Асқақтай бер, Астана!
2015 ж. 08 шілде
11356
6
Ғимараттар биіктей береді
Кеше ғана он жеті жылдық мерекесін атап өткен Астана қазақ халқының ғана Ақордасы емес, Еуразия кіндігіндегі әлемдік деңгейдегі маңызды шешімдер қабылданатын ірі орталықтардың біріне айналғаны рас.
Қала мейрамы үстінде еңселі Елордамыз туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Астана келбеті – ұлт келбеті. Біздің Астанамыз қай жағынан қарағанда да кісі қызығарлықтай, Шығыстың да, Батыстың да айшықтарын қатар қабыстырған қалаға айналып келеді» деді.
Иә, ел келбетін айшықтайтындай Астанамыз қысқа мерзім аралығында бірден ажарланып, «Астана» аталып кетпегені және шындық. Елдің бас қаласы да талай толғаныстар мен небір қиындықтар арқылы бой көтергенін еліміздің әрбір тұрғыны жақсы біледі.
Ал қазір күн санап көркейіп келе жатқан Елордасы еңсе көтерген осынау он жеті жыл ішінде сан алуан айшықты даталар жатқаны да мәлім. Осылардың ішіндегі ең көрнектілері – 1998 жылы Астана қаласына ЮНЕСКО шешімі бойынша «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы берілуі мен 1999 жылы «Әлем қаласы» атағын иеленуі болар...
Астанада аспанмен астасқан асқақ ғимараттардың көбеюі де қала көркін арттыра түсетіні сөзсіз. Мәселен, бүгінде әйгілі «Бәйтерек» монументі елдің бойтұмары іспетті қабылданады.
Бәйтеректің ежелгі наным бойынша тылсым қасиетті ағаш саналатыны белгілі. Бұл алып ағаш, тамыры жерасты, діңі адам әлемі, басы рухтар мекені ретінде де ерекшеленеді. Осы құбылыс бейнесінде тұрғызылып, алыстан көз тартқан алып ғимарат, әсіресе, айрықша екі композициясы арқылы есте қалатындай. Оның бірі – «Аялы алақан». Бұл – Мемлекет басшысының қолының ізі. Келушілер, әдетте, Елбасымен амандасқандай әсерде қалады. Екіншісі – «Жерасты әлемі». Мұны ұлттық мәдениеттің, көшпелілердің рухани әлемінің және тарихи өткеніміздің түп тамырының белгісі деуімізге негіз мол...
Осыдан бес жыл бұрын, яғни, Астананың он екі жылдық туған күніне тарту ретінде ашылған «Ханшатыр» ойын сауық орталығының да алатын орны бөлек. Әлемге танымал сәулетші Норман Фостердің идеясымен салынған бұл сәулет туындысы әсем Астананы одан әрі ажарландыра түсетіндей. Төрткүл дүниенің ең үздік он экоғимараттарының тізіміне енген «Ханшатыр» талай сырт жұртты да тамсантқан көрінеді.
Ал, Пирамида түрінде салынған «Бейбітшілік және келісім» сарайы Қазақ еліндегі достастық пен бейбітшілік нышаны саналады. Сондай-ақ, «Астана опера және балет» театры – Орталық Азиядағы ең үлкен өнер шаңырағы, ал көлемі жөнінен әлемдегі үшінші театр. Иә, тізе берсе, Елордамызда көзжауын аларлық әсем ғимараттар баршылық. Мұның барлығы өз кезегінде ел дамуының көрсеткішіндей нысандар екенін де атап көрсеткеніміз жөн-ау.
Даму жолдары сан тарау
Осынау кезең аралығында Астана іргесі айтарлықтай кеңіді. Таңғаларлықтай дамыды. Мәселен, астаналықтар саны соңғы он жылда 62 пайыз көбейген екен. Атап айтқанда, бүгінгі күні Астана тұрғындарының саны орта шамамен – 825400 адам...
Ал халықтың әлеуметтік жағдайының жоғары болмағы, қай кезде де, аймақтың экономикалық дамуымен байланысты келетіні сөзсіз. Қарап отырсақ, бүгінде Астанадағы өнеркәсіп өнімі 300 миллиард теңгеге жетіп, 8 пайыз өсіпті. Экономика саласына 545 миллиард теңге инвестиция салыныпты. Бұл мүмкіндіктердің барлығы өз кезегінде қала көлемінде шағын және орта кәсіптің жоғары қарқынмен дамуына ықпал етіп келеді. «Астана – жаңа қала» арнайы эконикалық аймағы жобасы арқылы Елорданы экономикалық тұрғыдан дамыту көзделген болатын. Қазіргі таңда бұл жоба жемісін беріп, ел экономикасының дамуына серпінді ықпал жасады. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Астана – ел экономикасының локомотиві болады, құрылыс индустриясы қарқынды дамиды, ол экономикамыздың басқа салаларын дамытуға ықпал етеді» деген еді. Иә, Елбасы сенімі ақталды. Ел экономикасы құлашын кеңге жайды. Бір ғана Астана қаласының ғана емес, тұтас қазақ елінің экономикасы қарқынды дамуға бет алды. Бұл сөзімізге күні кеше Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып, жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалғанымызды атасақ жеткілікті.
Экономикалық қуаты күн санап артып келе жатқан айбынды Астанамыздың халықаралық аренада да алатын орны айрықша. Мәселен, екінің біріне бұйыра бермейтін «ЭКСПО-2017» көрмесін өз елімізде өткізу мүмкіндігіне қол жеткіздік. Мұның өзі елордамыздың әлемдік-деңгейдегі шараны лайықты өткізе алатын орталық ретінде қалыптасқандығын және егемен еліміздің әлем алдындағы еңсесінің биіктігін көрсетсе керек-ті. Сондай-ақ, бұл ауқымды шара еліміздің баламалы энергетика саласындағы жетістіктерін әлем алдында әйгілей түспек.
Бұған дейінгі халықаралық маңызы бар шараларды айтпағанның өзінде, осы жылдың 10-11 маусым күндері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің құрылтайы Елордада өткізілуі де біздің елдің әлемнің рухани астанасы екендігін көрсетсе керек-ті. Осы бір маңызы жоғары айтулы шараға әлемнің 42 елінен 80-нен астам делегация, БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания королі ІІ Абдолла, Финляндия республикасының басшысы Саули Ниинисте және т.б. қатысты. Отырыс нәтижесінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезінің декларациясы қабылданды. Жиын өз кезегінде адамзаттың даму проблемалары жөніндегі бірлескен шешімдер тәжірибесін жинақтады. Бұл халықтардың татулығы мен өзара түсіністігін нығайтуға ықпал етті.
Ел егемендігін алған жиырма төрт жыл ішінде Қазақстан әлем елдерімен иық тіресе алатындай дәрежеге жетті. Еліміздің бет бейнесі саналатын Астанамыз да қай тұрғыдан алып қарасаңыз да, даму жолымен жүріп келеді. Астана күні мерекесі биылғы жылы да барынша сән-салтанатымен аталып өтілді. Астананың он жеті жылдық туған күнінің басты ерекшелігі – Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы сынды тарихи маңызды даталармен сәйкес келуінде. Жыл сайынғы дәстүр бойынша Астана қаласындағы «Атамекен» этно-мемориалды кешен алаңында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Мемлекеттік ту көтеру салтанатты шарасы өтті. 4-шілде күні өткен маңызды шарадан соң Астананың он жеті жылдығын мерекелеу ресми түрде басталып та кетті.
«Бас қала төрінде желбіреген Бас байрақ – елдігіміздің ең негізгі нышандарының бірі. Арнайы ту көтеру дәстүрі айрықша мәні бар оқиға, айшықтай түсетін маңызды рәсіміміз болып саналады. Туды тұғырға қондыру салтанаты елорда тарихының тағы бір парағы болады. Осы арқылы біз жылдағы дәстүр бойынша Астана күнін тойлауды бастаймыз. Еліміздің жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі – Астананың мерекесі бүкіл қазақстандықтардың мерекесі екенін білесіздер. Бас қаламыз тұтас ел дамуына серпін берген, кемел келешекке жол ашқан қастерлі бойтұмарымыз. Бүгін шын мәнінде Еуразия жауһарына айналған Астана елімізді биік белестерге жетелеп отыр. Жаһан жұртының назары ауған халықаралық шаралардың елорда төрінде өтуі соның белгісі. Біз тәуелсіздік жылдары жаңа астана салу арқылы халқымыздың жасампаз қуатын дүниежүзіне паш еттік. Ендігі мұратымыз – бірлігі жарасқан Отанымызды «Мәңгілік Ел» ету. Ол үшін әрбір азамат татулық пен тұрақтылықтың қолдаушысы болуы тиіс», – деді Президент.
Көк туымыз көгімізде желбірегеннен соң еліміздің Бас қолбасшысы Қорғаныс, Ішкі істер министрліктері мен Қауіпсіздік комитеті әскери институттарын үздік бітірген он екі сарбазға лейтенант әскери шенін салтанатты түрде табыс етті. Елбасы қолынан әскери шенін алған офицерлер жауапкершілік жүгінің арта түскендігін айтып, алдағы уақытта да Отан қорғау жолында барын салып еңбек ететіндіктеріне сендірді.
Астана күні еліміздің әрбір аймағынан және алыс-жақын шетелдерден қаншама халық Елордаға қарай ағылды. Осы күні Астанаға Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтар арнайы ат басын бұрды. Қазақстандықтарды Астана күнімен, Елбасымызды туған күнімен құттықтаған мәртебелі меймандар мемлекет басшысы Н.Назарбаевпен бірге «Нұрлы Есіл» лазерлі-пиротехникалық шоуды тамашалады. Шара барысында Есіл өзенінде орнатылған сахналық алаңқайда хореографиялық қойылымдар қойылды. Әсіресе, қазақтың халық музыкасы шығармалары мен классикалық композицияларын симфониялық оркестрдің орындауы көпшілікке әдемі көңіл күй сыйлады.
Осынау қуанышты күні әлемнің түкпір-түкпірінен құттықтаулар легі ағылып жатты. Алғашқы кезекте Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа телефон арқылы хабарласып, өзінің жылы лебізін білдірді. Ал, Германия Федералды канцлері Ангела Меркель, Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан, Нидерланд премьер-министрі Марк Рютте және т.б. әлемге танымал тұлғалар Қазақ еліне, Елбасына арналған құттықтауларын жеткізді. Қазақстан мемлекетінің әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуы жолында елеулі табыстар тіледі.
Осы тұста Астанаға ағылған ақ тілектердің арасында АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Кролдың ел тұрғындарын мемлекеттік мереке – Астана күнімен қазақ тілінде құттықтағандығын айрықша атап өтуге болады.
Ізгі тілектердің бәріне өз ризашылығын білдірген Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Қала күні де адамның туған күні сияқты – ол тек мерекелеуге себеп қана емес, есеп беріп, қорытынды жасаудың да бір мүмкіндігі. Мен үшін мерейтой жеке басымның мерекесі болған кезең әлдеқашан артта қалды. Менің бүкіл жұмысым мен бар өмірім елмен етене байланысты. Мен үшін Қазақстанның, оның елордасының және әрбір өңірінің жаңа табысынан артық құттықтау жоқ және болмақ емес» деп елі турасында ерекше сыр ағытты.
Қызыл-жасыл нұр шуағы
Астананың кезекті туған күні, сөз жоқ, айшықты өтті. Мерекелік шаралардың әсерлі өтуіне жас өнерпаздар да айтарлықтай үлес қосты. Мәселен, Астана қаласындағы Оқушылар сарайының орталық алаңында өткен «Айналайын, Астанам – асқақ әнім!» атты шарадағы ырғақты билер мен спорттық сайыстар қатысушылар мен көрермендер көңілін бір серпілтті.
Сондай-ақ, Астана күні аясында үрмелі аспаптар оркестрлерінің «Астана самалы» атты халықаралық фестивалі өтті. Астана қаласының мәдени өміріндегі жарқын шаралардың бірегейі саналатын бұл шара көрермендерді өзгеше бір әсерге бөлеп, сұлу сазбен тербетті. Сонымен қатар, Астана күніне орай «Астана-Арқау» атты түркі әуендерінің фестивалі түркі халықтарының түрлі жанрдағы музыкалық мұрасын көрерменге паш етті.
Астана күніне арналған мәдени шаралар легі мұнымен тоқтаған жоқ. Тіпті, шетелдік өнерпаздар да Астана күні құрметіне орай елімізге арнайы келіп, өнер көрсетті. Әсіресе, Сан-Карло театры қойған романтикалық «Жизель» балеті көрерменді өз өнерімен тамсандырғаны даусыз. Адольф Аданның осы бір күрделі туындысының қойылымына норвегиялық ұлттық балет прима-балеринасы Иоланда Корреа және премьері Йоэль Карреньо қатысты. Неопалитандық театр труппасының орындауындағы тылсым балет қойылымы Астана тұрғындары мен қонақтарына әдемі әсер сыйлады.Астанадағы «Бейбітшілік және келісім» сарайының алдында Джузеппе Вердидің «Аида» операсы ашық аспан астында қойылды. Мұның өзі Астана тарихында бұрын-соңды болмаған таңғажайып дүние десек артық айтқандық емес. Әлемдік деңгейдегі бұл қойылымды Елбасымыздың өзі арнайы келіп тамашалады.
Ел тарихындағы ең бір қуанышты күні еліміздегі және әлемдегі айтулы өнерпаздардың өнерін тамашалау мүмкіндігіне ие болған қазақстандықтар шындығында да бақытты. Осыншама мәдени шаралардың Елордамыздың қақ төрінде ұйымдастырылуының өзі Астананың әлемдік мәдениеттің де ордасы екендігін көрсетсе керек-ті.
Сөз орайында айта кетейік, астаналықтар, әсіресе, шетелдік меймандарын әсем саз, әсерлі ән-биімен тамсандырып қана қойған жоқ. Қашан да қонақ келе қалса, ұлттық тағамын дайындап, алдыға тартатын қазақ жұрты бұл жолы да ежелгі дәстүрінен жаңылмады. Астана күні мерекесіне орай Елордадағы Ғашықтар саябағында салмағы 746 келі болатын әлемдегі ең ауқымды ет әзірленді. Сөйтіп, аталған ас Астана туған күнін тамашалауға жиналған қонақтарға тартылды.
Бұл шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақ география қоғамы «Тайқазан» акциясы аясында ұйымдастырды.
Ең ғажабы – әлем жұртшылығы таңданысын туғызған қазақ мәзірі Гиннестің рекордтар кітабына да енгізіліп үлгерілді!
Астана күнінің құрметіне орай бұдан да бөлек көптеген шаралар өткізілді. Осынау ел аузында жүретін айтулы шара мерекелік отшашумен қорытындыланды. Биылғы отшашудың ерекшелігі сол – Есіл өзенінің жағалауы, «Ханшатыр» алаңы, Пушкин көшесі мен Абылайхан даңғылының қиылысы, Music Hall мейрамханасының жаны және «Арман» дүкені жанындағы «Жас батыр» стадионының аумағы сынды қаланың бес жерінде өткізілгендігі.
Он минутқа созылған фейерверктер шоуы Астана аспанын айрықша жарқыратты. Бұл да, сол сәт, көзімізге еліміздің жарқын болашағын елестетіп өткенін жасырмайық...
Гүлмира САДЫҚОВА
"Қазақ үні" газеті