КИІКТЕРДІ ҚОРҒАУҒА АРНАЛҒАН ҚАРЖЫ ҚАЙДА КЕТТІ?
2015 ж. 15 шілде
1990
0
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімовке Депутаттық сауал
Құрметті
Кәрім Қажымқанұлы!
80-жылдардан бері киіктердің жаппай қырылуының биыл қайталануы қалың жұртшылықты алаңдатып отыр.
12-маусым күні Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында да бұл мәселе қозғалды.
Елбасы арнайы тоқталып, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар бірқатар облыстардағы киіктердің жаппай қырылуының басты себептерін анықтауға міндетті екенін айтқан болатын.
«Әрқилы болжамдар мен қарама-қайшы пікірлер айтылуда. Ол дегенің бұл бағытта мүлде жөнсіздік орын алып отырғаны және тиісті мамандардың жоқтығы, осындай жағдайға әкеп соқтырған жайттарды анықтай алмағандықты білдіреді», - деп Елбасы қатаң сын айтты.
Бұл мәселеге тікелей жауапты мекемелердің бірі – Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты. Бұл құрылым киік ауруының алдын алу мен оларға мониторинг жүргізумен айналысады. Сол үшін мемлекеттен қомақты қаржы бөлініп келеді. Айталық, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қазақстан Республикасының аумағында мекендейтін киіктер таралымында жұқпалы аурулардың таралуының эпизоотиялық мониторингі және алдын алу әдістерін әзірлеу» деген атаумен 2012-2014 жылдарға арналған бағдарлама бойынша жалпы сомасы 332 млн. теңге қарастырған. Бұл бағдарламаның орындаушы – аталған министрліктің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институты.
Зерттеулер шеңберінде киіктер таралымындағы жұқпалы аурулардың эпизоотиялық мониторингін жүргізу, сондай-ақ киік ауруының диагностикасы мен профилактикасының заманауи экспресс-әдістерін әзірлеу көзделген болатын. Десек те, аталған мәселемен айналысатын институттың жұмыс нәтижесі мүлдем байқалмайды.
Құрметті
Кәрім Қажымқанұлы!
Жоғарыда көтерілген мәселеге байланысты Білім және ғылым министрлігіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының атқарған жұмысы мен нәтижесі, 2012-2014 жылдарға арналған бағдарлама бойынша жалпы сомасы 332 млн. теңгенің игерілу мақсаты мен нәтижесі жөніндегі толық ақпар берілуіне ықпал етуіңізді сұраймыз.
Құрметпен, «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары