Асығыс қабылданған заңның арты не болмақ?
2015 ж. 11 қыркүйек
2115
1
Қазақстан азаматтығын алғандар енді төлқұжатты қолға ұстамас бұрын ант қабылдауы тиіс! Мәжіліс «Жеке басты куәландыратын құжат туралы» заңға осындай өзгеріс енгізді. Сондай-ақ, бұдан былай паспортқа Елбасының тәуелсіздік, патриотизм туралы айтқан сөздері жазылмақшы.
Алыс-жақын шетелдерде демалып қайтқан депутаттардың қарқыны қатты. Төменгі палата депутаттары алғашқы екпінмен-ақ қырықтан астам түрлі заң жобасын мақұлдап тастапты.
Мәжіліс төрағасы биыл парламенттің жұмысы қауырт болатынын да бірден ескертті. Оның айтуынша бір заңды қайта-қайта пысықтап қарап отыруға уақыт жоқ. Қос палата қазан айына дейін алпысқа жуық құжатты қарап шығып, қабылдап үлгеруі тиіс. Оған қоса алдағы үш жылдың бюджетін әзірлеуі қажет.
- Заң жобасының мақсаты – «Мәңгілік Ел» идеясын жандандыру. Ол үшін әрбір азаматтың паспортына тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысының тәуелсіздік жайлы сөзі жазылады,- деп түсіндірді депутат Рахмет Мұқашев.
Мынандай қарқынмен халық қалаулылары бүкіл заңымызды бір айда қайта қарап шығуы да мүмкін. Асығыс қабылдаған заңның арты не болмақ? Тағы да «Жол жүру ережелері» заңы сияқты он рет өзгертіп жүрмейміз бе? Мысалы, министр Тамара Дүйсенова ұсынған «Еңбек кодексінің» жаңа редакциясында түйіткілді жерлер жетіп артылады. Онда мереке мен демалыс күндергі жұмыс үшін жалақыны азайту, жұмыс беруші қиын жағдайларға байланысты жұмысшыны жұмыстан босатуға еркі бар деген сияқты ережелер бар. Егер осы жобаны сол шикі күйінде қабылдай салса, ертең жаппай жұмыссыздық басталмай ма? Сыныққа сылтау тапқан жұмыс беруші кез келген жұмысшыны қалаған уақытында қуып жібере алады. Қанша жерден демалып күш жинап қайтса да 40 заңды қай жерде оқып үлгерді дейді біздің оқырмандар. Расында министрліктер ұсынған жобаның бәрі бірдей сауатты, қолданысқа қолайлы деуге әсте болмайды, оны тәжірибеден жақсы білеміз. Құжат қабылданып кеткен соң салалық министрліктегілер мен заңгерлер ертең заңдағы шикілікті Парламентіміздегі халық қалаулыларына арта салуы әбден мүмкін. Өйткені сол заңды бекітетін Парламент емес пе? Талай заңды, талай заманды басынан өткеріп, ауыртпалығын арқасымен көтерген қарпапайым халық бұған да шыдайды. Бірақ, өздеріңіздің абыройларыңызды да алдымен ойлаңыздар, біздің құрметті қалаулыларымыз!
Зейнолла ҚАБИОЛЛАҰЛЫ
"Қазақ үні" газеті