«Ақтау теңіз портында» 6 кәсіпорын іске қосылады

Актау Ағымдағы жылы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында 6 кәсіпорын іске қосылады. Осылайша елімізде мұнай өндірісіне қажетті ерекше құбырлар, полимер өнімдері мен сұйық дәрілер шығарылатын болады.  Сонымен қатар Ақтауда алғаш рет азық-түлік сақтайтын ірі логистикалық орталық қолданысқа беріледі, деп хабарлайды 24.kz. Жаңа жобалардың арқасында 500 маңғыстаулыққа жаңа жұмыс орны ашылады. «Ақтау полимер» зауытында жұмыс қыз-қыз қайнауда. Қазір өңірдегі тозығы жеткен су, газ, кәріз және жылу құбырларының орнына осында өндірілген құбырлар төселіп жатыр. Кәсіпорында жылына 67 мың метр полиэтилен құбыры шығарылады. Өндіріске қажетті шикізат Парсы шығанағы елдерінен «Ақтау теңіз порты» арқылы жеткізіледі. Полимер зауыты биылдан бастап өңірде алғаш рет жылуды барынша сақтап тұратын оқшауланған құбырларды жасап шығара бастады. Мұны жұмысшылар «ақылды құбыр» деп атайды.  «Темір құбырдың сыртын полиэтилен қаптамамен қаптап, ішін көбікпен толтырамыз. Ол полиэтан деп аталады. Мұның ерекшелігі, жылуды тұтынушыға дейін мол көлемде жеткізуінде және шығыны аз. Жаңа технологиямен жасалуда. Ішінде мыстан сым жүргізілген. Бұл арнайы аппаратқа жалғанады да, құбыр жарылып, су кеткен жағдайда сол аралықты 1 метрге дейінгі ауытқу дәлдігімен көрсете алады»,-дейді аға шебер Шаттық Құлыбеков. Қазір арнайы экономикалық аймақта 9 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Мұнда теңіздегі мұнай игеру жұмыстарына арналған металқұрастырмаларынан бастап, тұрғын үй мен жол салуға қажетті түрлі өнім өндіріліп жатыр. 12 жыл бұрын құрылған аймаққа осы күнге дейін 30 млрд теңге инвестиция құйылып, 223 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Осылайша «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы даму көрсеткіші жағынан еліміз бойынша «Астана - жаңа қала» экономикалық аймағынан кейінгі екінші орынға көтерілді. Мұнда еліміздің және шетелдің кәсіпкерлері үшін мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Осының арқасында жаңа инновациялық жобаларды жүзеге асыруға ниеттілер саны артып отыр. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының басқарма басшысы Әмірбек Төлегеновтың айтуынша, бұл аймақ өңір экономикасының ғана емес, әлеуметтік жағдайының жақсаруына да жол ашып отыр. Қазір мұнда мыңнан астам адам еңбек етіп жатыр. Биыл тағы 400 адамға жаңа жұмыс орындары ашылады. Алты инвестор «Арнайы экономикалық аймақ» аумағында жаңа жобаларды жүзеге асыруға кірісіп кетті.

 Іnform.kz.