Айдын Айымбетов ғарышқа ет, айран және ірімшік алып кететінін айтты

Қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов өзімен бірге ғарышқа алып кететін заттардың тізімін жариялады. Ол ғарыш әлеміне айран, ірімшік және қазақша ет алып кететін болды.

Айдын Айымбетов

Айдын Айымбетов

Бұл туралы Аэроғарыш комитеті басшысының орынбасары Еркін Шаймағамбетовке сілтеме жасап Today.kz хабарлайды.

«Әрине, бұл тағамдардың бәрін сол күйінде ғарышқа алып кетуге болмайды. Тағамдар ғарыш жағдайына икемделіп, оралады. Біздің ғалымдар жылқы еті мен бие сүтінің қатты қобалжу жағдайында ағзадағы иммунитетті көтеруге жақсы көмектесетінін анықтады. Бұл тәжірибелер енді ойлап табылған жоқ. Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың кезінде де болды. Біз тәжірибені жалғастырмақпыз», — деп түсіндірді Шаймағамбетов.

Бұдан бөлек, Айымбетов ғарыш станциясының бортында бірнеше физикалық және ғарыштық тәжірибелер жүргізеді. «Ол экологияға, әсіресе Арал мен Каспий теңіздерінің жағдайы, шаңды дауылға қатысты бірнеше тәжірибе жүргізеді», — деді Еркін Шаймағамбетов.

Сонымен қатар, Айдын Айымбетов ғарышта Қазақ хандығының 550 жылдығы мен ЭКСПО-2017 көрмесіне орай, қазақстандықтарға арнайы сәлем жолдап, бүкіл әлемге еліміздегі маңызды оқиғалар туралы айтады.

Бүгін сондай-ақ, Айдын Айымбетовтың ғарышқа сапарының шығынын Қазақстан тарапы төлейтіні анықталды деп жазады Азаттық.

«Ресей сұрап отырған шығын көлемі 20 миллион долларды құрайды. Бұл шығындар республикалық бюджетте қаралмаған. Сондықтан  шығынды Қазақстан 2016 жылға дейін өтейді. Бұл туралы Ресеймен арнайы келісім де жасалды. Ғарыштық шығын мәселесі шешіліп жатыр. Қазір «Қазғарыш» қаржы министрлігіне де арнайы ұсыныс жасады. Ғарыштық мекемелерді жалға алу қаржысынан да төленеді» деді Шаймағамбетов.

Бұған дейін ғарыш комитеті төрағасының орынбасары Ерғазы Нұрғалиев ғарышкер Айдын Айымбетовтың ғарышқа ұшу сапарының шығыны 20 миллион долларды құрайтынын мәлімдеген. Ал «Роскосмос» бұл қаржыны Қазақстан тарапы төлейтінін айтқан.

Еске сала кетейік, Айдын Айымбетов 2015 жылдың 2 қыркүйегі күні ресейлік экспедицияның құрамында ғарышқа ұшады. Ұшу ұзақтығы 10 күнге созылмақ.