ЖАНДЫ ЖАРАМЫЗДЫ ТЫРНАП ОТЫРҒАН “ЖАНДЫ ДАУЫС" ХАБАРЫ ТОҚТАТЫЛСЫН !
2015 ж. 22 қыркүйек
15528
62
Қоғамда үлкен қозғалыс тудырған qazaquni.kz ұлттық порталындағы “ЖАНДЫ ДАУЫС” БОТҚАШОУЫ БАЯННЫҢ БАЯНСЫЗ ЖАРНАМАСЫ МА? “ мақаласына байланысты Баян Есентаеваның жауабы Инстаграмда жарияланыпты.
Баян ханым кішкентай жауабында үлкен кемшілігін көрсетіп алыпты... Біріншіден, Баян ханымның: ...друзья прочтите статью, автор очень хотел обратить на себя внимание!"-деп кекететініндей, бұл мақаланың жариялануы белгілі тележурналист, телеарнаның терең білгірі, қаламгер Арман Сқабылұлының кінәсі емес, өйткені ол кісі тек қана qazaquni.kz ұлттық порталындағы Сапар Әлінің “ЖАНДЫ ДАУЫС” БОТҚАШОУЫ БАЯННЫҢ БАЯНСЫЗ ЖАРНАМАСЫ МА? “Хабар” арнасы Баян Есентаеваның Ресей тіліндегі жарнамалық шоуы үшін жұмыс істей ме?" атты мақаласын http://www.qazaquni.kz/?p=40592 Фейсбук парақшасында көбейткен жүздеген адамның бірі ғана. Яғни, qazaquni.kz сайтындағы мақала авторы - Сапар Әлі, Арман Сқабылұлы емес... Бұл мақаланы qazaquni.kz сайтында екі күнде 8 мыңнан аса адам оқып, 80-нен аса пікір жазылғанына, "Қазақ үні" газеті мен "Абай.кз", "Гу-Гу.кз", т.б. ақпараттық порталдары мен "Жұлдыздар құпиясы" журналы мен сайты көшіріп басқанына қарап, елдің бұл ботқашоуға қатты "қарны ашып-ақ", тісін қайрап жүргенін байқауға болады. Ал Арман Сқабылұлына өзіне назар аударту мақсат емес, ол бүгінгі Баянның ботқшоуларының жарнамашысы болып отырған "Хабар" арнасының бастауында тұрған, арнаның халықтық арнаға айналуына он жылдай Дариға Назарбаевамен бірге маңдай терін төккен, талай жыл салмақты сараптама жасаған сарабдал журналист. Арманды онсыз да қазақстандықтардың бәрі жақсы таниды. Екіншіден, Баян Есентаеваның негізгі түпнұсқа мақала мен оны бөлісуші Фейсбук парақшасындағы жазбаны айыра алмайтыны белгілі болды. Яғни, негізгі қазақ тіліндегі мақаланы оқуға интеллектуальдық та, техникалық та сауаты жетпегені көрініп тұр. Үшіншіден, Баян өзінің "Жанды дауыс" бағдарламасын qazaquni.kz сайтының "Ботқашоу" деп атағанына намыстанған түрі болса керек, "каша будет разная, и сладкая и солёная" -деп соғыпты. Иә, Баян ханым, ботқаның түрі көп. Қазақтілді хабарды Ресей тілімен ботқа жасап жүрген сіздің ботқаның түрін көп білетініңізге тіпті күмәніміз жоқ. Бірақ "етке тапсырыс алып, нәрсіз, дәмсіз ботқа жасап беру" дегеннің қандай қиянат екенін, қазақтілді миллиондаған аудиторияны қорлау екенін бір сәт ойланып көрдіңіз бе екен... Яғни, атам қазақ айтқандай, тұлпардың жемін жеп, тайдың жұмысын істеу ғой бұл... Төртіншіден, Инстаграмның көбісі күнде шәй ішкені мен отырған-тұрғанын салатын, сағызын шайнап отыратын сансыз қолданушысынан элиталық әлеуметтік желі Фейсбуктың саналы оқырмандарының арасы жер мен көктей. Мұнда инстаграмдағы бас-аяғы жоқ бес жүз мың адамның орнына іріктеліп, таңдап, талғап алынған бес мың адам үлкен рөл атқарады. Осы Фейсбуктың өзінде qazaquni.kz “ЖАНДЫ ДАУЫС” БОТҚАШОУЫ БАЯННЫҢ БАЯНСЫЗ ЖАРНАМАСЫ МА?" мақаласын және бұл мақаланы қолдап, "Халық талабына жауап бере алмайтын мұндай ботқашоуларды тоқтату керек" http://www.qazaquni.kz/?p=40613 деп өткір үн қосқан көрнекті қаламгер-саясаткерлер Дулат Исабеков, Дос Көшім, Марат Тоқашбаев, Айгүл Ісмақова, Арман Сқабылұлы және т.б. мақалаларын әрқайсысында кемінде 5 мың адамы бар 200-ден аса Фейсбук парақшасы иесі көшіріп басып, 500-ге жуық пікір жазылуына қарап-ақ елдің 90 пайызы "Хабардың" "Жанды дауысына" жан-тәнімен қарсы екенін білуге болады. Яғни, Тәуелсіз елдің, мемлекеттік тілдің намысын қорғаушылар қазақтілді хабарды қорлаушылардан бұл ботқашоуды тоқтатуды талап етеді. Ол үшін Ашық хат жазылып, қол жиналып жатқанын, қолдаушыларда есеп жоқ екенін мәлімдейміз. Сонымен, сөздің тоқетері - не Баян Есентаева Ресей тілінде емес, Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілі - қазақ тілінде сөйлесін, не қазақ халқының онсыз да жаралы да, жанды жарасын тырнап отырған "Жанды дауыс" хабары тоқтатылсын! "Қазақ үні" газеті - Qazaquni.kz ұлттық порталы