Ақжолдықтар көлік тасушы кәсіпкерлерді қолдады
2015 ж. 14 қыркүйек
1934
1
«Ақ жол» партиясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев шетелден көлік тасымалдайтын кәсіпкерлердің құқығын қорғап, Ұлттық экономика министрінің атына депутаттық сауал жолдады.
«Ақ жол» партиясына шетелден көлік тасымалдайтын кәсіпкерлерден көптеген арыз-шағымдар келіп түсуде. Оның басым бөлігі Еуропадан транзитпен келіп Ресей шекарасы арқылы өткен тауарларды қыркүйек айынан бастап толық тексеруге байланысты болып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ көлемінде, оның ішінде кеденнен өткенде де ортақ ережеге сәйкес мұндай тексерулер бұрындар алынып тасталынған болатын. Соған қарамастан орын алған жаппай тексерулер кәсіпкерлердің құқығын шектеп, наразылықтарын туғызуда» делінген депутаттық сауалда.
БАҚ-тағы ақпараттар мен кәсіпкерлердің айтуынша Ресейдің Самара және Саратов облыстарында қазақстандық кәсіпкерлердің көліктерін толық тексеру үшін уақытша жүк сақтау қоймаларына күштеп кіргізуді тұрақты нормаға айналдырған. Кейбір деректер бойынша Соль-Илецк қаласындағы терминалда қазақстандық кәсіпкерлердің жүзден астам көліктері қамалған.
«Бұл бюрократиялық және әкімшілік қысым салдарынан тауар айналымы баяулап, кәсіпкерлер дәлірек айтсақ, қазақстандық бизнес зардап шегуде. Осыған байланысты аталмыш сала бойынша біздің кәсіпкерлер ресейлік әріптестерімен бәсекеге түсе алмайды. Бұның бәрі Еуразиялық одақ қағидаларына қарама-қайшы келеді» - деп атап өтті «Ақ жол» партиясының жетекшісі. Сондықтан Ресей шекарасындағы бұл бассыздықты тоқтатып, біздің кәсіпкерлердің заңды құқығын қорғауды талап етті ақжолдықтар.
«Біз Ресейдің Батыс елдері тарапынан санкция салынып, экономикалық қыспаққа түскеніне түсіністікпен қараймыз. Бірақ, ол біздің арамыздағы және ЕАЭО елдері үшін себеп болып табылмайды. Бұл – Ресейдің жеке мәселесі. Қазақстан Батыстағы, Шығыстағы елдермен жақсы әріптестік қатынастарды ұстап келеді. Көршілеріміз үшін біз неге зардап шегуіміз керек? Одақтастарға кесірін тигізбес үшін Ресей жағы өз мәселелерін шешу үшін тиімді жолдарды өздері қарастыру керек. Ал бүгінгі мына негізсіз тексерулерге қарап санкцияны сылтау ете отырып, өз кәсіпкерлерінің басымдылығын күйттегенін көруге болады. Ресейлік кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне өз елімізде біз ешқандай кедергі келтірмесек те, солтүстік көршілеріміз ортақ Еуразиялық кеңістікте қазақстандық кәсіпкерлердің жолын кесіп отырғандары түсініксіз» - деді Азат Перуашев пленарлық отырыстан кейін журналистерге берген сұхбатында.
"Қазақ үні" газеті