Ақжарқын Тұрлыбай нигериялық мафияның құрбанына айналды
2015 ж. 30 шілде
5071
5
Есірткі заттарын тасымалдағаны үшін Қытайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбай нигериялық есірткі мафиясының құрбанына айналды.
Бұл туралы Today.kz хабарлайды.
Мұндай мәлімдемені Есірткі заттары, психотропты заттар және прекурсорлардың заңсыз айналымымен күресетін Ортаазиялық аймақтық ақпарат үйлестіру орталығы ақпараттық-сараптамалық бөлімше (ОААҮО) басшысы Аманжол Оразбаев жасады.
ОААҮО аталмыш халықаралық есірткі мафиясы бүкіл әлемге таралғандығын ескертеді. Олар әдетте жас қыздарды өздерінің құрбандарына айналдырады екен.
2015 жылдың маусым айында аталмыш мафияның құрбанына айналған Ақжарқын Тұрлыбай ақыры Қытайда өмір бойына бас бостандығынан айырылу жазасына кесілді.
“Российская газета” басылымы бұл банданың басшысы, Ленц лақап атымен белгілі нигериялық азаматты құқық қорғаушылардың құрықтағанын жазды. Ер кісі жас бойжеткендермен жыныстық қатынасқа түсіп, үйленуге уәде береді екен.
Кейін бойжеткеннен Таиландтан Бразилияға сөмкесін жеткізіп салуды өтінетін көрінеді. Сөмкеде есірткі жасырылғанын бойжеткендер тек ұсталғанда бір-ақ біліп жатады.
Қазіргі уақытта нигериялық есірткі барондарының құрбаны болғандар арасында Жібек Сакеева, Анастасия Яичникова, Ақжарқын Тұрлыбай, Мария Дапирка, Светлана Кулбаева, Шовкатбек Юсупжанов, Семен Соболь, Чолпон Шаимбетова бар. Құрбандар қатарынан тағы 9 ресейлік бойжеткен табылған.
Қазірде ОААҮО мәліметтер базасының өзінде Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан және Ресейден 30-ға жуық жастар тіркелген. Олардың көбі “қамауға алынған”, “кейінгі жағдайынан хабар жоқ” немесе “өмір бойына бас бостандығынан айырылды” деген ақпаратпен тұр.
Еске салсақ, 20 жастағы қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбай Гуанчжоу әуежайында 2014 жылдың наурызында есірткі заттарын тасымалдады деген айыппен құрықталған болатын. Ол есірткіні Алматыдағы түнгі клубта танысқандар салып жібергенін алға тартқан.
15 маусымда Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айыру шешімін шығарды.
Дереккөз: Nur.kz