Министрліктің міндеті не?

dcdwUyhw      Қазақстан фермерлеріне малы үшін өз мойындарына жауапкершілік алуды үйрету қажет, шаруалар малдың қырылу тәуекелі мен оларға вакцина егу жайын қарастырып, мемлекетке арқа сүйемеуі тиіс. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков  BNews.kz студиясындағы онлайн-конференция барысында мәлімдеді. Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Қызылорда облысында малдың жаппай қырылуына байланысты мемлекет тарапынан нақты бақылау жүргізілуде, ауру ошағы оқшауланған. Облыста аптап ыстықтан және кенеттен келген аурудан 1300-ден астам ұсақ мал құрылып, карантин әлі күшінде қалып отыр. «Бұл фермерлердің өз жауапкершілігіндегі шаруа. Мұны түсіну керек. Мемлекет менің малымды емдеп берсін немесе қандай да бір алдын-алу шараларын өткізуі керек деп қарап отыру – ескірген көзқарас. Мұндай түсініктен арылатын кез келді. Мал жекенің қолында, сондықтан жауапкершілікті шаруаның өзі алуы тиіс. Ал мемлекет керісінше өз көршілеріне қауіп төндіргені үшін фермерді жауапкершілікке тартуы керек. Өйткені ауру көршілерінің малына да жұғуы мүмкін. Яғни, ол өзі сияқты бизнеспен айналысып отырған кәсіпкерлерге қауіп төндіреді», – деді министр. Шаруасына шыр бітпеген осы бір саланың салы суға кетіп, үнемі сынға ілініп келе жатқаны белгілі. Тіпті министр Мамытбековты отставкаға кетсін деген депутаттардың айқайын да талай естігенбіз. Бірақ, одан ешқандай нәтиже болмады. Отставка туралы ойланбаған министр орнында қалды. Отыра берсін, министрді ауыстырғаннан бірдеңе өзгере қояды дегенге қазір жұрт сенуден қалған. Бар-жоғы саланың жұмысын жандандырса  болғаны. Ата-бабаларынан бері малмен айналысып келе жатқан қазақтың жалғыз тілегі осы емес пе? Бірақ, соның өзі оңай болмай тұр. Министрдің мына сөзіне қарасақ, шаруалар бір бөлек, министрлік өз бетінше айдалада жүргенін байқау қиын емес. Сонда «Елімізді өз мал өнімдерімізбен толық қамтамасыз етеміз, экспортқа 50-60 мың тонна ет шығарамыз» деген жоспарды кімге сүйеніп айтып жүр олар. Әлде министрліктің жеке қорасында жүздеген үйір жылқы, мыңғырған мал өсіріліп жатыр ма? Министрлік жоспарды өздері орындаса дауымыз жоқ, шаруалар өз қотырын өздері қаси берсін. Ал шын мәнінде сол жоспарды орындаушы да малдары қырылып жатқан осы шаруалар емес пе? Олай болса министрдің мына сөзіне жөн болсын. Біздің білуімізше құрамында мыңдаған мамандар істейтін министрліктің басты міндеті - еліміздегі ауыл шаруашылығы саласын бақылау ғана емес, оны жопарлы түрде ұйымдастырып, үйлестіру болып табылады. Соның ішінде мал шаруашылығын да. Мал тұқымын асылдандырып, аурулардың алдын алу, оның себептерін анықтау, осы саланың ғылыммен байланысын күшейтіп, өндірісті өркендетуге мұрындық болуға тиісті.  Шаруа өзгенің малына ауру жұқтырғаны үшін жауап берсе, министрлік не үшін жауап беруі керек? Қарапайым малшылар Мамытбеков айтқандай бар міндетті өз мойынына алса, онда жауапкершілігі жоқ  министрліктің керегі қанша? Сала бойынша босқа сенделген мамандар мен толып жатқан кеңселерде отырған мыңдаған қызметкерлерге бюджеттің ақшасын шығындамай-ақ таратып жіберген тиімді емес пе?

Зейнолла ҚАБИОЛЛАҰЛЫ

qazaquni.kz