ШКОЛЬНИК МЕКТЕПТЕ ОҚЫМАҒАН БА?
2015 ж. 25 қыркүйек
2063
2
Еліміздің экономикасындағы ең сүбелі салалардың бірі - Энергетика министрлігінің басшысы Владимир Школьниктің ерекше есебінше, Қазақстанда былтырдан бері бензин екі есе арзандапты. Бензин құнын қолма-қол долларға шағып жіберіп, былтыр 80, биыл ол небәрі 40 цент көлемінде ғана болып отыр деген министр мырза айды аспанға бір-ақ шығарды.
Кезінде ғылым, білім, индустрия, жаңа технология, сауда сияқты бірқатар министрліктердің басшысы болған, ғылым докторы, әмбебап маман Школьниктің бұл күрделі есебінен есеңгіреген жұрт «Министрге оқу өтіп кеткен бе?» деп Школьник шұбатқан шуда жіптің ұшын ұстай алмай қалды. Енді қайтсін, алдындағы 80 теңге мен қазіргі 125 теңгенің арасында жиі қолданыстағы АИ-92 маркалы бензин бағасының бірнеше рет қымбаттағанын өз көздерімен көрген, өз қалталарынан ақша төлеген тұрғындар құлағына сенер емес. Сөйтсек, министрдің санасына баяғыдан бері Елбасымыз бен Үкімет үнемі айтып келген «дедолларизация» деген сөз әлі жетпеген екен. Кейбіреулер тіпті тегінің өзі оқушы деген мағынаны білдіргенмен, бастауыш сыныптағы шәкірттер шемішкеше шағатын қарапайым ғана есеп - 80 мен 125 теңгенің аздық-көптік айырмасын ажырата алмаған Школьникті мектепте оқымаған ба деп күмән білдіріп жатыр. Министрді есепке шорқақ дейін десе жай ғана емес, физика-математика ғылымдарының докторы. Ал айтып тұрған сөзі болса бірінші сыныптың табалдырығын енді аттаған оқушының деңгейіне жетеғабыл ғана. Математика мамандығы бойынша табақтай дипломы бар адамдардың өзі бұл есептің құпиясын аша алмай әлек.
Бұнымен қоймай, Школьник кедендік одаққа мүше елдер мен еліміздегі бензин бағасын салыстыра отырып шығарған есебін де жария етті. Министрдің мәліметінше, еркіндікке жіберілген бензин Қазақстанда Ресей мен Белорусьтен де арзан екен. «Ең арзан бензин бізде! Біздің маңайымыздағы елдерден де, Белоруссия мен Ресейдегіден де арзан!» - деп нықтады көкірегін қайдағы бір, өзіне ғана мәлім мақтаныш кеулеген Школьник. Мысалы, Минскіде АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 11 100 белорусь рублі. Теңгеге шаққанда 172 теңге тұратынын меңзеген болар министр.
Әлемдік ақпараттарға қарасақ, ең арзан бензин Венесуэлада екен. АИ-95 бензинінің бір литрі – 0,02 АҚШ доллары. Ең қымбат бензин Гонконг пен Норвегияда – 1,84 доллар. Министрдің есебі дұрыс болса қайдағы бір Беларус пен Ресей түгіл, біз атақты Американының өзін артқа тастап кетіппіз. Оларда бір литр бензиннің орташа бағасы 62 цент тұрады. Ал бізде министрдің мәлімдеуі бойынша 40 цент.
Тағы бір күдік тудыратын мәселе, Ресейден алынған бензин бағасы бізге келгенде қалайша арзандап кетеді? Әлде Ресей біз үшін арнайы арзан бензин шығарып жатыр ма? Оны тасымалдаудың өзі қаншама қаржыны қажет етеді. Солтүстік көршілеріміз тегін демеушілік көрсетіп жатыр деу қисынға келмейді. Бәлкім, министр бензин бағасын тұрақтандыруға арналған дотацияны ескермеген болар. Бұл салаға дотация жасау тәжірибесі әлемнің барлық мемлекеттерінде де бар. Бірақ, дотация қайдан алынады деген сұрақ ойымызға кіріп-шықпайтын сияқты. Ол қаржы мемлекет қоржынынан алынады. Мемлекет қаржысы – халықтың қаржысы емес пе? Әлде Үкімет пен халықтың еншілері бөлек пе? Олай болса әңгіме басқа. Осы жағын ескерсек біздегі бензин тіпті де арзан емес. Екіншіден, доллар дегенді қолына ұстап көрмеген қарапайым адамға министрдің күрделі есебін түсіну қиын екені рас. Мүмкін өздерінің есепшоттарындағы ақша бойынша доллармен есептеген шығар. Әрине, ақшаны кім қандай ақшамен сақтаса да өз еркі, қазіргі заңымызға қайшы емес. Дегенмен, келесі жолы министр мырза мұндай мәселені көтергенде теңге тұрғысынан түсіндірсе халық үшін анағұрлым ұғынықты болар еді.
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz