестеге қарамай, мыңдаған мұсылманмен қабаттасып келіп алғандары себеп”, – дейді куәгерлер.
“Қажылар ережені сақтағанда, мұндай жайт орын алмас еді”, – деді өз кезегінде сауд патшалығының Денсаулық сақтау министрі Халед аль-Фалех.
Эр-Риядта Минадағы оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Әр ел қажылықтағы өз азаматтарының жағдайын анықтауға кірісті.
Белгілі болғандай, қаза болғандар арасында 43 ирандық, 10 Египет азаматы бар. Ресей, Қазақстан, Ливан елдерінен қаза болғандар жоқ.
Дереккөз: NUR.KZ