"Алтын" дүкеніне аз ғана Қазақша жарнама!
2015 ж. 10 тамыз
5322
1
Кеше, 9 тамызда Алматының Арбатында жүріп, Жібек жолы көшесінің Фурманов көшесімен қиылысындағы "Алтын" дүкенінің жанынан өтіп бара жатқанда жанымдағы жарым Жәннаттың жүрісі кілт баяулай қалды... "Ертең той бар ғой, дүкенге кіріп шыға салайыншы" деп ішке кіріп кетті. Мен де амалсыз соңынан ілескен болып, бас сұқтым да, басым ауырып қайта шықтым. Еркін ауаға орын қалдырмаған қаптаған алтын-күмістерден өкпем қысылып кетті...
Есік алдындағы сәкіге отыра кеттім. Тура желкемнен дүкеннің белгісі ретінде қызылды жасылды киім киген жап-жас қазақ қызы жарнама жасап, дауыс күшейткіш мегафонмен орыс тілінде айқайлап жатыр. Тағы бір қыз көшеде жүргіншілерге жарнама буклеттер таратып жүр. Қарап отырмай, қасымдағы қызды сөзге тарттым:
-Неге орыс тілінде айтып жатырсыңдар? Көшеде жүргендердің 80-90 пайызы қазақтар ғой?
-Ой, қазақшасы түк ұйқаспайды?
-Орысшасының да ұйқасып тұрғаны шамалы ғой. Кәдімгі қарасөзбен айта беріңдер.
-Қазақшасын өздерің аударып алыңдар деген. Ал аудармасы бізге ұнамады. Орысшасы өлеңге ұқсайды ғой әйтеуір.
- Қазақшасын мен жазып берейін бе?
-Қалай жазасыз? Сізде орысша сөздері жоқ қой?
-Не жазатыны бар оның? Сенің айтып жатқаныңды тыңдадым, кәдімгі жарнамалық мәтін ғой. Ал қазір сен қазір қазақ тілінде айтпағаның үшін ғана, Ресейдің тілінде айтып жатқаның үшін ғана осы дүкеніңе кірмей кететіндер қаншама? Олар қазір күннен-күнге көбейіп жатыр..
-Солай ма? Онда жазып беріңізші, көрейін..
- Қағазың бар ма?
-Жоқ, ағай...
Қазақтың кішкентай қара қызы маған сенімсіздікпен үрке қарағыштай берді.
Қағаз-қалам табыла қоймағасын, мен сол жерде қол телефоныма жаза бастадым:
«Ең мықты гипермаркет «Алтын»!
Алтын таққандардың жүзі дәйім жарқын.
Жарқыраған інжу-маржан, жақұт!
Сыйлайды ұзақ өмір мен зор бақыт!»
«Міне, дайын, оқып көргін»-деп ол қызға телефонымды ұсындым.
-Шынымен бе? Қалай болар екен?
-Атың кім? Қайдансың? Оңтүстіктің қызы емессің бе?
-Жоқ, Қызылордаданмын. Әкем –Қазалы, шешем –Шиеліден. Атым Ақтолқын!
-Қызылорда да Оңтүстік қой. Ал Ақтолқын, айта ғой жарнамаңды.
Ақтолқын қысыла-қымтырыла, ұяла, дауысы дірілдей айтып шықты қазақша төрт жолды. Өз елінде өз тілінде айтуға ұялған, қысылған, қорыққан қайран Қазақ елі-ай!
Анадай жерде парақша таратып жүрген серік қызы қазақ тілін мегафоннан есітіп, жалт қарады. Қанша дегенмен, қаны қазақ қой!
-Қайдан алдың қазақшаны? Кім жазып берді?
-Ағай жазып берді. Жақсы ма? Айта берейін бе?
-Тамаша екен! Тағы айтшы.
Мен енді телефонымнан оның телефонына қазақша мәтінді жібердім. Ақтолқын бұл жолы батыл, анық та, әуезді дауысымен қайталап оқып шықты қазақша жарнаманы. Сөйтті де, серігіне қарап, тағы да «Қалай екен»деп сұрады. Ол қыз бас бармағын көрсетті. Көшеде ағылып өтіп жатқан адамдардан екі-үш жүргінші тоқтай қалып, дүкенге бұрылды...
- Көрдің бе, бірден ұнатып жатыр адамдар! Ана қыздың аты кім?
-Назерке! Рахмет, ағай!
Олар ауысып тұрады екен. Бір өкініштісі, Ақтолқынның орнына келген бір қызға "қазақша мәтіні бар" деп айтып едік, бетінде тіршілік нышаны байқалмады..
Міне, сәл дамылдап алайық деп, аз ғана болса да, қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей септігімізді тигіздік деп ойлаймыз Қазақ тіліне! Ал Жарнама туралы заңдағы мемлекеттік тілде жарнама жасау міндеттілігі шын мәнінде іс жүзінде орындалар болса, біз бұлай көшеде үгіт жүргізіп отырмас едік..?
Сол арада тойға алтын алып шыққан Жәннат та көңілденіп шыға берді. Сөйтіп той мен әйелімді күтіп отыру арқасында... «Алтын» гипермаркетін тегін жарнамалап бердім. Кейде әйелдерге ренжиміз «дүкенқұмарсыңдар» деп. Бұл жолы пайдасы тиді. Маған ғана емес... Дүкенге ғана емес... Қазаққа!..
Қазыбек ИСА,
Qazaquni.kz