Ақжолдық кәсіпкер Серік Шабанов cелден зардап шеккендерге көмек көрсетті
2015 ж. 27 шілде
2189
1
Табиғи апат, тілсіз жау айтып келмейді. Бейқам отыратын халық та, басына түскен нәубатты байқамай қалады. Кешегі Алматының Наурызбай ауданындағы селден зардап шеккен аумағында құдай сақтап, адам шығыны болмаса да, осы күндері әлі де мұқтаждыққа зәру болып жатқан жағдай бар. Ақжолдық белсенді, кәсіпкер Серік Шабановтың қоғамдық жеке ұйытқысымен бұрынғы Чапайдағы "Саудабай" сауда орнындағы Қоғамдық көмек штабына - 200 литр су, 100 кг азық-түлік жеткізіп берілді. Әрине, жергілікті қалалық, аудандық әкімдіктің және белсенді тұрғындардың, кәсіпкерлердің, блогерлердің атсалысуымен біраз жұмыс тындырылғандығын айту керек. Алайда қант-тұз, ауыз су сияқты азық-түлікке, күрек, резинке етікке, еңбек күшіне әлі де қажеттілік туындауда. 900 адамдай эвакуациялаған апаттық аймақта лай-балшыққа толған үйлер өте көп. Ең қиыны қарт-қарияларға, мүгедек жандар ғана тұратын отбасыларға ауыртпалық түсуде.
Сол себепті, әлеуметтік желідегі белсенділерге айтарымыз, жоғарыда аталған жайттарға қолдан келгенше атсалысу керек. Ең болмағанда, қол күшіне мұқтаж көп қарт-қариялар тұратын үйлердің 20-30 см-ге дейін толып қалған лай балшығы бар қоралары тазартылса да, үлкен сауапты іс болар еді!
Қоғамдық бастама көтерген белсенді саяси ұйымдар мен азаматтар өте көп. Бұл да өз кезегінде саяси һәм қоғамдық пиар үшін емес, қайырымдылық пен мейірімділіктің арқасында екені даусыз. Лайым солай болсын!
Мақсат ЖАҚАУ ,
«Ақ жол» ҚДП төраға кеңесшісі
qazaquni.kz