Елорда мерейтойында Есіл жағасында бұрын-соңды болмаған отшашу болады
2015 ж. 18 маусым
2488
6
Астананың Мәдениет басқармасы бас қаланың туған күніне жұмсалатын қаржы көлемін айтудан бас тартты, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Былтыр дүбірлі думанға бюджеттен 700 миллион теңге бөлінген болатын. Бұл жолы да тойдың кең көлемде аталып өтілетінін ескерсек, шығын аз болмайтын сияқты.
Жиған тергенін 6-шы шілде Астананың туған күніне шашатын әкімдік әзірлікке қызу кірісіп кеткен. Басты көшелер күн сайын түрленіп жатыр. 4-ші шілдеде басталатын думанда 70-тен астам түрлі мәдени шаралар өткізілмек.
Шенеуніктер ауқымды шоу бағдарламалардың өте қызықты өтеріне сендіріп отыр. Ең басты жаңалық –атақты Голливуд актері Стивен Сигал қонақжай Арқа төсіне ат басын бұрмақшы. Ал аттай қалап алдырған әншілердің арасында ресейліктер көп.
Араларындағы белгілісі «Сплин» мен «Uma2rmaH» рок топтары ғана. Қызық қуғандардың көңілін әлемге танымал италиялық DJ Алекс Гаудино да көтермек.
Есілдің жағалауында бұрын-соңды болмаған отшашумен аяқталатын Елорданың 17 жылдық мерейтойы 6-шілдеге дейін созылады. Мемлекеттік мереке болғандықтан елімізде бұл күн демалыс ретінде жарияланғанын айта кетейік.
«Биыл Астана күніне тек қана бүкіл Қазақстанның өңірлері емес, жалпы Моңғолиядан, Қытайдан және басқа шетелдерден қонақтар келеді», — дейді Астана қалалық мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.
Источник: КТК