Австрия қазағы: Жастардың ана тілді үйренуіне мүмкіншілік жоқ

Еуропада тұратын қазақ ұлттық мейрамдарды дәстүрге сай етіп өткізуге тырысатындарын айтады. Этникалық қазақ, Қызырхан Шолпан Азаттыққа Еуропадағы қандастарының тұрмысы жайлы да айтты.

37C4323B-8DB5-4408-ACF1-3133C866CDEF_w640_r1_s_cx0_cy47_cw0

Фото: azattyq.org

Австрия қазақ мәдени орталығының жетекшісі Қызырхан Шолпан 1980 жылдан бері Вена қаласында тұрады. Айтуынша қазақтар Австрияға 1973-1974 жылдардан бастап келе бастаған. Әуелі Түркиядан 25 отбасы келген, кейін Қазақстанның Венадағы елшілігі ашылғаннан кейін [Қазақстаннан] бизнес саласы бойынша, сондай-ақ оқуға келген студент қазақтар көбейіпті. Қазіргі таңда Австриядағы қазақтардың басым бөлігі Вена қаласында тұрады екен.

Қызырхан Австрияда тұратын қазақтардың негізгі кәсібі тері илеп, киім тігу екен атап өтті. Айтуынша аталары бұл кәсіпті Қытайдан Түркияға қоныс аударып келгенде меңгерген. Сол кәсіп өздеріне ол жерде азық болғанын айтады.

“Австрияда тұратын қазақтардың жасы 40-тан асқандары тапқан жұмыстарын істеп келеді. Ал кейінгі буын жоғары білім алып, жақсы қызметтер істеп жүр. Әр үйден кем дегенде бір бала жоғарғы білім алған”, – дейді Қызырхан.

Сонымен қатар ол Австриядағы қазақтардың діни рәсімдер мен ұлттық салт-дәстүрлерді барынша сақтауға тырысатынын да жеткізді.

Австрия қазақтары осы уақытқа дейін дастарханға арақ жолатпайды

“Өз басым бала кезімнен бастап ораза тұтамын. Сенбі, жексенбі күндері үйде құран оқытып, хатым түсіреміз. Венада бұрыннан тұратын қазақтар жаппай ораза ұстайды. Австрияда ислам діні 1912 жылдан бері ресми діндердің бірі болғандықтан балаларымыз алғаш мектепке барғанда ислам діні сабағына қатысады. Жергілікті қазақтар әдет-ғұрыпты сақтауға барынша тырысады. Мәселен, Австрия қазақтары осы уақытқа дейін дастарханға арақ жолатпайды. Әрине, жастардың арасында ішетіндер бар, бірақ олар үлкендерге көрсетпей, тығып ішеді. Айт пен наурызды, шілдехана, бесік той, қыз ұзату мен келін түсіруді шамамыз келгенше дәстүрге сай етіп өткіземіз”, – дейді ол.

Алайда Қызырхан Австриядағы қазақ жастарынын ана тілін үйренуіне мүмкіншілік жоқ екенін айтады.

“Жастардың ана тілін үйренуіне мүмкіншілік жоқ екені айтпаса да түсінікті. Өйткені ана тілін оқытып, үйрететін арнайы курстар мен орталықтар жоқ. Тек Қазақстаннан келген кейбір тіл үйренуге қатысты бейне не аудиожазбалар болмаса, басқадай оқулықтар да тапшы. Бірнеше жас Алматыға барып, Қазақстан үкіметінің бағдарламасы бойынша әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде арнайы білім алып, қазақ тілін үйреніп қайтты”, – дейді Австрия қазағы.

Соған қарамастан Қызырхан Шолпан Қазақстаннан тысқары, Еуропада тұратын қазақтармен тығыз қарым-қатынас жасап тұратынын, 2003 жылдан бері жыл сайын Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өтетінін жеткізді.

Дереккөз: Азаттық