"Байдың асын байғұс қызғанады"

жем Атышулы «Қорғас» бекетінде ұйымдасқан контрабандалық топтың қулығы әшкереленді. Пайдакүнемдер Қытайдан алынған сөмке толы тауарларды жеке заты ретінде көрсетіп, шекарадан өткізіп берумен айналысыпты. Бюджетке түсуге тиіс ақша сөйтіп пысықайлардың қалтасына кеткен. Осы даудан соң Қаржы министрлігі мамыр айында халық жиі тұтынатын тауарларға салық салу туралы жаңа ережені бекіткен болатын. Бұған дейін жұрт Қытайдан сатып алған ұсақ-түйегін шекарадан тегін өткізетін. Осыны пайдаланғандар тауарды сөмкемен емес, тіпті бірнеше жүк көліктерімен алып өтетінді шығарыпты. Шенеуніктердің кеденнен өтетін тауардың барлық түріне салық салуы саудагерлерге жақпай, шу шығарған-ды. Алайда, атқамінерлер шектеу енгізілгелі бюджетке аударылған түсім артты деп отыр. Дәулет Ерғожин, Мемле­кеттік кіріс комитетінің төрағасы: – Сол сөмкелерді өткізіп беретіндердің жолын кестік. Шекарадан ішіктен бастап люстраға дейін өткізіп жатыр. Ал құ­жатқа жеке қажеттілік үшін деп көрсетеді. Алайда, оны сатуға әкеле жатқанын білеміз. Сондықтан кәсіппен айналысқысы келетіндер тіркеуге тұрып салық төлеуі тиіс. Сыбайлас жемқорлықтың орталығына айналған кеденде тәртіп орнату керек, оған ешкімнің дауы жоқ. Шекарадан тонналаған тауар заңсыз өтіп жатқанын кеш те болса көргендеріңіз дұрыс болыпты. Бірақ, бұл мәселенің екінші жағын ұмытпаңыздар. Мысалы, бес баласы бар адам арзан бағамен отбасын киіндіремін десе етік үшін бір барып, тон үшін екінші қайта Қытайға кіру керек пе? Кедендегі жемқорлар үшін қарапайым халық неге қиындық көру керек? Екіншіден, біздегі кедендік салық мөлшері неге шарықтап кетті? Осыған байланысты тауарлар қымбаттап, қарапайым тұрғындардың қалтасын қағып жатыр. Бірнеше жылдан бері кәсіпкерлердің көбі сол қытайлық тауарларды көрші қырғыздардан тасып жатыр. Оларда тауар арзан, өйткені кедендік салық бізге қарағанда анағұрлым төмен. Салықты көтергеннен не ұттыңыздар? Біздің бұл ашкөздігімізді пайда­ланған қырғыз ағайындар­дың саудасы жүріп, қарық боп қалды. Әлде халық байып кетеді деп қорқасыздар ма? Қазақта «Байдың асын байғұс қызға­нады» деген мәтел бар. Бұл жерде керісінше, тұрғындардың тамағы­на тапқан тиыны салық саласы­ның тынысын тарылтқан секілді. Халық байыса мемлекетте те қуатты болатынын білмейтінге ұқсайсыздар. Бұған не дейсіз, Ерғожин мырза?

Зейнолла АБАЖАНОВ

"Қазақ үні" газеті