73 жастағы қария тағы да ұрпақ сүйгелі отыр (фото)
2015 ж. 24 тамыз
2867
2
Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында жетпіс үш жасқа толған қария тағы да перзент сүюге дайындалып жүр. Ақ үй ауылының тұрғыны, зейнеткер Еламан Алтаев 70 жасында жас айеліне шекесі торсықтай ұл туғызған болатын.
Қазір баласының жасы үште. Есімін азан шақырып, «Жетпісбай» деп атаған деп хабарлайды NUR.KZ интернет-порталының ОҚО-дағы тілшісі.
«Алладан үмітім бар. Бойда күш-қуат жетеді. Жеңгең, Құдай қаласа, тағы бір перзент сыйламақшы», – дейді қария.
Еламан ата болашақ баланың атын да ойластырып қойыпты. Егер өмірге ұл келіп жатса, есімін «Сексенбай» деп атауды жөн көрген.
Бүгінде Алтаевтар отбасында он алты жан тұрады. 13 бала ақсақалдың бірінші некесінен болса, жас келіншегі 2 қыз бір ұл сыйлапты. Еламан қария қазіргі жары Эльмирамен бәйбішесі қайтыс болған соң отау құрған.
Көпке үлгі, беделді ақсақал тек көп балалы әке ғана емес, нағыз іскер азамат. Түйе шаруашылығымен айналысатын қария өзі тұратын ауылға шағын мектеп, мәдениет үйі мен кітапхана және үш жүз адамға арналған мешіт те салып берген.
Бар уақытын ұрпақ тәрбиесі мен шаруашылыққа арнайтын ақсақал алдағы уақытта ауыл тұрғындарына арнап бос жатқан жерлерге үлкен саябақ салуды жоспарлап отыр.
Құдай қосқан жары Эльмира және бала-шағасы
Еламан Алтаев сүт кенжесі Жетпісбаймен