Жаңа оқу жылы ескіше басталды
2015 ж. 01 қыркүйек
2935
0
Оқулықтың жыры жылда айтылып, жұртты жалықтырғаны белгілі. Биылғы жаңа оқу жылында да елдегі тегін оқулық саны тағы да жеткіліксіз боп шықты. Кітаптардың көбі тек дүкен сөрелеріне ғана жеткізілген.
Өткенде ғана Білім және ғылым министрлігі мұндай жайт еліміздің 4 облысында ғана тіркелді деген еді. Олардың қатарында Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан облыстарын атаған-ды. Бірақ, шын мәнінде 1-қыркүйекті Алматы мен Астананың өзі әзірліксіз қарсы алмақ.
– Біздің мектепте оқулықты ең бірінші жағдайы жоқ және көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларға береді. Ал тұрмысы жақсы отбасының балаларына кітап жетпей жатса, өздері сатып алады, - дейді 8-сынып оқушысы Шахноза Сәбирова.
Мұндай тапшылық Алматыдағы төменгі сынып арасында да көп кездесіп жатыр екен.
– Қызым №22 мектептің 6-сыныбында оқиды. Биыл онда жаңа кітаппен қамтамасыз еткен. Бірақ математика және өзін-өзі тану пәндерінің кітабы жетпей қалды. Бірінші оқулықты дүкеннен сатып алдым, екіншісін табан тоздырып таппадым. Оқулық мәселесі шынында да қиын,-дейді Алматы қаласының тұрғыны Наталья Попова телеарналардың біріне берген сұхбатында. Кітап іздеп сенделгендердің саны еліміздің өзге өңірлерінде де жетерлік.
Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:
– Бүгін біз ата-аналарға мәлімет бердік. Биыл 4, 5, 6, 7, 8 және 11 сыныптағыларға арналған оқулықтарға биыл 100 пайызға ақша бөлініп, 13 млрд. теңге бөлініп, сол оқулықтарды сатып алу жеткілікті. Барлық жұмыстар аяқталуда. Сондықтан биыл қиындықтар болмайды деп үміттенеміз.
Үмітсіз шайтан ғана демекші, ата-аналар да көктемгі қарқынға қарап биыл оқулық жағынан олқылық болмайды деп ойлаған. Оқу жылы таянғанда министр мәселені толық шешуге 27-ші тамызға дейін уақыт беретінін айтты. Үш айдың ішінде атқарылмаған істің небәрі 2-3 күнде реттелмесі белгілі. Осы мәселе ерте көктемнен бері күн тәртібіне қатаң қойылғаны белгілі. Амал нешік, ұзын арқан, кең тұсауға салынған саланың тағы да салы суға кетті. Қолында қомақты қаржысы мен қыруар уақыты бола тұра мектеп үшін ең маңызды мәселені дер кезінде толықтай шеше алмаған сала басшыларына айтар сөз де таусылды. Бұл атақты мысалшы Крыловша айтқанда, министрлік ала жаздай шегірткеше ыршып жүріп ән салған ба? Ән салу мен бәрі дайын деп жар салу оңай, ал балалар қажет оқулықтарды қайдан алады?
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті