Дипломды жұмыссыздар саны артып келеді
2015 ж. 08 шілде
3219
3
Елімізде екі қолға бір күрек таба алмай сенделгендердің саны миллионнан асты. Жұмыссыздардың көбеюіне шенеуніктер өздерін емес, жоғарғы оқу орындарын кінәлап отыр.
Айтуларынша, жұмыс беруші мен оқу орындары арасында студенттерді қызметке орналастыру жайлы келісім жоқ. Ал, бұған байланысты депутаттардың өз ойы бар.
«Біздің депутаттық сауалымыз Білім және ғылым министрі Сәрінжіпов мырзаға арналады. Бәріміз білеміз, қазір ЖОО-дарға студенттер қабылдау мен жас мамандар шығару шарасы өтіп жатыр. Бұл ретте мемлекеттік білім гранттарының экономика қажеттілігіне сай бөлінбейтіні жыл сайын қайталанып отыр», – деді осы мәселені Мәжілісте арнайы көтерген депутат Меруерт Қазыбекова.
Ол атап өткендей, 2014 жылы мемлекеттік грантпен бітіріп шыққан 9 мыңдай ЖОО түлегі жұмыссыз қалған. «Осы балаларды оқытуға бюджеттен 4 млрд. теңге ақша жұмсалды. Алайда ол мемлекетке де, баланың өзіне де пайдасын тигізбеді. Сондықтан мемлекеттік гранттарды бөлу елдің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарымен тікелей байланысты болу керек», – деді ол.
Қазыбекованың айтуынша, ЖОО-да оқуға берілген мемлекеттік білім гранты оның болашақта сол мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алтынының кепілі болу керек.
Сөз соңында Меруерт Қазыбекова салалық министрлік, құзырлы орган ретінде, орын алып отырған жағдайға өз жауапкершілігін түсіну керектігін айтты.
«Соған байланысты келесі сұрақтарға жауап беруіңізді сұраймыз: министрлік мемлекеттік гранттарды жоспарлау және бөлуді қалай және қашан тәртіпке келтіреді? Жұмысқа орналаспаған ЖОО түлектерінің грантына жұмсалған 4 млрд. теңге соманың тиімсіз пайдалануына алып келген себептерге қызметтік тексеру жүргізіле ме?» – деп сұрады депутат.
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті