Ғарифолла ЕСІМ: Бір ел, бір мектеп - ортақ мүддеден туындаған уақыт талабы
2015 ж. 23 маусым
5170
2
– Сіз ғалым және қоғам қайраткері ретінде қазақ тілінің кең қолданыс табуына атсалысып, өзіңіздің орнықты ойларыңызды үнемі білдіріп келесіз. Тың бастама көтеріп, қоғам мүшелеріне «Бір ел, бір мүдде, бір мектеп» деген идеяңызды ұсынып жүрсіз. Алдымен кімге де болса ой салатын осы бір жоспарыңыз жайлы тарқатып айтып берсеңіз.
– Білім саласы – күрделі, жауапкершілігі мол жүйе. Өзгеріс енгізу жеңіл шаруа емес. Бірақ, уақыт талабы деген бар. Сол талап – «Бір ел, бір мектеп» деген идея.
Қазіргі заманда бірлік деген идея қоғам өмірінде орныға бастады. Бұл уақыт талабы және тәуелсіз мемлекеттің шын мәніндегі қалыптасқандығының айғағы. Бір мысал келтірейін, Астанадағы академиялық кітапхана қасындағы ұйымдасқан «Бір ел, бір кітап» деген қоғамдық бірлестік нәтижелі қызмет атқарып келеді. Қазақ елінің барлық кітапханашылары бір жазушыны таңдап алып оны жұртшылық болып оқып талдаумен айналысады. Өткен жылы мұндай таңдау жазушы Сайын Мұратбековтің шығармаларына түсті. Биыл қазақ ордасының 550 жылдығына орай Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын оқу ұйымдастырылып отыр. Еліміздің тарихын, әдебиетін, мәдениетін танып-білу жолында уақыт талабына сай бағалы шара дер едім.
Халқымыздағы «бірлік» деген тамаша ұғымды білім жүйесіне қатысты айтсақ «Бір ел, бір мектеп» деген идеяның шындыққа айналуына жағдайлар толық бар. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген 5 институционалдық реформаның төртіншісі «бір тектілік және бірлік» – деп аталады. Біртектілік – қазіргі заман талабы. Біртектілік болған жерде бірлік болады. Қазіргі басылым беттерінде «Бір ел, бір мүдде, бір тағдыр» деген ұғымдар жиі айтылуда. Олай болса қазақ елінің оқу жүйесі де бір стандартқа лайықталса деген ұсынысым бар. Бұл мен ашып отырған жаңалық емес. Ол дамыған елдердің тәжірибесінде бар жүйе. Егер біз алдыңғы қатарлы отыз елдің құрамына енуді мақсат етсек, білім беру жүйесінде алдыңғы тәжірибелерге сүйенуіміз керек. Өкінішке орай, қазіргі қоғамда «қазақтілділер және орыстілділер» деген түсініктер орын алған. Соған сай «қазақтілді басылымдар, орыстілді басылымдар» деген ұғымдар қалыптасқан. Қоғамның осылай екіге бөлінуі, бүгінгі күні түсінбеушіліктер туғызып отыр. Мұның себебі мектепте. Кеңес заманында қалыптасқан білім саласындағы қазақ мектебі, орыс мектебі, өзбек мектебі, ұйғыр мектебі т.б. мектептер бір елдің, бір оқу стандартына лайықталған дәстүріне өтуге мүмкіндіктер толығымен бар.
Әрине, бұл мәселеде түбегейлі, нақты шешімдерді мамандар зерттеп, анықтап өз сөздерін айтулары керек. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, «100 нақты қадамдағы» мақсаттарды жақсылап қолға алсақ қазақ елінің азаматтарының, әсіресе, жеткіншектердің келешегін ойласақ, қоғамдағы біртектілікті нақтылы жүзеге асыру үшін еліміздегі этнос өкілдерінің жас жеткіншектері балабақшадан 5-сыныпқа дейін тегіс мемлекеттік тілде ғана білім алып тәрбиеленуі керек. Елбасы айтқан: үш тілді 5-сыныптан әрі қарай іске асырған дұрыс болар еді. Әрине, бұл істі де мамандар зерттеп, анықтап нақты шешімдер, бағдарламалар жасаулары қажет.
Кеңестік білім беру жүйесінен арылатын мезгіл жетті. Біртектілік пен бірлік мақсаттарын жүзеге асыру үшін балаларымыз түрлі мектептерге тарамай, бір оқу бағдарламасы негізінде білім алып тәрбиеленсе, келешекте «орыстілділер», «қазақтілділер» деген диадемадан құтыламыз.
Бала тәрбиесінде негізгі үш саты барлығы бәрімізге аян, олар – отбасы, балабақша, мектеп. Білім мен тәрбие беру дәп сол үйде, балабақша мен мектептен басталады ғой. Осы үш басты негізге баса назар аударуымыз керек. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп тегін айтылмаған. Адамның азамат болып қалыптасуы алдымен осы үш кезеңге байланысты. Екіншіден, біз шынын айтсақ, өз жастарымызға қиянат жасап жатырмыз. Неге? Бірегейлікке баса көңіл бөлмегендіктен тіл мәселесіне келгенде олар түрлі қиындықтарға тап болып жүр. Мысалы, оқу орындарында оқығанда, ҰБТ немесе басқа да емтихандар тапсырғанда олар тіл жағынан кедергіге тап болады. Одан кейін мектепті, жоғары оқу орнын бітіріп қызмет еткенде тағы да сол тіл мәселесі алдынан шығады. Қарапайым ғана құжаттарды мемлекеттік тілде толтыра алмай қор болатындары да сондықтан. Олар да ортақ мемлекет құрысып, еліне қызмет еткісі келеді. Олар да елімізді тең құқықты азматтары. Олай болса бәрімізге ортақ оқу жүйесі болмайды? Дәп сол бірегей оқу жүйесінен білім алмағандық жастардың қоғамдық, саяси белсенділігіне кері әсерін тигізіп келеді. Мемлекеттік тіл мен мемлекеттік құндылықтарды игермеуі өздеріне сор болып жабысады. Қарапайым ғана мысал, белсенді жас маман, болашағынан үміт күттірген азаматымыз, айталық, өзінің заңдық құқығын пайдаланып сайланбалы орынға үміткер болды делік. Бұл жерде де ол тіл мәселесінен сүрінері анық. Ондай мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Сондықтан бірегей оқу жүйесін енгізу қай жағынан алып қарасақ та тиімді.
– Енді осы өзіңіз айтқан жағдайларды реттеудің қандай жолдарын ұсынасыз, осы жоспарды қалай іске асыруға болады?
– Алдында айтқанымдай бұл бір бүгін басталып, енді өріс ала бастаған мәселе емес. Тілге қатысты өзіміздің заңымыз, тілді зерттейтін ғылыми мекемелер, түрлі комиссиялар, тіл қоғамдары бар дегендей, біз құралақан емеспіз. Бұлар белгілі бір деңгейде жұмыс жүргізуде. Дегенмен бізге түбегейлі, нәтиже беретін шешім, нақты ісшара қажет. Оны басқа емес, мектептің өзінен бастағанымыз жөн. Бір ел бола тұра, ортақ мүддеміз бен ортақ мақсатымыз бола тұра қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр мектептері деп қалайша бөлеміз? Білім беру жүйесі бір стандартқа көшіп, барлық мектептерде бірінші мен бесінші сынып аралығында сабақ атаулының бәрі тек қана қазақ тілінде оқытылуы керек. Сол сияқты балабақшалар да қазақ тілінде тәрбие беруге тиісті. Қандай ұлт болмасын бір сыныпта бес жыл бойы қазақша оқып, одан әрі әркімнің өзінің қалауынша көп тілді оқуды жалғастыра берсін. Оған да шетеу қоймаймыз. Әлемдік қолданыстағы ағылшын тілі керек пе, оқысын. Ағылшын тіліне біз тосқауыл қойғаннан ештеңе өзгермейді. Ағынды судың алдын бөгесең басқа жерден бұзып шығатыны секілді. Біз тек соны белгілі бір арнаға бұрып отыруымыз қажет. Бес жылда бала мемлекеттік қазақ тілін меңгеріп, құндылықтарымызды бойына сіңіреді. Ортақ құндылықтармен тәрбиеленген кезде біздегі дау-дамайға айналған тіл мәселесі де өзінен-өзі шешіледі. Біз, барлық ұлттар өкілі, қазақстандықтар бір мақсатқа бірігіп жұмыс істеп отырып, мектепке келгенде неге ала қойды бөле қырқуға тиіспіз. Біле білсек бұл барлық ұлт өкілдеріне жасалатын бірдей, ортақ мүмкіндік. Ал, қазір біз оларды сол мүмкіндіктерден шектеп отырмыз.
Енді бұл жоспарды қалай іске асыру керек деген сұраққа келейік. Осы саланы басқарып отырған министрдің өзі бас болып, тыңғылықты жоспар құрып, алдымен Астанада, Алматыда, тағы да бірнеше қалада сынама тәжірибе негізінде, пилоттық бағдарлама ретінде енгізсін. Алдымен жан-жақты зерттеулер жүргізіліп, бұл іске тәжірибелі мамандар тартылып, осы саламен айналысатын белгілі ғалымдар өз пікір-ұсыныстарын білдіргені ләзім. Сонда ғана бұл жоспар жолын тауып, оның өміршеңдігіне көз жеткіземіз. Бұл жерде тағы бір мәселе туындауы мүмкін. Айталық, орыс, корей немесе басқа ұлттар біздің тіліміз қайда қалады деген сұрақты алға тартады делік. Оны да ойластырып, 5-сыныптан кейін басқа да қалаған тілдерді оқыту жүйесін қалыптастыруға болады. Ол бәлендей қиындықтар туғызады деп ойламаймын.
– Осы ойыңызды білім саласына жауап беретін министрлерге айтып көрдіңіз бе?
– Әрине, қазіргі министр Сәрінжіповке, бұрынғы басшы Жұмағұловқа, оның алдындағыларға да құлаққағыс еткенмін. Олар да «Дұрыс идея екен, алдағы уақытта көреміз» дегеннен аса алмады. Бәлкім ол кезде бұл идеяның уақыты келмеген болар. Оған дауым жоқ. Ал, бүгінгідей Елбасымыздың өзі бірегейлік мәселесін алдыңғы қатарға шығарып отырғанда оның уақыты жеткен секілді.
– Бұл ұсынысқа қатысты қарсы пікірлер де болуы мүмкін ғой, пайдалы жақтарын атай өтсеңіз...
– Әрине, қарсы шығатындар қашанда табылады. Қанша адам болса сонша ой, соншама пікір болары сөзсіз. Бірақ, біз барлық іс-қимылымызды алдымен сол жастардың болашағын, көпшіліктің қамын қарастырып, мемлекет мүддесіне қарай орайластыруымыз қажет. Пайдалы жағы онсыз да көзге ұрып тұр. Мәңгілік ел боламыз деген соң, мемлекетімізді нығайтып, қуатты етуіміз шарт. Оны құратын біздің болашағымыз – жастар. Білімді, саналы, өз елінің өткені мен болашағын анық білетін жастар ғана осы маңызды істі жүзеге асыра алады. Өз елінің тарихын, мәдениетін, тілін жақсы білетін адамның еңсесі қашан да биік тұрады. Бұған қарсы шығатындарды өз ұрпағының болашағын ойламайтындардың қатарына жатқызу керек.
Біз бір басты нәрсені түсінуіміз керек. Алдында айтқан заман талабынан туындаған бір тектілікке орыс, ағылшын немесе неміс сияқты басқа тілдер арқылы жете алмаймыз. Тек қана қазақ тілі арқылы ғана қол жеткіземіз.
– Реті келіп қалған екен, біз өркениетке, жан-жақты дамуға Батыс немесе өзге шетелдер арқылы ғана жетеміз деген пікірлер жиі айтылады. Шетелге еліктеу жағынан тым шектен шығып кеткен жоқпыз ба?
– Еліктеудің өз орны, өз жөні бар. Шетелден қажет деген үздік үлгі, жақсы жетістіктерден сабақ алуымыз керек. Біз бәрібір ағылшын, француз немесе неміс болмаймыз. Мәңгілік ел болғанда адамдарымыз байлы-бақуатты тұру керек. Ол үшін адамдарымыз іскер болуы шарт, соны үйренгеніміз жөн. Мысалы Германияны алайық. Сұрапыл соғыста жеңіліп, тып-типыл болған халық қалай тез өсіп, тез жетіліп кетті. Қазір одан өзге алдыңғы қатардағы елдер сабақ алуда. Оның бәрі білім мен іскерліктің арқасында. Олардың жаңа технологияларын үйреніп, өзіміз қолданысқа енгізгеннен ұтпасақ ұтылмаймыз. Өкінішке орай, біз әлі де ол жағынан мақтана алмаймыз. Біздің бір де бір тауарымыз әлемдік деңгейдегі брендке жеткен жоқ. Біз сол шеттен болса да үйрену арқылы сол биіктерге жетуге мәжбүрміз. Бірақ, бұл дегенім өзіміздің ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді ұмыту, біржола жиып қою деген сөз емес. Қарап отырсақ өмірде сабақтастық бар. Ата-баба, әке-бала болып жалғасып кете береді. Бұл жерде демография мәселесі де бой көтереді, ол өз алдына жеке әңгіме болатын тақырып. Айтайын дегенім осы жалғастықтың өн бойында өз құндылықтарымыздың жібі үзілмегені дұрыс. Біздің мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз өте бай, ешкімде, дүниежүзінің ешбір ұлтында кездеспейтін небір інжу-маржандар бар. Міне, осының бәрін қазіргі заман талабына сай жаңғыртып, құндылықтарымызды көрсетсек сол біздің өркендегеніміз, дамығанымыз болып табылады. Тіпті көбіміз көңіл бөле бермейтін уақытты бағалай білудің өзі мәдениеттілік. Уақытты бағаламағандар ұтылады. Уақытты құндылық деп бағаламау бар дүниені құнсыздандырумен бірдей. Қазіргідей зымыраған заманда, жедел дамыған қоғамда уақытты бағалай білмесек біз де көп нәрседен ұтыламыз. Бұл біз әңгіме етіп отырған оқу жүйесіне де тікелей қатысы бар, Уақытты бағалай отырып, оның талаптарын білім саласына енгізсек дұрыс болар еді.
– Бұл идеяңызды көпшілік қолдайтынына күмән жоқ, енді көп кешікпей қолданысқа кіреді деп сенеміз. Мағыналы әңгімеңіз үшін рақмет.
Сұхбаттасқан Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті