Тәуіпке қаралам деп бақилық болды
2015 ж. 16 қыркүйек
3119
0
Өткен аптада Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында қайғылы оқиға орын алды. Бұл жөнінде Сарыағаш қаласының тұрғыны Рамадан Момынбек “Замана” газетіне хабарлаған.
“Қабыланбек ауылында бір емші кісі бар дегенді бұрыннан еститінбіз. Жуырда соған емделген бойжеткеннің қаза болып, ал оның інісінің ауыр халде аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілгені туралы естідік”, – дейді қала тұрғыны.
Емші гаймориттен емделуге барған бойжеткенге дәрі еккен екен. Ал інісіне не ем көрсетілгені әзірге белгісіз. Бірақ екеуі тәуіптің үйінен шығып, көліктерімен жүз метрдей жүргенде қыз кенеттен жағдайы нашарлап, бірден жантәсілім еткен.
Бұл бойынша тиісті жерлерге хабарланып, полиция қашпақшы болған емшіні ұстап, уақытша қамауға алды. Тұрғынның айтуынша, қыздың жаназасы шығарылып жатқанда тәуіптің әйелі қаралы үйге барып, айқай шығарған.
“Соңғы кездері Сарыағаш жақта осындай емшілер көбейді. Соларды тексеріп, жөнге салатын құзырлы орын бар ма екен?”, – дейді Рамадан Момынбек.
Осы тақырып бойынша оқыңыздар:
ОҚО-да аяғы ауыр келіншек тәуіптің кеңесі бойынша токсикоздан құтылу үшін бензин ішкен
Қабыланбек ауылдық округінің әкімі Қанат Тұрсынбаев бұл жайттан хабардар екенін айтты.
«Бұдан хабарым бар. Емші зейнеткерлікке шыққан бұрынғы дәрігер еді. Адам емдеуге лицензия алған. Оқиға туралы естігесін мен бұл жөнінде полицияға хабарладым. Ал ондағылар бұдан құлағдар болып қойған екен», – дейді әкім.
Әкімнің айтуынша, бүгінде емші тергеліп жатқан көрінеді.
«Қызды құтқару мүмкін болмады. Ал оның інісі үш-төрт күн ауруханада ем қабылдап шықты. Бүгінде оның өміріне ешқандай қауіп жоқ. Азаматтардың сәл нәрсеге бола емшіге жүгіретіні жаман. Ол емші кім, біліктілігі қандай, бұл сұрақ сырқаттарды қызықтырмайтыны өкінішті. Дәрігерлер бар ғой, бізге уақтылы келсе емделмейтін сырқат жоқ», – дейді Сарыағаш аудандық ауруханасының бас дәрігері Бекбосын Тәшенов.
Дереккөз: Zamana.kz