ЕКІНШІ НИКОЛАЙ ПАТША…ЕКІНШІ РЕТ ҚҰЛАДЫ…
2015 ж. 14 тамыз
3728
3
Жуықта патшалы Ресейдің соңғы императоры, ел есінде, әсіресе, Ресейдің өзінде "қанды Николай" атымен қалған Николай II бюсті Солтүстік Қазақстан облысында орнатылғаны баспасөз бен сайттарда, әлеуметтік желілерде біраз шу тудырғаны белгілі. Бұл туралы Qazaquni.kz ұлттық порталы да "Қазақ хандығы мерекесіне... қанішер император мүсіні орнатылды!?." атты мақала жариялаған болатын.
Сол қатты талқыланған қоғамдық пікірлердің әсері болар, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Сапаровтың өзі барып, ескерткішті алдырып тастады. Сонымен Екінші Николай патша 1917 жылдан кейін.... екінші рет құлады...
Бұл туралы белгілі тележурналист Әуесбайдың Қанаты Фейсбуктағы парақшасында жазды:
"Николай құлады!!!
Қызылжар өңірінде жуырда бір аптаға жуық болғанмын. Қаланың көрнекі жерлерін аралап, жергілікті халықпен пікірлесіп, өңірдің жағдайын журналист ретінде бағалауға мүмкіндігім болды. Бір байқағаным, өңірде атқарылып жатқан ілкімді істер жетерлік.
Ол шаруа өңірдегі қазақтың рухани әлемін жаңғырту бағытында да жүріп жатыр. Тек соны көпшілік көзге көрінердей көрсетіп, халыққа тәптіштеп, таратуда әсіресе, қазақ тілді ақпарат құралдарының үні бәсеңдеу шығып жатады. Дұрысы, өңірдегі, бірлі-жарым облыс, республика деңгейіндегі мемлекеттік ақпарат құралдары айтудай-ақ, айтып жатыр. Бірақ ол аз. Облысқа әсіресе, қазақ тілді ақпарат құралдарының насихаты керек-ақ. Әріптестер, Қызылжар өңіріне барып, жағдаймен іштен танысып, көріп, біліп, репортаж, мақала түрінде болсын, кеңінен насихат жасаса.
Қазақ халқы қала тұрғындарының 40%-да құрамайтын Петропавлда меніңше, қазақ тілді БАҚ-тың жіті назарында болса, бұл облысқа, қала берді қалаға қаракөздеріміз көптеп көшіп келуіне де тамшыдай болса да сеп болар еді деп ойлаймын.
Әйтпегенде, әлгіндей Николай патша бюстінің қала Қызылжарда орнатылғаны сияқты әбестіктер болған үстіне бола береді. Оған жергілікті билік күресуге әр кезде қауқары жете бермеуі мүмкін. Бірақ...осы жолы дер уағында әрекет қылып, бюстіні тұғырынан тайдырды. Анығы, облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Сапаров бастаған топ бюстіні алдыртып тастады. Осы туралы меніңше, әріптестер айтуы керек, жазуы керек, көрсетуі керек. Сонда ғана әдетте қоғамға қозғау салатын мұндай ғибратсыз оқиғаны ендігіде болдырмауға сеп боламыз."
Иә, Қанат мырзаның айтып отырған мәселесі орынды. Солтүстікке тек қазақ баспасөз құралдары ғана емес, зиялы қауым өкілдері де жиі ат ізін салып отыруы керек. Әсіресе, бүгінгідей дүрбелеңі көп заманда мемлекеттік мүдде жолында жүйелі түрдегі тынымсыз қарекет керек.
С.Әлі,
qazaquni.kz