Доллар көтерілді, ХАОС басталды: халық азық-түлікті қаптап сатып алуда
2015 ж. 21 тамыз
2410
17
Павлодар тұрғындарына азық-түлікті «қаптап сатып алудан» бас тарта тұру ұсынылды деп хабарлайды ҚазТАГ.
«Қант пен басқа да азық-түлікті қаптап сатып алу арқылы елді дүрліктірудің еш реті жоқ. Көтерме саудагерлер тапшылық болуы мүмкін деген қауіптен қантты қаптап сатып алып жатыр деген хабар келді», – деді қала базарларындағы ахуалға арналған брифингте облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әшімбетов.
Оның айтуынша, елдің үрейленуіне еш негіз жоқ.
«Қазір облыстың тұрақтылық қорында 446 тонна қант бар, оларды біз кез келген сәтте сауда желісіне жеткізе аламыз. Бұл қор облыстың жарты айлық сұранысы. Азық-түліктің басқа түрлерінен облыс толығымен қамтамасыз етілген», – деп сендірді Әшімбетов.
Әкімшіліктен еске салғандай, облыстың қантқа деген сұранысы орташа алғанда жылына 11-12 мың тонна. Ай сайын облысқа 900-ден 1 мың тоннаға дейін қант жеткізіледі.
Негізсіз дүрлікпенің алдын алу үшін аймақ халқынан бағаның негізсіз секіруі туралы оқиғаларды хабарлап тұруды сұрады. Одан басқа, кәсіпкерлік және сауда басқармасы өздерінің мониторингін жүргізіп отыр.
«Барлық шағымдар тексеріледі», – деді облыстың әкім орынбасары.
Одан басқа, билік хабарынша, көтерме саудагерлерге хат жолданып, негізсіз баға көтеруге болмайтындығы туралы ескертілді.
«Тарифтер мен көмір бағасына келсек. Тарифтерді көтеруге сұраным бар, олар келесі жыл басында қарастырылады. Көмір бағасы жыл басынан бері 9-11% көтерілді, енді көтерілсе – келесі жыл басында ғана көтеріледі», – деді табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің павлолдарлық департамент басшысы Азамат Аужанов.