Қазақстанның “рушыл” әншілері (фото)
2015 ж. 24 шілде
8811
3
Руын лақап атына айналтырған әншілерді халық қанша сынамасын олардың қатары қайта көбейіп кележатқан сыңайлы. «Рушылдықты қою керек» деген елдің сөзінен кейін райынан қайтып, шын есімімен шығып жүрген әртістер де жоқ.
Руымен танылған әншілердің тізімі мен олардың мұндай есімді таңдау себебін NUR.KZ тілшісі біліп көрген еді.
Белгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызы өнерде лақап аттың болғанын жөн деп санайды. Мәселен, Қазақстанда ол Майра Мұхамедқызы болса, шетелде Майра Керей деген атпен танымал.
Тегін Керей деп ауыстырудағы басты себебі – әлемдік опера сахнасына шығу деп түсіндіреді.
«Менің продюсерлерім, арт директор солардың бәрі, әрбір өнер адамының қалам аты, әртістік лақап аттары, фамилиялары болады деді. Қысқа, нұсқа болса деп. «Қалай қарайсыз?» деп сұрады. Сол кезде тура Америкадағы 11 қыркүйекте болған жағдайдың қатты талқыланып жатқан кезі еді. Еуропалықтар Мұхамедали, Мұхамедсәлім деген есімдерге, мұсылман елінде болып жатқан террористтік жағдайлардан соң ба, білмеймін, мұсылмандарға біртүрлі көзқараспен қарайды. Өйткені опера нағыз еуропалықтардың өнері. Сондықтан үлкен ұқыптылықпен ойлап отырып, тегімді Майра Керейге өзгертуге тура келді» дейді әншінің өзі.
Керей фамилиясы – Майра Мұхамедқызы үшін өте сәтті ойлап табылғандай. Өйткені, көпшілік еуропалықтарды қазақ қызының – Америка Құрама Штатының экс президенті Джон Керримен байланысы бар ма? деген сауал ойлантады екен.
Опера әншісі бұл жайлы былай дейді. «2005 жылы мен Вашингтон операсына Пласидо Доминго шақырды. Сол опера театрына барған кезімде Америкада Джон Керри президенттік сайлауға түсіп жатыр екен. Сондықтан америкалықтар маған қалжыңдап, “сен Джон Керридің қарындасы емессің ба?”деп.
“Спектакльге келген адамдар операға емес, менің фамилияма қызыққан кездер болды”, – әнші дейді Еуразия бірінші арнасындағы «Кешкі кездесу» бағдарламасында берген сұқбатында.
Қазақстандық опера әншісі Сара да еуропа елдерінде Сара Найман есімімен танымал. Ол өзі лақап атына байланысты «Мен Қазақстан тарихын оқып отырып наймандардың батырлығы мен ерлігіне шексіз риза болдым. Сондықтан осы рудың атымен танылуды 18 жасымда-ақ шешкен болатынмын. Кей азаматтар «Найман тегімен шықпағаныңда Қазақстан сахнасында да бағың жанар еді» деп айтты. Бірақ мен Найман деген лақап атым Қазақстанда кедергі болды деп ойламаймын», – деген болатын.
Публицист Бахтияр Албани – руын өзінің фамилиясы ретінде ресми түрде 22 жыл бұрын бекіткен адам.
«Фамилиямды өзгерткім келді. Ов, ев дегендер маған ұнамады. Соны ұнатпай, фамилиямды өзгерттім. Албани болдым. Албан деген үлкен арғы атамыздың аты. Әр тайпаның аты көбінде ол арғы атаның аты ғой. Қазір ол паспортымда Бахтияр Дәулетұлы Албани деген жазу бар», – дейді публицист.
Бахтияр Албанидың айтуынша, ол Қазақстанда өз руының атауын фамилия ретінде бекіткен алғашқы адам. Тіпті, кей таныстары пулицисттің бұл әрекетін батылдыққа балапты. Қазір оның ұрпақтары да Албани деген фамилияны иемденген.
“Албани тегін алған ұлым болды. Ол перзенттен айрылып қалдым. Қазір немеремнің тегі Албани. Сонымен қосқанда Албани текті екі адам бар қазір», – деп күледі ол.
Аспанға қарап, жұлдызды санай жүріп, соңғы жылда әні ең көп сұранысқа ие болған батыстың әншісі Абай Бегей де сахнаға лақап атпен шығып жүрген өнер адамының бірі болып шықты. Есімі Абай, ал фамилиясы Ниязқұлов. Бірақ Бегей тегімен танылуды жөн көріпті.
Әншінің өзі бұл жөнінде «Бегей – менің руым. Біз Адайдың ішінде Тобыш, Тобыштан Бегей болып тараймыз. Руымның атынан шығу менің өз абыройыма елімнің атына сөз келтірмеуіме көп септігін тигізіп жатыр. Себебі ол атты арқалап жүру де оңай емес», – дейді әнші.
Бұған дейін Ақылбек Жеменей де өз руының атын тегі етіп танылған болатын. Халық қанша сынады, бірақ әнші ондай атпен шығу себебін Марат Көккөзівтің кеңесімен өзгерткенін айтқан еді. Көптеген басылымдар сол кезде «Ақылбек Жеменей руаралық тойлардың сұранысын көздеп отыр» деп жазған еді.
Өзін тележүргізушілікте, әншілік пен актерлікте сынап жүрген Аша Матайдың шын есімі Ақбота. Ол да жоғарыдағы әпке, ағалары сияқты Матай руының атымен танылуды жөн көріпті.
Ақботаға да түрлі басылымдар арқылы халықтың өзі шын есімімен шығып, рушылдыққа бөлінбеуге талай мәрте кеңес берген еді.
Әнші Нұрлан Албан да өз руының атын ту қылып жүрген өнер адамдарының бірі.
Дереккөз: Nur.kz