Қазақтар балаларын орыс тілді мектепке не үшін береді?
2015 ж. 09 қыркүйек
2873
0
Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан кейін ана тіліміздегі мектептер көптеп ашылып, Кеңес заманында зар илеген халқымыз үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Өзіміз түгіл, өзге ұлт өкілдері де баласын қазақ тілін үйренсін деп, жаңа ашылған мектеп табалдырығын аттатты.
Дегенмен бүгіннің өзінде қара көздеріміздің арасында күн тәртібінен баламды қандай тілді мектепке беремін деген сауал түскен жоқ.
Бұл үрдіс не себепті кең етек жайып келеді деген сауалға “Жас қазақ” басылымының Ақмола облысында тұратын оқырманы Байқал Байәділов жауап іздеп көрді.
“Баласын мектепке апаруға қамданған жергілікті ұлт өкілдерінің басым көпшілігінің көкейінде «Баламды қазақ сыныбына берсем бе екен, әлде орыс сыныбында оқығаны жөн бе?», – деген таңдаудың болатыны анық. Тәуелсіз мемлекет болсақ та солтүстік өңірдегі өзіміздің қандастарымыз дәл осылай ойлайды.
Биыл мемлекеттік білім грантының 78 пайызы қазақ тіліндегі оқу бөлімдеріне бөлінді. Салалық министрлік бұл көрсеткіштің жыл сайын өспесе, кемімейтінін айтып отыр. Сонда ол грантты кімдер иеленбекші? Көп ата-аналар балаларын қазақ мектептерінің жоқтығынан, амалсыздан орыс мектептеріне жіберуге мәжбүр. Облыстағы 600-ге жуық мектептің 161 білім ошағында сабақ таза мемлекеттік тілде жүреді. Бұл тым аз.
Бала қазақ сыныбына барғанымен, аралас мектепте оқыса, одан нәтиженің шамалы болатынын айтып та, жазып та жүрміз. Ондай қостілді оқу ордалары оқушы бойына қазақы тәрбиенің қаймағын сіңіреді деу қиын. Себебі онда үзіліс бола қалса, жапа-тармағай жат тілде шүлдірлеу бұрыннан бар әдет.
Анау-мынау жиналыстың өзі баршаға түсінікті болсын деген желеумен ресми тілде өткізіле беретіні тағы бар.Тұңғышы биыл мектеп табалдырығын аттайтын Көкшетау қаласының тұрғыны Самал Мұқашева ұлы Мансұрды орыс сыныбына бермекші. “Ата-анам Кеңес үкіметі кезінде туып-өсті ғой. Біз де орыс мектебін бітірдік. Кейін ресми тілдегі топта оқыдық. Менің көп замандастарым сияқты үйдегі қатынас тілі де сол болды. Оның үстіне қазақи орта болған жоқ. Енді баламды қазақ сыныбына беруге қорқып отырмын. Өзім қазақша түсінгеніммен оқулық тілін меңгеріп, ұлыма үйретуге шамам келмейді. Сондықтан да ата-анасының білместігі салдарынан баламыздың оқу үлгерімі нашарлап кеткенін қаламаймыз”, – дейді. Татар ұлтының өкілі Орал Камалов қызын №17 орта мектептің қазақ сыныбына берген. Себебі қазақ елінің болашағын тек қазақ тілімен ғана байланыстырады. Оның ойынша, әр қазақстандық елге, жерге деген зор махаббатын сөзбен емес, іспен көрсетуге тиіс. Тәуелсіз мемлекетіміздің әрбір тұрғыны осылай ойласа, бәлкім, аралас мектептер мен тіл мәселесі туындамас та еді”. – деп тәмамдайды хатын Байқал Байәділов. Сондай-ақ “Қала мен дала” басылымы да балаларын орыстілді мектепке берген ата-аналардың хатын хариялапты. Онда ата-аналар жазған деп жарияланған хатта “баламыз орыс тілін білмесе, ертең қиналады. Кеңес заманынан бері қазақ тілінің мәртебесінің өзгергені шамалы. Орыс тілі әлі үстем. Сондай-ақ орыс тілінде оқыған балалар белсенді, ойын ашық айтады, қорықпайды. Ал қазақ тілінде оқитын балалардың оқулығын оқушы түгелі, ата-ананың өзі түсінуі мұң. Орыс тілінде сабақ беретін мұғалімдер әлдеқайда білімді. Біз бастапқыда баласын қазақтілді мектепке беріп, кейін орыстілді мектепке ауыстырған талай ата-ананы білеміз. Бәрінің айтатын себебі бір. Баламыз орыс тілін біледі, яғни оның болашағы бар, өз орнын табады, өз құқын қорғай алады. Біз баламыз үшін алаңдамай аламыз” деген уәж келтіріледі.
Дереккөз: NUR.KZ