Қазақ сыныбы сақталады
2015 ж. 19 тамыз
1385
0
«Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясының жетекшісі, ҚР Мәжіліс депутаты Азат Перуашевқа
«Ақ жол» партиясының поштасына еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұрғындар атынан түрлі тақырыптағы хаттар толассыз түсіп жатады. Олардың басым көпшілігі қоғамда орын алып отырған келеңсіздіктер, кейбір басшылар мен мекемелер тарапынан жасалып отырған әділетсіздіктер мен әлеуметтік қиындықтар жайында болып келеді. Соған байланысты «Ақ жол» партиясынан көмек сұрап, қолдау күтеді. Ол заңды да, өздері сенім артып сайлаған ақжолдық депутаттарға жүгінеді. Сондай мыңдаған хаттардың бірі Қарағанды қаласынан келген болатын. Бір топ ата-аналар атынан жолданған бұл хатта №101-лицейде қазақ сыныбының жабылу қаупі жайлы айтылған еді. Осыған орай «Ақ жол» партиясы Қарағанды облыстық Білім басқармасына хабарласып, жағдайды реттеуді сұрап осы мәселеге байланысты ресми жауап беруін талап еткен-ді. Партия пәрменімен бұл мектептегі қазақ сыныбы сақталатын болды. Қарағанды облыстық Басқармасынан келген хаттың толық нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Сіздің 03.07.2015-жылғы №1548-хатыңыздағы Қарағанды қаласындағы №101-лицейдегі 9 «Ә» қазақ сыныбына қатысты сауалыңызға байланысты Қарағанды облыстық Білім басқармасы істің мән-жайын тексере келе төмендегідей жауап жолдайды. Сіздің сауалыңызға орай бұл мәселе Қарағанды қалалық Білім басқармасының бақылауына алынып, жіті тексерілді. Хатта көрсетілген жағдай мынандай себептерге байланысты орын алған болатын. Осы жылдың сәуір айында мектептерімізде келесі 2015-2016 оқу жылында оқу топтары мен сыныптарының құрамын қалыптастыру мен жоспарлау мақсатында кезекті шаралар жүргізілген-ді. Аталмыш қазақша сыныпты 28 оқушы бітіріп, небары 11 шәкірт қана келесі оныншы сыныпта оқуларын жалғастыратыны белгілі болды. Қалғандары қаладағы орта арнаулы білім беретін түрлі оқу орындарына ауысатындықтарын мәлімдеген. Ал 11 баламен сыныпты сақтап қалу тиімсіз екені белгілі. Осыған байланысты мектеп басшысы мен мұғалімдеріне ата-аналар арасында балаларын басқа қазақ мектептеріне ауыстыру туралы түсініктеме жұмыстарын жүргізу ұсынылған. Бұл туралы жергілікті БАҚ-та айтылып, «Нұр Отан» партиясының сауалдарына да жауап беріп, ата-аналарға түсіндірілді. Мектеп директорының орынбасары Б.Махаеваға бұл жұмыста педагогтік этиканың қатаң сақталуы керектігі жөнінде арнайы тапсырма берілді. Білім басқармасы арнайы комиссия құрып тексерулер жүргізді. Басқарма басшысының орынбасары Р.Кенешова, бас маман Ш.Әуелбекова, тәжірибелі әдіскер Л.Семенова сияқты білікті мамандар мектептегі жағдайды саралап, тиісті құжаттарды тексерді. Сөйтіп биылғы жылдың 28-тамызына дейін қазақ сыныбында оқуға 17 баладан өтініш түскені расталды. Бұл 9 «ә» сыныбын сақтап, келесі қазақша оныншы сыныпты ашуға толық мүмкіндік береді. Біздің білім беру заңымыз бойынша мектепке қабылдау 30-тамызға дейін жүргізілуі керек. Сондықтан бұл сыныпқа оқушыларды қабылдау осы көрсетілген мерзімге дейін жүргізілетін болады. Балаларды толық қабылдап болған соң қазақ сыныбының ашылғаны туралы шешім шығарамыз.Б. Әдекенова, Қарағанды қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары.